ТҰРМЫСТЫҚ ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚТАРДЫ КӘСІП КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРДЫ

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауды жалғастыра отырып, оны жетілдірк түсіді тапсырып «Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек.
Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар» деді.
Түркістан облысында мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді жеткілікті дәрежеде насихаттаудың арқасында облыс тұрғындары арасында жеке кәсіптерін ашып, мемлекеттік жәрдемақыдан бас тартып жатқандар да бар. Олар мемлекетке масыл болғанша шағын кәсіпкерлікті қолдайтын бағдарламалардың қолдауларына ие болып нартәуекелмен өз кәсіптерін ашып дөңгелентіп әкетуді мұрат тұтуда.
Оның ішінде Кентау қаласында мемлекеттен берілген қолдауды тиімді пайдаланып, өз кәсібін ашқан шағын кәсіпкерлердің қарасы көбейіп келеді. Тіпті олардың арасында қала үшін тиімді жобаларда бар. Ол – пластмасса бөтелкелерді пресстеу. Қала тұрғыны, іскер ана Гүлназ Жайықбаева қоқыстың өзін кәсіп көзіне айналдырған. Бұл бір жағынан қаланың тазалығына қосылған үлес болса, екінші жағынан өзінің отбасының табыс көзі болып табылады.
Ол тұрмыстық қатты заттарды сұрыптап арнайы зауытқа өткізеді. Болашақта оларды ұнтақтап өңдеуді жоспарлап отыр. Бұндай іспен айналысуға мемлекеттен берілетін грант негіз болған.
Гүлназ Жайықбаева отбасымен бірге бұған дейін құр пластмасса ыдыстар – «баклашка» қабылдап жүрген. Кейін бөтелке, макулатура, пластмасса жәшіктері мен салафандарды да қабылдай бастаған.
«Үнемі көшеде кез-келген тұрғын баклашкасын тастап кетеді. Кейін ойыма кәсіп ашу ой келді. Осыдан не істеуге болады, әрі сүйікті қаламның тазалығын сақтап, экологияға үлес қосқым келді. Жолдасыммен ақылдаса отырып тәуекел етіп бастап кеттік. Тұрғындар қазір үйреніп келеді. Жинап бізге өткізуде», дейді іскер ана.
Тау болып үйілген заттарды әзірге шикізат күйінде өндіріс орындарына өткізеді. Мемлекеттен алған қаржыға қалдықтарды жинайтын құрылғы сатып алған. Алдағы уақытта қалдықтарды ұнтақтайтын техника алуды жоспарлауда. Ол кезде жұмыс әлдеқайда тиімді болмақ. Кейін пластмассалардан түрлі зат шығару ойларында бар.
Ал, Шардара ауданының Алатау батыр ауылдық округінде екі қабатты “Тамара” құрылыс дүкені ашылып, пайдалануға берілді.
Ауылдық округтегі жеке кәсіпкер Ештаев Абзал Ибадуллаұлы құрылыс дүкенін кеңейтіп заманауи жабдықтармен құрылысқа қажетті барлық материалдармен қамтамасыз етілген дүкенін салтанатты түрде ашты. Оған ауыл округінің әкімі М.Акжаров, жергілікті қоғамдастық төрағасы Ж.Сейділдаев ауыл ақсақалдары мен ел ағалары қатысты.
Кәсіпкер 5 адамды жұмыспен қамтып, дүкенге ауданның бірнеше ауыл округтерінен тұтынушылар құрылысқа қажетті заттарын алып жатқанын айтты.
Жалпы Алатау батыр ауылдық округінде 40-қа жуық шағын және орта кәсіптік нысан бар.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы Шардара ауданына қарасты Достық ауылдық округінде 1900 гектарға бақша дақылы егілген. Онда қауынның жиенбай сорты 100 гектарға, валет сорты 1300 гектарға, жұлдыз сорты 400 гектар жерге және қарбыз 100 гектар аумаққа егілген.
Бүгінгі таңда Достық ауылында жиын-терім науқаны қарқынды жүргізіліп, Ресей және ішкі нарыққа 50 пайызы, яғни, 300 тоннадан астам өнім жіберілді. Жалпы 600 тоннаға жуық өнім жинау көзделіп отыр.