КҮЗГІ НАУҚАНДА БЕСЖҮЗ МЫҢНАН АСТАМ КӨШЕТ ЕГІЛМЕК

0
59

Әртүрлі табиғи белдеулерде орналасқан Қазақстанның территориясында экологиялық жағдай да әртүрлі. Дүниежүзі бойынша нашарлап келе жатқан экологиялық ахуалдың әсері біздің елімізге де тиюде. Одан қорғанудың яғни экологиялық дақсы жағдайды сақтап, жақсартудың жолдарының бірі жаппай жасыл желек егіп, жасанды тоғай, ормандар алқабын көбейту болып табылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орман қорында 2 миллиард және елдімекендерде 15 миллион ағаш егу туралы тапсырманы 2020 жылғы Жолдауында берген болатын. Осыған орай Түркістан облысының орман қоры аумақтарына 2021-2025 жылдары 110 мың гектарға 170 миллион көшеттерін егу бойынша Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің кешенді жоспары, елді мекендерге 1,5 миллион көшет егу бойынша аймақтық жоспар келісіліп, бекітілген. Кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2023 жылдары 51,6 мың гектар жерге, 78 миллион түп көшет егіліп, жоспар орындалды. Қазір жұмыстар жүруде.

Биыл көктемде Түркістан облысында 500 мыңға жуық көшет егілді. Ал күзгі науқанға 515 935 дана көшет егу жоспарлануда. Жалпы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыстың елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 800-ден астам елді мекенді көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланып, оны орындау бойынша жұмыстар атқарылуда.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының айтуынша, кей ағаштар көрші мемлекеттерден әкелініп отырғызылған. «Сырттан әкелген ағаштардың бейімделіп өсіп кетуі қиынға соғады. Бірден жерсініп кетпейді, ол үшін арнайы күтім керек», дейді мамандар. Орман алқабына отырғызылатын ағаш түрлері алдымен сол жерге бейімдеу процесінен өтеді. Осы мақсатта өңірде заманауи тұқымбақтар ашылған. Бүгінде облыста 350 гектарды құрайтын 10 уақытша тұқымбақта 35 миллионнан астам ағаш көшеттері өсірілуде. Алдағы уақытта көшеттер санын 50-60 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.