БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ АУДАНДАРДА НАСИХАТТАЛУДА

Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен талап, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын қазақстандықтарға Жолдауында өзінің олимпиада жүлдегерлерін қабылдап, сөйлескенін, бұқаралық спорт пен әуесқой спорттағы проблемаларды шешуді қолға алуды қажеттігін айтты. Түркістан облысында бұқаралық спорт, оның ішінде балалар спортын дамыту, насихаттау бойынша көптеген жұмыстар жасалынуда. Қала, аудандарды балаларға арналып көптеген спорт түрлерінен дәстүрлі түрде жарыстар өткізу тұрақты іске асырылып келеді.
Келес ауданында бокстан республикалық жарыс басталды. Келес ауданы әкімінінің жүлдесі үшін бокстан 2009-2010, 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі турнир бастау алды. Турнирге еліміздің бірнеше облыстарынан үздік деген 12 құрама қатысып жатыр. Турнирдің ашылу салтанатына арнайы келген Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Өздеріңізге мәлім бокс спорт түрі жылдан жылға қарқынды дамып келе жатыр. Боксшыларымыз әлемдік ареналарда жақсы нәтиже көрсетуде. Келес ауданының тумасы Санжар Тәшкенбай әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғап, жоғары жетістіктерге жете білді. Өңірде жыл өткен сайын спорт саласына көптеп көңіл бөлінуде. Бүгінгі жарысқа қатысушыларға сәттілік тілей отырып, жарысты ашық деп жариялаймын, — деді аудан басшысы Жәнібек Есенұлы.
Жалпы Келес ауданы спорт бағыты бойынша алдыңғы қатарлы аймақтарға жатады. Мұны мамандар тиісті инфрақұрылымдардың қалыптасып келе жатқанымен байланыстырады. Биыл аудан орталығынан тағы қосымша 200 орындық заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы аяқталады. Бұл жағдай ауданда кіл мықтылардың көбеюіне ықпал етпек.
Сауран ауданына қарасты ауылдық округтері жастарының арасында «Әуесқойлар футбол лигасының» көктем-жаз маусымының жабылу салтанаты өтті. Аталған шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат депутаты Ержан Мұстапаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» кеңесінің төрағасы Тілес Ақай тағы да басқа қонақтар мен спортшылар қатысты.
Жарысқа 12 ауылдық округтен жасақталған 16 командадан 300-ден аса спортшы қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады. Үш айға созылған доп додасы өз мәресіне жетті.
Айтулы жарыстың қорытындысымен марапаттау рәсіміне аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, кіші футбол көркін қыздырған барлық командаларға өз алғысын білдірді. Сонымен қатар, жеңімпаз және жүлдегер командаларды марапаттады.
“Ауданға қарасты барлық ауылдық округтерден командалар қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Аудандық деңгейде өткізіліп жатқан мұндай спорттық шаралардың жастар арасында бұқаралық спортты дамытуда берері көп. Еліміздің көк байрағын көкте желбіретіп, Қазақстанның абыройын асқақтатуда Сауран ауданының спортшыларының де елеулі үлесі бар. Сондықтан жарыста жеңімпаз болған Шорнақ футбол командасы республикалық чемпионатқа жолдама алып отыр. Жерлестерімізге республикалық чемпионтта да жеңіс тұғыранан көруіне тілектестік білдіремін», — деді Мақсат Асылбекұлы.
Спорттық шараға арнайы келген қонақтар Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат депутаты Ержан Мұстапаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» кеңесінің төрағасы Тілес Ақай сөз сөйлеп, жеңімпаз бен жүлделі орыннан көрінген командаларды құттықтап, аталған спорттық шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған аудан әкімі Мақсат Таңғатаровқа өз алғыстарын білдірді.
Сонымен үш айға созылған доп додасында жүлделі 3-ші орынды Жүйнек командасы иеленсе, 2-ші орынды Қосмезгіл командасы еншіледі. Ал, Шорнақ командасы жеңімпаз болып танылып, 1 миллион теңге қаржылай сыйақымен марапатталып, әуесқойлар арасындағы республикалық чемпионатқа жолдама алды.