САРЫАҒАШ АЙНАЛМА ЖОЛЫН САЛУ АЛДАҒЫ ЖЫЛЫ БАСТАЛАДЫ

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да инфрақұрылым мәселесінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның ішінде автокөлік жолдарының халықтың қатынауына ғана емес еліміз аумағында кәсіпкерлікті дамытуда, туризмді өркендетуде де маңызды екенін атап өтіп, автокөлік жолдарына байланысты мәселелерді жауапкершілікпен шешуді тапсырды.
Түркістан облысында инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік нысандар салу, жол салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен аудан, қалалардың даму жоспары жүйеленіп, тұрғындардың өтініштеріне сай істер атқарылуда. Соның бірі – Сарыағаштағы айналма жол мәселесі.
ҚР Көлік министрлігінің тапсырысымен 2025 жылдан бастап «Сарыағаш қаласы айналма жолын салу» нысанын іске асыру жоспарланып отыр. Жолдың жалпы ұзындығы 102 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда, министрлік тарапынан жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне түзету енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жол құрылысы Қабланбек елді мекенінен басталып Қызыләскер елді мекеніндегі «Б.Қонысбаев» кеден бекетіне дейін жалғасады. Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәлімдеуінше, нысаның құрылысы кезінде 9 дана жолайрық, 26 көпір, 5 жер асты өткелі, 11 теміржол өткелі, 4 демалыс алаңы, 1 жол пайдалану телімі және 10 ақылы жол аркасы орнатылады. Бұл жұмыстар халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардың экономикалық әлеуетін көтеріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға үлес қоспақ.
Ал, Шардара ауданының аумағында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан филиалы теңгеріміндегі 2р-1 каналының дамбасы ретке келтірілуде.
Шардара өндірістік бөлімшесінде сенімгерлік басқаруға алынған 2р-1 каналының дамбасын су шаю салдарынан Көксу ауыл округінің II-бөлімшесіне баратын қатынас жолдың дамбасына зақым келген болатын.
«Қазсушар» РМК Түркістан филиалы директоры Қазыбек Бедебаевтың арнайы тапсырмасы негізінде тиісті техникалар жолданып, 2100 м3 топырақ тасымалданып, жолдың бұзылған дамбасы жөнделуде.
Аталған канал бойында жалпы шаруалардың 700 гектар егістік алқаптары орналасқан.