БАТАГӨЙ ҚАРИЯ ЖЕТІСУДАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Қай бір халық болсын қарттарын асыл қазынасындай қадірлейді. Өйткені, өмірден көпті көрген, жадына көп нәрсе түйген қариялар кейінгі ұрпақ үшін өнеге, ұлттық құндылықтардың насихаттаушылары, өмірлік тәжірибесімен кейінгі ұрпаққа дұрыс жолды сілтеушілер болып табылады. Жас ұрпақты тәрбиелеуде, рухын көтеріп, отаншылдық қасиеттерін қалыптастыруда қарттарды пайдалана білсек, тәрбиелі де ұлтшыл, отаншыл ұрпақты өсіруге мол мүмкіндік ашылады. Сондықтан қарияларымыздың жақсы қасиеттері мен істерін, өнегесі мен үлгісін үнемі насихаттап отыру ләзім.
Түркістан облысының тұрғыны, 72 жастағы қадірменді қария Жолдасбек Тұрманбетов Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің «Батагөй» республикалық байқауында жүлделі үшінші орынды иеленді.
Аталған шара Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен «Алматы облысының ішкі саясат басқармасы» ММ «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды.
Байқаудың мақсаты – этномәдени дәстүрлерімізді жаңғырту, насихаттау арқылы ұлттық болмысымызды бекемдеу. Сонымен қатар қоғамда ақсақалдар институтының рөлін күшейту, жас ұрпаққа халқымыздың баға жетпес бай салт-дәстүрін сіңіру, батаның қадір-қасиетін түсіндіру.
Байқау 3 кезең бойынша өткізілді. 1-ші кезеңде байқауға қатысушы ақсақалдар немерелерімен өздерін таныстыра отырып, кезектесе өздері шығарған бата беру өнерін көрсетті. Алдымен ақсақал батаны бастап, немересі сол батаны жалғастырды. 2-ші кезеңде ақсақалдар экранға шыққан ұлттық салт-дәстүр түрлеріне орай қол жайып, бата қайырады. Ал 3-ші кезеңде қатысушылар байқауды аяқтайтын қорытынды баталарын ұсынды. Бұл бата жарысты қорытындылап, қатысушылар мен көрермендерге арналды. Батаның мазмұны, оның қорытынды мәні және әсерлілігі бағаланды.
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетсек, республикалық байқауда абырой биігінен көрінген жерлесіміз Жолдасбек Мүбаракұлы ақсақал Арыс, Кентау қалаларында неміс тілі пәнінің мұғалімі, әскери жетекші қызметтерін абыроймен атқарған. 1982 жылдың қыркүйек айынан 2014 жылдың қараша айына дейін Арыс қаласы Ақдала ауылындағы С.Ерубаев атындағы орта мектебінде неміс тілі пәні мұғалімі, әскери жетекші, директордың тәрбие ісін атқарып, 2014 жылы зейнеткерлікке шығады. 2014-2017 жылдары Арыс қалалық ардагерлер кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарған.
2017 жылы батагөй қариялардың облыстық байқауына қатысып бас жүлдені жеңіп алса, 2019 жылы Талдықорған қаласында өткен батагөй қариялардың республикалық байқауында жүлделі үшінші орынды иеленіп, облыстың намысын қорғады.
Батагөй қария ардагерлер кеңесі жанынан «Ардагер» атты ансамбль құрып, сол ансамбльге жетекшілік етеді.
Түлкібас ауданында «Қарттарым – асыл қазынам» атты іс-шара ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шара аудандық «Белсенді ұзақ өмір сүру және тең қоғам» бөлімшесінің ұйытқы болуымен 1 қазан-Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік шара ретінде ұйымдастырылды.
Іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Сәтбай бастаған қарияларымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз қатысып, ашық аспан астында концерттік бағдарламаны тамашалап, арнайы жайылған дастарханнан дәм тәтті.
Іс — шарада белсенді аталарымыз Н.Мұсабаев пен К.Шонанов ақ баталарын беріп, ауданымыздағы ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбеков, аудандық маслихат кеңесшісі Т.Бердиев, «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Р.Қалдарбеков, орталық директоры А.Лес жүрекжарды құттықтау сөздерін айтып, мерекеге орай өз тілектерін білдірді.
Қазыналы қарттарымыз ұйымдастырылған шараға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Айта кетерлік, қазіргі таңда аудандық «Белсенді ұзақ өмір сүру және тең қоғам» орталығында 16 қызметкер жылына мың екі жүзден астам, тәулігіне 20-30 дейін ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі қарияларымызға қызмет етуде.