АНА МЕН БАЛАНЫ ҚОРҒАУ МЕН ҚОЛДАУ МАҢЫЗДЫ ІС

0
32

Ана мен баланы қорғау – әлеуметтік саясаттың аса маңызды құрамдас бөлігі.  Мемлекеттің дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы тікелей отбасына байланысты десек, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартудағы, отбасын нығайтудағы басым бағыттардың бірі – ана мен балаға әлеуметтік қолдау жасау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау, отбасын қолдау орталықтары арқылы психологиялық қолдау жасау. Сол сияқты өмірден теперіш көріп қиналған ана мен балаға да мемлекет, қоғам тарапынан қолдау жасау, жәрдемдесу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде екі бірдей заңға қол қойды. Оның біріншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» болса, екіншісі – «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы.
Облыс көлемінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстардың алдын алу мен жолын кесу мақсатында 20-29 қаңтар аралығында «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Жедел профилактикалық іс-шара барысында спирттік ішімдіктерге әуес, отбасы-тұрмысы саласында құқық бұзушылықтар жасайтындар және тұрмысы төмен отбасыларды есепке алу жүргізілді. Науқан басталған күннен облыстық полиция департаментінің отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімі қызметкерлері басқа да құрылым күштерімен бірігіп «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге іс-қимыл алгоритмін айтып, 3000 ға тарта үнпарақ таратты.
Профилактикалық іс-шара басталған күндерден бастап Ішкі істер органдарында есепте тұрған «Қорғау нұсқамасы шығарылғандар», «Ерекше талаптар белгіленгендер», «Алкогольдік өнімдерді шамадан тыс қолданатындар» санаттарымен тұрған адамдарды учаскелік полиция инспекторлары және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторымен бірлесіп тұрғылықты мекен-жайларынан тексеріліп, олармен жеке-профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ал, Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында шұғыл жиыны өтті. Бұл басқосу аталмыш мекеме басшысы Жақсыбек Утегеновтың бастамасымен ұйымдастырылды.
Жиынға Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Камилжан Абилахатов, Мансап орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Азамат Сыздықұлы, Сайрам ауданының полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция А.Алихан және мобильді топ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Орталыққа жүгінген, өмірлік қиын жағдайға тап болған Қарабұлақ ауыл округінің тумасы, қазіргі таңда Ақсукент ауылдық округінде жалдамалы пәтерде тұратын азаматшаның мәселесі көтерілді.
Тұрмыс тауқыметін тартқан азаматшаға аталған мәселесі бойынша заңдылыққа сәйкес кеңестер берілді. Сондай-ақ Қарабұлақ ауыл округінің әкімі Камилжан Абдилахатовтың демеушілігімен отбасына қыстық киім, азық-түлік жабдықтарын алу, Сайрам ауданы Мансап орталығының ықпалымен арнаулы әлеуметтік көмек көрсету және қоғамдық ақылы жұмысқа тарту мәселесі қарастырылды.
Өз кезегінде, Қарабұлақ ауыл округінің әкімі Камилжан Абдилахатов егер ол азаматша Қарабұлақ ауылына көшіп келген жағдайда, қолдау көрсетілетінін білдірді. Уақытша тұрғын үй және атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж болған жағдайда (АӘК) сүйемелдеп, сондай-ақ алдағы уақытта демеушілердің баспана салып беруге ниетті екендіктерін жеткізді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша азаматтардың бірі мемлекеттен берілетін несиеге қол жеткізуді сұрады. Бұл мәселе бойынша аудандық Мансап орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Азамат Сыздықұлы өтініш иесіне тиісті түсіндірмелер берді. Ауданымызда орналасқан кәсіпкерлер палатасында «Бизнес-Бастау» бойынша оқу курсынан өткеннен соң, орталыққа құжаттарды тапсыру керектігін айтты.