ИНФРАҚҰРЫЛЫМДАР МЕН ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ҚҰРЫЛЫСЫН АРАЛАДЫ

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысының барлық аумағында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол жұмыстар жергілікті бюджет қаржысына қосымша түрлі бағдарламалар мен жобаларды пайдалана отырып іске асырылуда. Оның ішінде ауылды жерлердегі мнфрақұрылымдарды жақсартып, сапасын арттыру мақсатындағы жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейінің сапасын көтеруге бағытталған. Сонымен бірге тұрғындардың баспанамен қамтамасыз етілуі де халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруының көрсеткіші. Бұл бағыттағы жұмыстар да жоспарға сай жүргізілуде.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылының ішкі көшелерін аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылауына алды. Аудан орталығында орнатылып жатқан көше жарықшамдары мен тазалығымен танысты.
Аралау барысында Шолаққорған ауылдық округінің әкімі Әділ Елібаев округте көше жарықшамдарын орнату жұмыстарының барысына тоқталып өтті. Биылғы жылы аудан орталығының өзінен 30-дан астам көше жарықшаммен қамтылмақ. Бұл шолаққорғандықтардың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз етеді.
Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, келер жылы 100 пайызға жеткізу ісін қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымына салынып жатқан жолдың сапасымен танысты.
Қазіргі уақытта «КХ-2 Уланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейінгі 83 шақырымы, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі 30 шақырымының жөндеу жұмыстары аяқталып, «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жақын күнде аяқталады.
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруда мемлекет тарапынан іске қосылған бірқатар бағдарламаларға қосымша бұл іске жеке инвестиция тартып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті де пайдалану қарастырылған.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығынан жеке инвесторлар арқылы салынып жатқан 2 пәтерлі 24 тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатқан аумаққа барып, жұмыс қарқынымен танысты. Құрылыстың сәулеті мен сапасына баса мән беріп, мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесті. Бұл бойынша жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеп, жұмыс барысын бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта онда жаңадан қосылған 2 пәтерлі 6 тұрғын үйдің қабырғалары тұрғызылып, қалған 2 пәтерлі 18 тұрғын үйлердің ішкі және сыртқы жұмыстары қатар жүруде.
Ішкі қабырғаларына түсқағаздар жабыстырылып, едендері төселуде. Бұған қоса үйлердің сыртқы фасады травертинмен әсемделіп, суыққа төзімділігіне баса мән берілуде. Жаңа үйлерде су, жылу сынды коммуналдық қызметтері мен ішкі жұмыстары толық жүргізіледі. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 71,1 шаршы метр аумақты құрайды.