ОБЛЫС ӘКІМІ ИТАЛИЯ ЖӘНЕ КОРЕЯ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Инвестиция тарту арқылы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық қуаттылығын арттыру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша Түркістан облысында ішкі және сыртқы инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Италияның Eni Plenitude энергетикалық компаниясының Қазақстандағы «ArmWind» ЖШС-ның Бас директоры Федерико Пульезе бастаған делегацияны қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын жан-жақты талқылады.
Баламалы энергия өндірумен айналысатын халықаралық энергетикалық компания Түркістан облысы, Отырар ауданында қуаты 50 МВт болатын заманауи технологияларға негізделген «Шәуілдір» күн электр станциясының құрылысын жүзеге асырған. Бұл өз кезегінде, қоршаған ортаны ластамай, электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді. Кездесу барысында осы жобаның әлеуеті мен оның мүмкін болатын дамуы туралы сөз қозғады.
Сондай-ақ энергия үнемдеу мен жаңартылатын қуат көздерін қолдануды өнеркәсіпті дамытуда пайдалану туралы талқыланды. «Күлтөбе» археологиялық алаңында 3D карталау жабдығын орнату мүмкіндігі туралы итальяндық компаниямен талқылаулар жүргізілді. Облыс әкімі бұл жұмыстардың аймақ үшін маңыздылығын ерекше атап өтіп, өңірдің дамуына бағытталған жобаларды қолдауға дайын екенін айтты.
– Осы уақытқа дейін өздеріңізбен тығыз байланыста жұмыс атқарып келдік және болашақта да бірлескен жобаларды іске асыру бойынша екіжақты ынтымақтастығымызды одан әрі дамытамыз деп үміттенеміз. Біздің өңіріміз жаңартылатын энергия көздері саласында айтарлықтай ресурстық әлеуетке ие. Сондықтан осы жұмыстарды өңірдің өнеркәсіптік секторына да қолдануды қарастырудамыз. Осы бағытта бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын Өз тарапымыздан өңір дамуына, тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін барлық бастамаларды қолдауға әрқашан дайынбыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров. ArmWind компаниясының Бас директорі өз кезегінде аймақтың дамуына жергілікті еңбек күшін және техникалық дағдыларды арттыру арқылы үлес қосатын, сондай-ақ ArmWind компаниясының тұрақты даму миссиясына сәйкес жаңартылатын энергия көздері саласында жаңа мүмкіндіктерді зерттеу мақсатында осы жемісті ынтымақтастықты жалғастыруды ұсынды.
Айта кетейік, италиялық Eni Plenitude Arm Wind компаниясы Түркістан қаласындағы мектепке қуаты 50 кВТ-қа тең күн электр станциясын орнатқан болатын, сондай-ақ басқа да энергия тиімділігін арттыру шараларын жүзеге асырды.
Түркістан облысы озық ауыл шаруашылығы технологиялары мен халықаралық ынтымақтастықтың орталығына айнала отырып, агроөнеркәсіптік секторға инвестициялар тартуды жалғастыруда. Соған орай облыс әкімі Нұралхан Көшеров Корея елінен арнайы келген бір топ инвесторлармен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар бірқатар маңызды жобаларды жан-жақты талқылады.
Кәсіпкерлер құрама жем өндірісін дамытуға, ірі қара мал өсіруге және озық корей технологияларын қолдана отырып күріш өсіруге бағытталған ауқымды инвестициялық жобаларды іске қосудың жоспарларын таныстырды. Жобаны іске асыру өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және аграрлық секторға заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы өндірісіне заманауи технологияны енгізудің маңыздылығын ерекше атап өткен өңір басшысы Түркістан облысының ерекше климаттық жағдайына тоқталып, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылатын жобалар туралы жоспарларымен бөлісті. Әкім халықаралық агроөнеркәсіп саласындағы мамандандырылған компаниямен екіжақты іскерлік қарым-қатынасты орнатуға ниетті екенін жеткізді.
– Бірлескен жобаларды облысымыздың оңтүстік өңірінде жүзеге асыруға болады. Ондағы бірнеше ауданның өзінде 1 миллионнан астам халық тұрады. Жұмыс күші жеткілікті. Қалдықсыз өндіріске қажетті өнімдермен өзіміздің шаруалар қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар бірегей технологиялық әдістермен жергілікті диқандармен тәжірибе алмасуға шақырамын. Біздің өңірдің халқы өте еңбекқор, жаңашылдықты жақсы қабылдайды, — деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологиялары мен жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану жұмысы қарқынды жүруде. Өңір экономикасының маңызды саласы ауыл шаруашылығында өнім көлемі былтыр 1 трлн теңгеден асып, өндірілген өнім бойынша елімізде көш бастады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 896 мың гектарға егіледі.