ТАЗАЛЫҚ САҚТАМАЙ, ТӘРТІП БҰЗҒАНДАРҒА АЙЫППҰЛДАР САЛЫНУДА

0
71

Елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жарияланып, жүзеге асырыла бастағалы азаматтардың көпшілігі «тазалық қоқысты апта сайын жинап тұру емес, қоқысты тастамау» екенін түсініп, адамдардың бойында экологиялық-тазалық мәдениеті қалыптасып келеді. Десе де, кейбір адамдардың бұл жақсы науқанның мақсатын әлі де түсінбей кемшіліктерге жол беріп жатқандар да бар.

Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп тазалықты сақтамаушыларды тәртіпке шақыруды тапсырды.

Түркістан өңірінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы облыс көлемінде тұрақты жүргізілуде. Бекітілген кесте бойынша аудан, қалаларда жалпы 450 ауқымды сенбілік өткізілді. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандардыруды, жүйелеуді және жіті қадағалауды тапсырды.

– Әрбір мемлекеттік және бюджеттік мекемелер өз ауласын, ғимаратын таза ұстасын. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт және өзге де әуеуметтік нысандардағы тазалық қадағаланып жатыр. Тазалық жұмыстарына немқұрайлы қараған басшылар сыннан қорытынды шығармаса, кемшілік қайталанса, қызметінен босатылады. Жұмыс жүйелі түрде жалғассын, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиын барысында атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен аптаның ішінде 11 ауданның 30 елді мекенінде сенбіліктер өткізілген. Оған 6 мыңдай тұрғын қатысып, тиісті техникалар жұмылдырылған. Нәтижесінде 98,7 тонна қоқыс шығарылды. Соның ішінде Созақтағы ауқымды сенбілікке 3 500-ден астам адам атсалысып, 17 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 21 қыркүйек күні бүкіләлемдік тазалық күніне орай облыстың барлық аумағында сенбіліктер өткізілді. Жалпы жыл соңына дейін 807 сенбілік өткізу жоспарланған.

Телеграмм бот платформасында бүгінгі таңда 431 өтінім түскен. Оның ішінде 415-і орындалған. Бағдарламаны тұрғындарға кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуіне байланысты, платформада өтінімдердің саны көбеюде, өткен айдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 96 өтінімге немесе 29,4 пайызға өскен.

Биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 23 434 мыңнан астам хаттама толтырылып 249,5 млн. теңгеге айыппұл салынды. Бағдарлама басталғалы бері ескертулер мен салынған айыппұлдар саны 16 мынан астам хаттамаға артқан немесе 4 есеге ұлғайған. Сондай-ақ бүгінгі таңға, абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 11 004 жеке тұрғын үй мен 6 147 кәсіпкерлік объектісіне мониторинг жүргізілді. Оларға 1143 ескерту және 620 айыппұл салынды. Қағиданың сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізіледі.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында білім, денсаулық, мәдениет, кәсіпкерлік нысандары, полиция пункттері және «Қазпошта» филиалдарының жағдайына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде тазалық, абаттандыру бойынша кемшіліктер анықталған. Осы мекемелердің басшыларына тиісті ескерту беріліп, кемшіліктерді жою жөнінде тапсырма берілді. Мониторинг жалғасады.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түркістан облысының полицейлері қоғамда кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділікті» қалыптастыруға, «Заң және тәртіп» қағидатын сақтауға және табиғатқа ұқыпты қарауға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты жүргізіп келеді.

Бүгінгі таңда Түркістан облысы Полиция департаментінің қалалық және аудандық бөлімдерінің жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алу, жалпы пайдалану орындарын ластау, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастайтын немесе ағынды суларды төгетін адамдарды анықтау бойынша жұмыс атқаруда.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары 27 000-нан астам құқық бұзушыны жауапқа тартты. Оның ішінде абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 6314, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін — 16731 және жолдарды ластаған 4155 бұзушыға қатысты тиісті шаралар қабылданып, хаттама толтырылды.

Сонымен қатар полицейлер жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық көмекшілермен бірлесіп, абаттандыру ережелерін бұзуға, жасыл желектерді зақымдауға және қоршаған ортаны қорғау қажеттілігіне жол бермеу туралы халыққа түсіндірме жүргізуде.

Өз кезегінде полиция қызметкерлері бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ азаматтарды өз қалаларын және туған өлкелерін абаттандыруға өз үлестерін қосуға шақырды.