ӘЙЕЛДЕРДІ ҚОЛДАУ МЕН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ — ОТБАСЫН ҚОЛДАУ

Мемлекет тарапынан ана мен баланың қауіпсіздігі мен оларды қолдау мен қорғау бағытында көптеген шаралар іске асырылуда. Отбасылық-демографиялық саясатта да аналарға көптеген жеңілдіктер қарастырылып, отбасылық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Отбасындағы, ана мен балаға бағытталған зорлық-зомбылықтың алдын алу, онымен күрес бойынша да көптеген іс-шара алынуда. Оның ішінде мұқтаж отбасылар мен көпбалалы аналарға мемлекеттен берілетін жәрдемақылар мен төлемдерге қосымша оларды жұмыспен қамту, жеке кәсібін ашуға қолдау жасау, субсидия, гранттар беру арқылы кәсіпкерлігін қолдау жүзеге асырылады.
Облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысының хаттамасына сәйкес, ағымдағы жылдың 15 қазанында Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшы орынбасары К.К.Мирова, Түркістан облысы полиция департаментінің зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Ж.Б.Қалабаева Қазығұрт аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің «Отбасын қолдау» бөлімшесінің жұмысымен танысып, өзекті мәселелерді талқылады.
Жиынға аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы, аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов және комиссия мүшелері қатысты.
Жұмысшы топ ауданда «Аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның» ағымдағы жылы атқарған жұмыстарымен танысып, ұсыныс, пікірлерін айтты. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан осал отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың экономикалық дербестігіне және азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету мақсатында «Отбасын қолдау» орталығын құру керектігі жөнінде тоқталды.
Мемлекеттің жұмыспен қамту бағдарламаларында әйелдерді қолдау да қарастырылған. Соның арқасында көпбалалы аналар, жұмыссыз әйелдер жеке кәсібін ашу үшін арнайы курстан өтіп, сертификат алып, бизнес жоспарын жасап, субсидия, мемлекеттік грант алу мүмкіндігін пайдалана алады.
Кентау қаласында биылғы жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 248 адам қамтылды, оның ішінде 199 адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды. Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін ағымдағы жылдың басынан халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі (1 476 800 теңге) мөлшерде 81 грант берілді. Мемлекеттік грант алғандардың арасында әйел-аналар да бар. Солардың бірі — Кентау қаласының тұрғыны Сымбат Анарбаева аналар мен балаларға массаж жасайтын орталығын ашқан. Кәсіпкер ана бұл бизнесін 5 жыл бұрын бастаған. Алайда қажет құралдары болмағасын, қызмет көрсету бағыты аз болған. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның арқасында грант иегері атанып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
Қолдаудың арқасында жұмысын ұлғайтқан орталықта дисплазиядан арылуға, бұлшық ет кернеуін жеңілдетуге, жалпы денсаулықты нығайтуға, ұйқышылдықтан, апатиядан арылуға арналған жүрек тамыр жүйесін метаболизмді ынталандыратын массаж түрлерін жасайды.
Сымбат Анарбаева осы массаж жасау оқуын арнайы курстар оқып біліктілігін арттырған. Оған себеп өзі ерекше баланы тәрбиелеп отыр. Баласына уақытында қажет массаждарды жасау арқылы, өзгелерге де көмек беруде.
«Өмірдің сынақтарына сабырлықпен қарап, оған күлімдеп қарасаң өмірдің тамаша сәттері өте көп. Өзім ерекше бала тәрбиелеп отырғасын, менің орталығымда міндетті түрде балаға массаж жасайтын қызмет көрсетілуі керек деп шештім. Мемлекеттік қолдаудың арқасында арманым орындалды, – дейді кәсіпкер.
Батыл да батыр ананың айтуынша, орталықта массаж жасайтын тәжірибесі мол мамандар айналысады. Ол мамандардың ішінде өзі де бар. Қазіргі таңда бұл орталықтың қызметіне сұраныс өте жоғары. Бүгінде аталмыш орталыққа балалар көптеп келуде. Болашақта басқа да емдеу түрлерін қосып ұлғайтуды мақсат етіп отыр.