СТУДЕНТТЕР ҚАТАРЫНА ҚАБЫЛДАУ ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Мемлекет басшысы елімізде денсаулық сақтау саласындамытуға баса көңіл бөліп келеді. Өйткені мемлекеттің басты байлығы оның азаматтары. Сондықтан да биылғы Жолдауында да ол денсаулық сақтау саласын заманауи құрал-жабдықтармен және білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін айтты. Түркістанда орта буын медицина мамандарын даярлайтын білім ордасы ондаған жылдардан бері елімізге сапалы кадрлар дайындап келеді. Медициналық қызметті сапалы көрсетуде дәрігермен қатар медбикелердің де маңызы зор.
Түркістан жоғары медицина колледжінің ұйымдастыруымен «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Түркістан жоғары медицина колледжінің бірінші курс студенттерін студент қатарына қабылдау рәсімі өткізілді.
«Жаңа Қазақстан-жалынды жастар-жарқын болашақ» тақырыбында студенттер қатарына қабылдау рәсімі өтті. Жиынға колледж студенттері мен оқытушылары және белсенді студенттердің ата-аналары қатысты.
Жаңа оқу жылы барысында оқуға түскен студенттерді құттықтау кешіне арнайы қонақтар шықырылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы Тәжібаев, «АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Мұратұлы Тұрсынбаев, Қазақстан журналистер одағының атқарушы директоры Ғалымжан Елшібай, Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ерғалиқызы Қасымбекова студент жастарға білім жолында сәттілік тілеп, болашақ орта буынды медицина мамандарын даярлап отырған білім ордасын 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Сонымен қатар Түркістан облыстық мәслихатының құрмет грамотасымен Емдеу ісі бөлімінің меңгерушісі С.Абитаева, химия пәнінің оқытушысы М.Жайсанбаева марапатталса, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Б.Тәжібаевтың алғыс хатымен №9 хирургия және туыстас пәндер бойынша ЦӘК төрайымы Г.Аманбаева, жалпы білім беру бөлімінің меңгерушісі Д.Кусембаева марапатталды. «АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының алғыс хатымен А.Нурсейтова, Р.Алтай, Г.Амирова, З.Нуржигитова, М.Муханова және белсенді студенттер Б.Дүйсенбек, Ә.Қаржаубаева, А.Жүзболат, С.Азимов, О.Дастанов марапатталды.
Ең алдымен колледж жастары «Рух» әніне флешмоб көрсетті. Колледж табалдырығын алғаш аттап отырған студент-жастар үшін «Конгресс холл» көпсалалы кешені әртістері концертік бағдарламасын ұсынды. Соңында Түркістан жоғары медицина колледжінің әнұраны шырқалды.
Жалпы Түркістан жоғары медицина колледжі 1965 жылы ашылған іргелі оқу орындарының бірі. Бәсекеге қабілетті, біліктілігі жоғары, кәсіби дағдыларды меңгерген орта буынды медицина мамандарын дайындауды мақсат еткен оқу орны «Фельдшер», «Акушер», «Жалпы практикадағы мейіргер», «Медициналық лаборант», «Фармацевт», «Дантист» біліктілігі және мейіргер ісінің «Қолданбалы бакалавр» біліктілігі бойынша мамандар даярлайды. Көкжиегі кең білім ордасын медицина ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері Бимұрзаев Ғалымжан Нұрманұлы басқарады. Қазақстандағы алдыңғы қатарлы орта буынды медицина мамандарын даярлап отырған 60 жылдық тарихы бар оқу орны білім берудің халықаралық инновациялық технологияларын кеңінен игеріп келеді. Республикадағы медициналық колледждер арасында жалпы тәжірибелі мейіргер ісі біліктілігі бойынша оқу-әдістемелік бірлестік колледж базасында орналасқан. Бүгінде 5 бөлімде 7 мамандық бойынша кадрлар даярланады. 2024-2025 оқу жылына 1-ші курсқа 600-ге жуық студент қабылданды.
Колледж толыққанды материалдық базамен қамтамасыз етілген, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Студенттердің клиникалық ойлау қабілетін қалыптастыру, кәсіби қызметіне құзіреттілігін арттыру мақсатында колледжде хирургия, терапия, акушерия және мейірбике ісі бойынша симуляциялық орталықтар жұмыс істейді.
Сонымен қатар колледждің анатомиялық мұражайы, фитобар, электронды оқу залы, оқу дәріханасы, заманға сай стоматологиялық клиникасы, спорт кешені және 300 орындық жатақханасы бар.
Колледж Түркістан облысы аумағындағы 27 сауықтыру орындарымен әлеуметтік серіктестік аясында іскерлік байланыста жұмыс атқарып келеді. Болашақ орта буынды медицина мамандарын дайындауда білікті педагогтар, медицина ғылымдарының кандидаттары мен докторлары және магистрлер сабақ береді.
Оқу орнының үнемі облыстық, республикалық сайыстарда алдына жан салмайтын алғыр студенттері мен оқытушылар қауымы Түркістан шаһарының атын республика көлеміне танытуда.