ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ

Түркістан облысының Шардара ауданы талай жылдардан бері гір тасын көтеруден аты әлемге танылған өңір. Ауданнан спорттың осы түрінен жүздеген әлем чемпиондары мен жүлдегерлері шыққан. Бұл күні бүгін де жалғасын табуда.
Қазан айының 10-15 күндері Грекия елінің Корфу қаласында гір спортынан ересектер арасында Әлем чемпионаты өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен өз елдерінің ең мықты, гір тасын көтеруші хас шеберлері жиналған байрақты бәсекеде, жерлестеріміз өз күштерін ортаға салып, Шардара ауданының спортшылары 2 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдені иеленді.
Атап айтсақ: серпе көтеруден Байдуллаев Бағжан (63 кг) 1-орын,Қуаныш Ерасыл (78 кг) 3-орын. Ал ұзын айналымда көтеруден
Қуаныш Ерасыл (78кг) 1-орыналса, жұлқа көтеруден Шинтанов Бақдаулет (95кг) 3-орын иеленді. Командалық эстафетадан Тұрғанбай Нұрбатыр 2-орыннан көрінді.
Шардарада қол күресі де керемет дамығандықтан спорттың бұл түрі бойынша да шардаралықтар әлемге танымал. Шардара аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “Еліміздің рухын көтерген — спорт саңлақтары” атты қол күрестен әлем чемпиондарымен мотивациялық кездесу өтті. Басқосу “25 қазан — Республика күніне” орай ұйымдастырылды. Кездесу мақсаты — жастарға тәлім-тәрбие, рухани бағыт-бағдар мен өмірлік мотивация беріп, еркін пікір алмасу.
Аталмыш басқосуға армрестлингтен әлем чемпиондары Ердәулет Мұхамбетов, Мейрамбек Ерсайын мен Бекжан Қожантай қатысты. Жиынға облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің БАҚ пен қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Ақтөре Мейіржанұлы модераторлық етті.
Шара барысында спикерлер өздерінің спортта жеткен жетістіктері, кәсіби мансабындағы тәжірибелерімен бөлісіп, тұлғалық дамуға қатысты бірқатар келелі ақыл-кеңестерін берді. Үлкен жетістіктерге жету жолында алға қойған мақсатқа жетуге ерік-жігер беретін сенімділік туралы баяндады. Жастар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша түрлі сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Кездесу соңы әуесқой жастар арасындағы қол күрестен сайысқа ұласты. Armrestling ережесіне сәйкес өткен жарысқа 18-34 жас аралығындағы әуесқой жастар қатысты. Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
Жарыс қорытындысына сәйкес жеңімпаз атанғандар тізімі төмендегідей:
1-орын Амангелді Нұрлан (Созақ ауданы), 2-орын Тұрсынбай Эльдар (Сауран ауданы) 3-орын Талбай Нұрқасым (Созақ ауданы).
Ал Түркістанда «Қала күні» мерекесіне қалалық «Балалар және жасөспірімдер спорт клубы» ерекше турнир ұйымдастырды. Сүйікті қаламыз Түркістанда «Қала күні» мерекесіне орай өткізілген шахматтан қала біріншілігі өз мәресіне жетті.
Ақылды жасөспірімдеріміз өзара сайысқа түсіп, ойлылар озып, ойын шеберлері жеңіске жетті.
Жеңімпаздар БЖСК ның арнайы медалі мен алғыс хатына ие болды.
Марапаттау рәсімін ардагер шахматшы Қанат Байкенже, БЖСК директор орынбасары Амандық Әбдікәрім, шахмат бапкері, магистрант Бектас орындады.
Төреші Кентау шахматын алға тартып келе жатқан Асхат Шотаев болды.
Түркістанның төрінде орналасқан «Fараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы 14 жеңімпаз шахматшыларға ерекше «Түркістан» кітабын сыйға тартты.
Ерекше безендірілген қасиетті шаңырақта балалар мерекелік көңіл күйде болып, өз шеберліктерін көрсетті. Осылайша қала күнінде, қаламыздағы сән-салтанаты жарасқан ғимаратта шахматтан тамаша шара өтті.
Шахмат жарысын ұйымдастырушылар мен қатысушылар республика көлеміндегі үздік кітапхана мәртебесіне ие болған кітапхананың ұжымы мен басшысы Жанат Сәдібекқызына шынайы алғыстарын білдірді.
Мерекелік шараның көркі ашып шахмат ойынын насихаттаушы, «Түркістан» газетінің жаңа редакторы Ғалия Бейсейіт арнайы келіп, жас шахматшылармен сұхбаттасып, ақпараттық қолдау танытты.