ЭКОНОМИКАНЫ КӨТЕРУ БАҒЫТЫНДА ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУ КЕРЕК

0
37

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор. Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз» деп елімізде және барлық аймақтарда экономиканы қарқынды дамытудың аса маңыздылығын атап көрсетті.
Түркістан облысы әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жолдары талқыланған мәжіліс өтті. Күн тәртібінде 6 мәселе қаралды. Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды және энергетиканы дамыту, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік салаларды дамыту, цифрлық технологияны жан-жақты енгізу, салық-бюджет саясатын реформалау және «Заң мен тәртіп» қағидасын іске асыру жөніндегі жоспарлар баяндалды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауаптыларға өңір экономикасын көтеру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
– Мемлекет басшысы экономикамыздың көлемін арттыруды және өңіріміздің жалпы ішкі өнімін өсіруді тапсырды. Өңдеу өнеркәсібін жедел дамытуды және инвестиция таруға баса мән беруді айрықша атап өтті. Өңірге жеке инвестиция тарту – аудан, қала әкімдерінің ең басты міндеті. Облыста жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғыртумен қатар жаңа өндіріс орындарын ашуға баса мән беру қажет. Шетелдік және отандық инвесторларға бірдей ұстаным мен талап қойылуы керек және олар экологиялық талаптарды міндетті түрде орындаулары қажет. 2025-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 85 инвестициялық жобаның пулы қалыптасты. Осы жобаларды іске асыру бойынша жеке-жеке жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жетекшілік ететін салалары бойынша жоспарларын баяндаса, басқарма басшыларының да есептері мен жоспарлары тыңдалды. «Заң мен тәртіп» қағидасын іске асыру бойынша Түркістан облысының полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов баяндама жасады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров экономиканы әртараптандыру, облыс аумағында жер қойнауын пайдаланушыларымен жасалған әрбір келісімшарт міндеттемелерінің толық орындалуын қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейтуді және су үнемдейтін технологияларын енгізуді тапсырды.
Жауаптыларға негізгі басымдықтарды айқындап, стратегиялық маңызы бар жобаларды қаржыландыру және жеке инвестиция тарту жұмыстарын жүргізуді, туризм, инфрақұрылымды дамыту, ауыз су, газ мәселесін шешу, құрылыс жұмыстарының сапасын арттыру, медицина, білім, әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берді. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жүйелі іс атқару, цифрлық технологияны енгізу, бюджетті тиімді игеру, өзіндік кірістерді арттыру, жұмыс орындарын ашу бағытында да жұмыс жанданады.
Қорыта айтқанда облыстық әкімдіктегі мәжілісте аймақ басшысы барлық қала, аудан әкімдерінің Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде алға қойған міндеттерді жүзеге асыру жолында үлкен жауапкершілікпен, бастамашылдықпен және белсенділікпен жаңаша жұмыс жасауы ғана өңірлердің экономикалық қана емес барлық жағынан қарқынды дамуын қамтамасыз етеді. Сондықтан да жергілікті әкімдер мен атқарушы органдардың басшылары өздері жұмыстарын ширата түсумен қатар қарамағындағылардың да жаңаша қалыпта жауапкершілікті сезіне отырып ел игілігі үшін жұмыс істеуіне қол жеткізгенде ғана өңірлер мен аймақтардағы әлеуметтік-экономикалық даму даңгейі көтеріліп, халықтың өмір сүру жағдайы жақсара түсетін болады.