ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫ ТЕГІН ҮЙІРМЕЛЕР ҰСЫНАДЫ

0
75

Түркістан облысында мемлекеттік Жастар саясатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Балалар мен жастардың сапалы білім алуы мен тәрбиеленуінен бастап, олардың денсаулығын нығайту, мамандық таңдау, бос уақыттарын тиімді өткізуі, белсенді де салауатты өмірді серік етулері бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізіледі. Оның ішінде ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру бағытындағы, жасөспірімдердің спортпен. Бұқаралық спорт түрлерімен, денешынықтыру үйірмелерінде айналысуымен де қамту бойынша жұмыстар жасалынуда.
Түркістан қалалық «Жастар ресурстық орталығында» тегін спорт бөлмесі жұмыс істейді. Бұл қала жастары үшін салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен шұғылдануға зор мүмкіндік.
Спорт бөлмесінде шынығу үшін орталықтағы спорт үйірмесіне жазылу қажет. Сол арқылы аптаның дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 15:20 мен 17:20 аралығында спортпен шұғылдануға болады. Келушілерге нұсқау беретін арнайы екі жаттықтырушы жұмыс істейді. Спорт бөлмесі жаттығуға арналған құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ, орталықта үстел теннисімен де айналысуға мүмкіндік қарастырылған.
Сонымен қатар, «Жастар ресурстық орталығында» ағылшын тілі курсына қатысып, тегін шет тілін үйренуге мүмкіндік бар. Шет тілі курсы аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері сағат 09:00 ден 19:00-дейін жүргізіледі.
Жалпы Түркістан қаласында 71486 жас бар. Оның 10574-і жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттер үлесінде. Орта арнаулы оқу орындарында 6743 студент білім алады. Бүгінгі күнге дейін қалалық «Жастар ресурстық орталығы» 3 мыңға жуық жасқа қызмет көрсетті.
Сол сияқты Түркістанда ерекше форматта шахмат сайысы өтті. Интеллектуалды ойында қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан» қызмет алушы зейнеткерлер мен қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» жас шахматшылары шаршы тақтада сынға түсті.
Шахмат сайысының мақсаты – ұрпақтар сабақтастығы, зияткерлік ойынды дамытып, кеңінен насихаттау. Спортқа деген қызығушылықты арттырып, жас дарындарға қолдау көрсету.
Ардагерлердің көңілін сергітіп, жастарға жігер берген іс-шара қызықты әрі тартысты өтті. Жарысқа шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионаттарының қола жүлдегері, түркістандық жас шахматшы Сұлтанхан Нұрислам қатысты.
Шаршытақтаның жас шеберлері арасында алғашқы орынды Сұлтанхан Нұрислам иеленіп, II орын Мұхаммедәмин Мәуленұлына, III орын үздік ойыншы Нұрислам Абдуғаппаровқа бұйырды.
Орталықтағы ардагерлер арасында I орын Сембек Дүйсекбайға, II орын Ерсін Жарқынбекке бұйырды. III орынға Әуез Ахметов ие болды. Сайысқа қатысқан 24 шахматшы да өз шеберліктерін көрсете білді.
Ойы ұшқыр, өресі биік ұрпақ тәрбиелеу мақсатында өткен сайыс соңында ардагерлер ұйымдастырушыларға алғысын айтып, жас буынға бата-тілегін жеткізді.