Гендерлік саясаттың маңызы

0
56

Қазақ халқының ұлттық құндылығы бойынша ер мен әйел тең есептелген, тіпті қыз балаға қамқорлық пен құрмет артық та болған. Далалық демогратия бойынша әйелдердің құқықтары бертінге дейін ер азаматтармен тең болғандығын әйелдердің ерлермен қатар отан қорғауға, отбасындағы шаруаларға араласуы мен керек жерінде шешім шығаруға да қатысқандығын тарихтан білеміз. Тек халқымыз азаттығынан айрылып, бодандықта болған кезеңдер мен ислам дінін теріс насихатау көптеген ұлттық ұндылықтарымыздан айырып, әйелдер ер адамнан төмен санала бастаған. Міне, егемендігімізді жариялап азат ел атанғалы мемлекетіміз әйел мен еркектің теңдігін қайта қалпына келтіру бағытындағы шараларды қолға алды. Ол қазірге заман тілімен гендерлік саясат деп аталады.
Қазақстан үшін отбасы институты мен гендерлік саясат мемлекеттің маңызды тірегі, ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігі болып саналады. Ел үкіметі әр жыл сайын ана мен баланы қорғау, отбасының әл-ауқатын көтеру мақсатында заңнамалық және институционалдық мүмкіндіктерді кеңейтудің жолын қарастырып, алдына міндет етіп қояды.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап, демократиялық даму жолын қалыптастырып, ана мен бала, әйелдерге қатысты алғашқы қоғамдық маңызы бар құрылымдарды құра бастады. Еліміз әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және қорғау саласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі құжаттарына қосылды. 1995 жылы Пекин декларациясына қол қойып, мемлекет мақсатты түрде гендерлік саясатты қалыптастыруға жол тартты. 1998 жылы елімізде Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Ал 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы теңдік мүддесі тұрғысында ұлттық заңнаманы құрастырыу әрі жетілдіру бойынша қадам басуға мүмкіндіктер берді.
Гендерлік теңдік стратегиясы дегенде біздің ойымызға тек әйелдердің құқығын қорғау деген түсінік келетіні анық. Бірақ шындығында, теңдік туралы құжат әйелдер мен ерлердің мүмкіндіктерін теңдей қарастырды. Одан кейін 2009 жылы қабылданған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Гендерлік саясат саласындағы негізгі заңнамалық акт болып табылады.
Қазақстан 2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына қосылды. Ол жерде 17 мақсат көрсетілген. Соның 12-сі гендерлік сипаттағы нәзік тақырыптар. Бұл мақсаттар мемлекеттің барлық стратегиялық бағыттары мен міндеттері аясында ұлттық бейімдеуді және есепке алуды талап етті.
Осы уақытқа дейін БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитеті Қазақстандағы әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою туралы конвенцияны орындау бойынша өзінің бірлескен бірнеше мерзімді баяндамаларын табысты аяқтады.
Қазіргі таңда елімізде гендерлік және отбасылық-демографиялық саясаттың біртұтас институционалдық жүйесі қалыптасқан. Айтарлықтай ауқымды құқықтық негіз қаланды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әйелдердің жағдайы мен құқықтарына қатысты бірқатар негізгі халықаралық шарттарға қосылып, оларды ратификациялады.
2016 жылы Қазақстан 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекітті.
Қазақстандағы бүгінгі күнде гендерлік саясаттың негізгі қағидаттары, мақсаттары мен міндеттері 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасында жазылған. Құжатта көрсетілген мақсаттарды жүзеге асырудың бірінші кезеңі 2019 жылы аяқталды. Алғашқы кезеңде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасы саясатын жүргізу мақсатында «Қазақстандық отбасылар-2019» ұлттық баяндамасын әзірледі. Алғаш рет база құрылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған тұрғындарға арналған әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілді. Отбасылық соттар жұмысы күшейді. Осылайша, бірінші кезең өзінің мәресіне жетіп, жетістіктерге қол жеткізілді.
Құжаттың екінші кезеңі 2020-2022 жылдарды қамтыды. Бұл жылдары «Отбасы институтын» нығайту заңнамалары жетілдірілді. Әр облыста «Baqytty Otbasy» және «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары ашылып, жастар арасында репродуктивті денсаулықты жақсарту мақсатында жедел желі іске қосылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік отбасы картасын әзірлеп, іске қосты. Ал енді үшінші кезең басталып отыр. Бұл тұжырымдама аяқталғанға дейін жалғаспақ. Алдымыздағы кезеңде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мен әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге мүмкіндік беретін міндеттер мен іс-шараларды іске асыру жоспарлануда.

Е.АГМАНОВ,

Арыс аудандық сотының судьясы.