ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕР МӘСЕЛЕСІ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

0
62

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын биылғы Жолдауында «Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі.

Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Бұл мәселе қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет.

Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша  мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн.

Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс» деп ауыл шаруашылығын дамытуда жерді тиімді пайдаланудың маңыздылығын тағы ерекше атап көрсетті. Әрі бұл мәселеге әкімдердің ерекше назар аударуы қажеттігін байқатты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жерге қатысты мәселеге ерекше тоқталды. Сондықтан да Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру, алда атқырылуы тиіс жұмыс барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемін ұлғайту мүмкіндігі сараланды. Бос жатқан жерді мемлекетке қайтарып, ауыл тұрғындарын ортақ жайылыммен қамтамасыз ету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында атқарылған жұмыстар баяндалды.

Түркістан облысында жайылымдарды халыққа қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 2023 жылы жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрады. Осы бағытта ортақ жайылымның көлемін ұлғайтып, елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру, аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын арттыру жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде елді мекендер 1,3 млн гектар ортақ (қоғамдық) жайылыммен қамтамасыз етілді.

2024 жылға облыстағы жайылым тапшылығы төмендеп, 608,0 мың гектарды құрады. Түркістан облысында жайылым жердің жалпы аумағы (7 санат бойынша) 8 млн. 850 мың гектардан асады. Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығында. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мәселенің шешілуі қатаң бақылауда екенін айтты. Төрт түлігімен күн көрген ауылдағы ағайынға жетпеген жайылым проблемасына қатысты жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.

Жалпы, облыста мал шаруашылығы көрсеткіштері оң динамиканы көрсеткенімен, жайылым жерлердің тапшылығы бар. Тапшылықты жою үшін ортақ жайылым көлемін биыл 304,0 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту аясында жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені төмендету мақсатында басымдық мал бордақылау алаңдары мен сүт-тауарлы фермаларын ашуға беріледі. Бұл бағыттарда биыл бірқатар ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, мал бордақылау алаңдарының саны артып, жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Бұл бағыттағы мәселелер — тұрақты бақылауда.

Айта өтсек, еліміздегі жалпы мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Облыстағы жалпы жер қоры — 11,6 миллион гектар. Ауыл шаруашылығы жерлері — 4,5 миллион гектар, орман қорының жерлері — 3 миллион гектар, елді мекендер аумағы — 807,0 мың гектар.