ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСТЕ НӘТИЖЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗІЛУДЕ

0
39

«Ғасыр дерті» саналатын –есірткіні тұтынушы нашақорлар қатары жасарып келеді. Оның бастапқы әлсіз түрлері бүгінде мектептерге де жете бастады. Ел болашағы – жасөспірімдердің осындай кеселге душар болуы мемлекет болашағын күңгірттендіретіндіктен Мемлекет басшысы жас ұрпақты есірткіден қорғауға баса мән беріп, құқық қорғау саласының ғана емес бүкіл қоғамның бұл дертке бірлесе қарсы түруын, жеткіншектерге мектеп қабырғасынан есірткі мен нашақорлықтың қай түрі болсын өте зиян, адамның өмірін тәлкекке салатын, қоғамды кері тартатын құбылыс екенін айтып,»Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері» туралы Заңға қол қойған еді. Бүгінде бүкіл еліміздегідей Түркістан облысында да құқық қорғаушылар, қоғамдық ұйымдар «ғасыр дертіне» бірлесе қарсы тұрып көптеген жұмыстар атқаруда. Әсіресе жас ұрпақпен есірткінің зияны туралы түсіндіру, оған төзбеушілікті қалыптастыру бағытында жұмыстар жалғасуда.
Түркістан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері нашақорлықтың алдын алу тақырыбында «Жайлы мектеп» жалпы білім беретін коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 8-10 сынып оқушыларына кездесу өткізді. Іс-шараға Түркістан облысы ПД ЕЕҚІҚБ — нің аға жедел уәкілі Марат Бимаханов, учаскелік инспекторы полиция капитаны А. Қаражігітова, мектеп директоры М. Бохаева, ұстаздар қауымы мен 150-ден астам оқушы қатысты.
Негізгі мақсаты-салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың есірткі тұтынуға теріс көзқарасын қалыптастыру, спортқа баулу және жаман әдеттерден бас тартуға дағдыландыру. Кездесу барысында шақырылған қонақтар жасөспірімдерге синтетикалық және өзге де есірткілердің, психотроптық заттардың зияны туралы, олардың өмірі мен денсаулыққа кері әсері, есірткіні сақтауға және өткізуге байланысты қылмыстардың салдары туралы жеткізді.
Сонымен қатар оқушылар нашақорлық пен есірткіні қолдану мәселесі, есірткі заттарының заңсыз айналымын болдырмау бойынша атқарған жұмыстары туралы бейнероликтер көрсетілді. Кездесу соңында оқушылар мамандар талқылаған тақырып бойынша қызықтырған сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен брифинг өтті. Онда Қазақстан Республикасының Президенті қол қойған «Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері» Заңындағы өзгерістер түсіндірілді.
Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Нұрлыбай 2025 жылдың 3 наурызынан бастап күшіне енетін заңның құқықтық салдары туралы айтып берді.
Нақтырақ айтсақ, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен жасырын қойып кетушілер үшін қылмыстық жауапкершілік мерзімі шектелген. Ендігі уақытта есірткіні шағын мөлшерде өткізу үшін 5 жылдан 8 жылға дейін, ірі мөлшерде — 6 жылдан 10 жылға дейін, ал аса ірі мөлшерде — 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделетін болады.
Ұсталып, бас бостандығынан айырылып отырған жасырын қойып кетушілердің көбісі жастар болып табылады.
Сондықтан мемлекет оларға ертерек бостандыққа шығуға және жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Олар шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға және жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл түрге ауыстыра алады.
Сондай-ақ ҚК-нің 297-1-бабы есірткі бизнесін ұйымдастырушылар, есірткі өндірушілер мен лауазымды адамдар үшін жазаны қатаңдататын жеке бабы енгізілді, олар 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұдан бөлек алғаш рет есірткі құралдарын өндіруде қолданылатын әсері күшті заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Бұл өзгерістер олардың қолданылуын бақылауды күшейтеді.
Полицейлер енгізілген өзгерістер қылмыстық жауапкершіліктің неғұрлым әділ жүйесін құруға және қоғамды есірткінің заңсыз айналымының зардаптарынан қорғау жөніндегі шараларды күшейтуге мүмкіндік береді деп үміттенеді.
Түркістан облысында өткен жылы заңсыз айналымнан 400 келіге жуық есірткі тәркіленді
Полиция Түркістан облысының аумағында «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру аясында басқа құзыретті органдармен бірлесіп, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.
Өткен жылы жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде облыс полицейлері 665 есірткі қылмысының жолын кесіп, заңсыз айналымнан 400 келіге жуық есірткі заттарын тәркіледі. Мәселен, жедел уәкілдер Ордабасы ауданында медициналық мекеменің күзетшісін ұстады. Оның көлігінен 2400-ден астам Трамадол таблеткасы тәркіленіп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал заңсыз айналымнан 4 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Яғни полиция «синтетиканың» 8700 дозасының таралуына жол бермеді. Полицейлер интернет желісіне мониторинг жүргізу барысында «киберқадағалау» жүйесінің көмегімен 153 есірткі сайтын анықтап, бұғаттады. Айта кетсек, қылмыскерлер көбінесе тыйым салынған заттарды тарату үшін Telegram-да немесе түрлі сайттарда чат-боттар арқылы жұмыс ұсынады. Жастар «жеңіл ақшаға» үміттеніп, есірткі таратушылардың тұзағына түседі, соңында жауапқа тартылуда. Осы ретте полиция есірткіні жасырын қойып кетті деген күдікпен 30-дан астам жасты ұстады.
Тәртіп сақшылары нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарына қарсы іс-шараларды үздіксіз ұйымдастыруда. Республика бойынша полицияның бастамасы бойынша «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» сияқты 7 мыңнан астам іс-шара мен акция өткізіледі. Іс-шара барысында облыс полицейлері белгілі спортшылар, әншілер, қоғам қайраткерлері және халық қалаулыларын қатыстырып, дене саулығын сақтауға және есірткіден бас тартуға шақырып, түрлі форумдар мен челлендждер жасауда. Оған 50 мыңнан астам студент пен жергілікті тұрғын қатысты.
Бұл бағыттағы полиция жұмысы алдағы уақытта да жалғасатын болады. Полицейлер нашақорлықтың алдын алу мен есірткі қылмысына қарсы күрес бірлескен күш-жігерді қажет ететінін атап өтті.