ТАБИГИ ГАЗ КІРГІЗІЛІП, ГРАНТПЕН КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТУШІЛЕР КӨБЕЮДЕ

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында алға қойылған міндеттердің маңызы зор. Жобада өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету арқылы, жұмыспен қамту, азаматтардың жеке кәсіпкерлігін бастауы, сол сияқты елдімекендердегі инфрақұрылымдарды енгізу мен сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыру қарастырылған. Түркістан облысында мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды пайдалана отырып, қалалар мен аудандардың әлеуметтік-тұрмыстық, өндірістік-экономикалық мәселелерінде даму қарқынын арттыра түсу жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Соның ішінде Кентау қаласына қарасты елдімекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету де бар.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Байылдыр ауылында болып, елді мекенді газға қосу жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып, 2,8 шақырымдық монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Газ желісінің жалпы ұзындығы — 12 шақырым. Оның ішінде: Жер астымен 8 шақырымдық, жер үстімен – 4 шақырымдық.
Газ құбырын жүргізу жұмыстары тамыз айында басталып, 2025 жылдың шілде айында аяқталмақ. Жұмыстар толық аяқталғанда 361 абонент газбен қамтылады
Кентау қаласында тұрғындар тарапынан жеке кәсіптерін бастауға деген құлшыныс артып келеді. Тіпті атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген кентаулықтардың арасында мемлекеттік бұл көмектен бас тартып, грант арқылы өздерінің жеке кәсіптерін бастағандар мен тәуекел етіп өз кәсібін ашушылардың қатары өсіп отыр.
Сондай мемлекеттік бағдарлама аясында грант иегері атанған азаматтардың бірі көпбалалы әке — Бекзат Джумабаев. Ол 2024 жылдың бірінші жартысында бизнес-жоспар жасап, онысы мақұлданып мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсіп бастап, таза еңбектің арқасында айына 700 000 теңге таза пайда тауып отыр.
Қазіргі таңда кәсіпкер грант қаражатына өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды алып, кәсіпкерлік саласының дамуына үлесін қосып отыр.
Көпбалалы әке кәсіптің бұл түрімен 2 жылдан бері айналысып, мол тәжірибе жинақтаған. Тәжірибенің арқасында тұрғындардың талғамы мен сұранысына сай сапалы кеңсе және тұрмыстық жиһаздарды жасауда. Шағын цехта 2 адам жұмыс істейді. Халыққа қолжетімді бағада жиһаз өндіріп, Кентау мен Түркістан жұртынан тапсырыс қабылдап, аз уақыт ішінде жиһазды дайындап жеткізіп, елдің алғысына бөленуде.
«Мемлекеттік бағдарламаның шапағаты мұқтаж жандарға тиіп жатқаны қуантарлық. Ең бастысы, еңбек пен ниет керек. Алдағы уақытта осы салада өнім өндіретін цехтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын», — деді Бекзат Нағашалиұлы.