АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР МЕН АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕРДІ БАЯНДАДЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығын іске асыру аясындағы кездесудің күнтізбелік кестесі облыстық мәслихатпен келісілді. Соған орай Түркістан облысының жергілікті әкімдері жыл бойы өз аумағының тұрғындарымен кездесулер өткізіп, олардың алдында атқарып жатқан және алдағы атқаратын жұмыстарының барысымен таныстырып, есеп береді. Алдыңғы болған кездесулерде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс, ескертпелер, өтініш-тілектер болса солардың орындалуымен таныстырады.
Жыл аяқталуға жақындағанда Түркістан облысының өңірлерінің басшылары арнаулы кестелеріне сәйкес тұрғындармен кездесулер ұйымдастыруда.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Шу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ауылдық округте жасалған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
— Мұнда алға қойған жоспарымызға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Осында келіп, сіздермен кездесудегі басты мақсатымыз мұң-мұқтаждарыңызды тыңдап, соның төңірегінде тиісті жұмыстарды атқару. Осы жылы Иманов, Сәтбаев және Наурыз көшелеріне көше жарықшамдары орнатылып, іске қосылды. Жыл соңына дейін Әубәкіров және Иманбекұлы көшелерін демеушілер есебінен қамтып, Шу ауылдық округін 100 пайызға жеткіземіз. Бұдан бөлек сұраныстарыңызға орай “Марал” бөбекжай-балабақшасы ағымдағы жөндеуден өтті. Сұйық отынмен жанатын екі қазандық қойылды, — деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы аудан көлімінде атқарылып жатқан жұмыстарды да жан-жақты баяндады.
Жиында сөз алған ауыл тұрғындары жасалған жұмыстарға қолдау білдіріп, алғыстарын жеткізді. Бірқатар тұрғындар жеке мәселелері бойынша жүгінді. Аудан басшысы көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталды. Шешу үшін жауапты мамандар мен округ әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді. Тапсырмалардың орындалу мерзімін хаттамаға енгізіп, жұмыс барысы өз бақылауында болатынын қатаң ескертті.
Аудан басшысы сапар барысында Шу ауылында ағымдағы жөндеуден өткен “Марал” бөбекжай-балабақшасының жылу жүйесін назарға алып, жұмыс барысымен танысты. Қазіргі уақытта балабақшадағы 3 топта екі жастан жоғары 65 бала тәрбиеленуде.
Тасты ауылындағы өткен кездесуде де аудан басшысы өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы атқарылар іске де тоқталды. Бұған дейін Тасты ауылында тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныстар назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылды. Биыл ауылдан жабық үлгідегі футбол алаңын салу үшін тиісті сметалық құжаттамалары әзірленді. Келер жылы құрылысы басталады. Сондай-ақ демеушілер есебінен Момышұлы, Иманов және Жамбыл көшелеріне түнгі жарықшамдар орнатылып, ауыз су мөлшерін арттыру мақсатында қосымша ұңғыма құдық қазылуда. Қылти елді мекені аралығындағы жолға асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жалғасуда. Осы жылы 2,4 шақырымды құрайтын Сейфуллин, Наурыз және Амангелді көшелері ағымдағы жөндеуден өтті. Келер жылы асфальт жабындысы төселіп, ауылдың ішкі көшелері 100 пайызға асфальт және көше жарықшамдарымен қамтылады. Осылайша ауылдағы түйіткілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда.
Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Тасты ауылдық округі тұрғындарымен өткен есептік жиында баяндады. Сондай-ақ санитарлық тазалыққа қатысты шараларға да тоқталды.
Жиында тұрғындар атқарылған жұмыстарға алғыс айтып, жеке мәселелері бойынша да жүгінді. Сала мамандарына көтерілген мәселелердің шешу жолын заң аясында қарастырып, тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.