АУДАН БАСШЫСЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

0
64

Мемлекет басшысы тапсырғандай елімізде құрылыс саласын, инфрақұрылымдарды жүргізу бойынша Түркістан облысында қарқынды жұмыстар жүзеге асырылуда. Облыстың барлық өңірлерінде мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға сәйкес, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға да жоспарлы түрде құрылыс, инфрақұрылымдар тарту жұмыстары орындалуда.

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Қажымұқан ауыл округіндегі бірқатар құрылыс нысандарын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты. Жауапты сала басшыларына жобаға мұқият болуды міндеттеді.

Аудан басшысы алдымен Көктөбе ауылына барып, онда жүргізіліп жатқан табиғи газ тартуға байланысты жұмыстарды бақылады. Қазіргі таңда, аталған елді мекеннің 13 шақырымына d 63 мм газ құбыры тартылған. Құрылыс жұмыстары аяқталғанда 1 932 тұрғын (295 үй) көгілдір отынмен толығымен қамтылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, аудан басшысы Темірлан ауылында жүргізіліп жатқан кәріз жүйесіне жауапты мердігерлермен кездесіп, арнайы белгіленген кәріз тазарту құрылғысын орнату алаңында болды. Сала мамандарына жан-жақты зерделеуді қажет ететінін айтып, жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды.

Бұдан бөлек Темірлан ауылындағы орталық Қажымұқан көшесінде аяқ жол құрылыс жұмыстарымен танысып, жауапты мердігерлерге жұмысты ширату бойынша тапсырма берді.

Сол сияқты аудан әкімі Азат Оралбаев жеке мәселелері бойынша жазылған азаматтарды қабылдады. Қабылдауға жазылған тұрғындар аудан орталығындағы Самал мөлтек ауданындағы газ, Қарақұм ауылындағы егістік жерлерге су жеткізу, «Құрметті азамат» атағын беру туралы өтініштерін білдірді. Қабылдауға келгендердің басым бөлігі инфрақұрылым, тұрғын үй және жеке мәселелерімен жүгінді.

Инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы сұрақтар назарға алынып, өтініш иелерінің талап-тілектер бойынша тиісті бөлім басшыларына мәселені шешу үшін тапсырылды.

Сондай-ақ, аудан әкімі талап-тілектерді заң шеңберінде қарастырып, халықтың тұрмысын түзеуде бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.