«ТАРИХЫҢДЫ ТАНЫ – ТҰЛҒАҢДЫ ҚҰРМЕТТЕ» АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

Тарихының бастауын көне Сақтар, Қаңлылар мен Ғұндардан алатын бүгінгі Қазақ ұлтының бірнеше мың жылдық тарихы бар. Сақтардан қазіргі Қазаққа (қассақ) дейін тарихтың талай дәуірлеу және бұралаң кезеңдерін басынан өткерген халқымыз бүгінде жер бетіндегі үш мыңнан астам этностардың арасындағы өз мемлекеттілігі бар елдердің бірі болып саналады. Сол ондаған ғасырлардағы тарихымызда мыңдаған тарихи тұлғаларымыз ел үшін еңбек етіп, жаумен шайқасып, халық рухын көтерген. Тәуелсіздігімізге қол жеткізен соң біртіндеп тарихымыздың ақтаңдақтарын ашып, кем-кетігін толтыруға кірістік. Өйткені «өткенін білмейтін ұлттың болашағы болмайды» деген тәмсіл бар.
Түркістан облысында жұртшылықтың, оның ішінде жас ұрпақтың тарихын танып, сол тарихын жасаушы тұлғаларын танып рухы өсуі үшін облыстық акция жүргізілуде. Арыс қалалық Мәдениет үйінде «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» облыстық акциясы өтті. Тағылымды шараға Сауран ауданы мен Түркістан қаласының зиялы қауым өкілдері және кітапхана қызметкерлері арнайы қатысты.
Мұндағы мақсат аудан — қалалар арасында байланысты тереңдету, бір-біріне тарихи саяхат жасау арқылы, өз өлкесін өзге ауданға кеңінен таныстыру, келешек жас ұрпақ бойына «Туған жер» деген ұғымды тереңірек сіңіре отырып, олардың арасынан елжанды тұлғалар қалыптастыруға үлес қосу.
Акция арнайы жасақталған Арыстық ақын-жазушылар мен қала тарихы жайлы жазылған кітап көрмесін тамашалаумен басталды. Қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов жиынның салтанатты бөлігін ашып, қадірлі меймандарға ізгі тілегін арнады. Бұдан кейін, Орта Азия қақпасы, тоғыз жолдың торабы саналатын Арыс қаласының терең тарихы жайлы сыр шертетін «Мәдениеті мен әдебиеті көне тарихтан сыр шерткен шежірелі Арыс» атты деректі бейнебаянмен бастау алды.
Арыс аудандық Орталық кітапхана оқырмандары Арыс топырағында туып-өскен қоғам қайраткерлері мен мәдениет майталмандары, ақындар мен жыршылар, батырлар мен еңбек ерлері жайлы сыр шертіп, ұлылар есімдері ұлықталды.
Әрі қарай шара «Өлке талантымен кездесу» кешіне ұласты. Төрге Құрметті ұстаз, бірнеше кітаптардың авторы, ақын, Жүніс Әбсаттар, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Арыс акиқаты» газетінің бас редакторы Әбдімәлік Ағыбай, Журналисттер одағының мүшесі, ұстаз, ақын Темірхан Әбдік пен Арыс қаласының Құрметті азаматы, медицина саласының үздігі, бірнеше кітап авторы Тұйғынбек Әлжігіт шығып, Қаланың бай тарихы мен тұлғалары жөніндегі тағылымды ойларымен бөлісіп, көркем сөздің көрігін қыздырған ақындар мен жазушылардың еңбектерін көпшілікке таныстырды.
Арыстың тарихымен танысуға әріптестік рухани көшті бастап Сауран мен Түркістаннан келген зиялы қауым өкілдері арыстық әріптестеріне тарихи өлкемізбен таныстырған, көрсеткен ізгі-ілтипаттарына өз алғыстарын білдірді.