ЕРЕСЕКТЕР ҚЫЛМЫСЫН БОЛДЫРМАУ ҮШІН ЖАСТАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРІЛУІ ҚАЖЕТ

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының тақырыпшасының «заң және тәртіп» деп аталуының өзі елімізде құқықтық әділ де заң үстем болатын мемлекет құрудың алғышарттары жасалынып жатқанын көрсетеді. Түркістан облысында азаматтардың қуіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қылмысқа жол бермеу, алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Солармен қоса ересектердің қылмысқа бармауын, заң мен тәртіпті сақтауын қамтамасыз етудің басты жолы адамдардың жас кезінен бастап заңдылықтарды, тәртіптерді қатаң сақтауға, заңбұзушылыққа бармауына қол жеткізу. Ол үшін балалармен жұмыс жасау қажет.
Қазығұрт ауданы аумағында 16 қыркүйек пен 1 қараша күндері аралығында «Учаске» жедел-профилактикалық іс шарасы өткізілуде.
Аталған іс шараның басты мақсаты-ұсақ бұзақылықтан бастап, ауыр қылмыстарға дейінгі барлық құқық бұзушылықтарға қатысты алдын алу шараларын жандандыру, анықталған жағдайда қатаң шара қабылдау. Оның ішінде экстремизм мен терроризм фактілері көріністеріне жол бермеу, азаматтармен тығыз сенімгерлік қатынастар орнату болып табылады.
Қазығұрттық тәртіп сақшылары бұл бағыттағы шаралар тек іс-шара кезінде емес, тұрақты түрде жүргізілетінін жеткізді.
Сол сияқты №28 жалпы орта мектебіндегі батыр полицей Ғ.Байтасовтың атына ашылған полиция сыныбында кездесу өтті. Яғни тәртіп сақшылары оқушыларға жол ережесін толыққанды түсіндіру бойынша дәріс ұйымдастырды.
Жастармен кездесуге Түркістан облысы Полиция департаментінің Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Мақсат Асқаров, Түркістан облысы ІІО мен ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев арнайы барып, өмірлік азық болар тәжірибелерімен бөлісіп сұқбаттасты.
Полиция жасөспірімдерге көшелердің кез келген жерінен кесіп өтпей, тек арнайы белгіленген жерлермен жүруді және бағдаршамның түстерін, қызметін түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ оқушыларды маңызды жол белгілерімен таныстырды. Жолда жүру ережесін қатаң сақтаудың, жаяу жүргінші жолағының, тротуардың қаншалықты маңызды екендігін ұғындырды. Түрлі суреттер арқылы оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын арттырып, белсенді қатысуларын қадағалады.
Мұндай іс-шаралардың мақсаты-балалардың қатысуымен болатын жол көлік оқиғаларының алдын алу. Сондықтан полиция ата-аналарға балаларына үнемі жол қозғалысы ережелерін ескертіп, қадағалап отыруға шақырады.
Балалар қауіпсіздігі мен қорғалуіне қатысты Түркістан облысының аумағында өткізілген жедел-профилактикалық іс-шараның екі күнінде ювеналды полиция қызметкерлері 400-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 30-дан астам ата-ана жауапқа тартылды. Сондай-ақ түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 339 фактісі анықталды.
Сонымен қатар жасөспірімдердің түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуының 13 фактісі, «ұсақ бұзақылықтың» 14 жағдайы және қоғамдық орында мас күйінде болуының 3 фактісі анықталды.Ішкі істер органдарында құқық бұзушылық жасауға бейім 31 кәмелетке толмаған және 14 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке қойылды.
Кәмелетке толмағандар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру шеңберінде полицейлер оқу орындарында құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысы заңдары мен ережелерін сақтаудың, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы түсіндірме жүргізді.
Айта кетейік, облыста жасөспірімдер қылмысының алдын алуға, жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде болуына және басқа да құқық бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Өз кезегінде полицейлер азаматтарды профилактикалық іс-шараларға түсіністікпен қарауға, ал ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларының мінез-құлқын бақылауға және оларды назардан тыс қалдырмауға шақырады.
Кентау қалалық полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебінде зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның жолын кесу бойынша дәріс өткізілді. Оған Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы М.Құттыбаева мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында оқушыларға отбасылық-тұрмыстық қатынастағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен олардың заңды құқықтары бойынша түсіндірілді. Осы орайда М.Құттыбаева оқушыларға мұндай жағдайларда олар әрдайым мектеп психологына, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға жүгіне алатындығын еске салды.
Сонымен қатар оқушыларды тәртіпті болуға, жақсы оқуға, уақытты тиімді пайдалануға шақырды. Мұғалімдер полицияға танымдық және профилактикалық сабақ бергені үшін алғыстарын білдірді.