АНА МЕН БАЛАНЫ ҚОРҒАУ МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСЫМ БАҒЫТЫНЫҢ БІРІ

Ана мен баланы қорғау кез келген мемлекеттің ішкі саясатының басым бағыты ретінде қарастырылады. Сонымен қоса ана мен баланы қорғау – мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығының да өзекті саласы. Ана мен баланы қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігі құқықтық база мен іске асыру механизмдеріне келіп тіреледі. Қазақстан Республикасында бүгінгі таңда осы саланы тиімді реттеуге мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық база қалыптасқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қос заңға қол қойды. Өзгерістер мен толықтырулар негізінен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтармен байланысты құқық бұзушылықтар, қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатайтуға бағытталған.
Мұндай қатаң шаралар қабылдауға кейінгі кезеңде қоғамда жиі тіркелген түрлі келеңсіздік, тіпті жан түршігерлік оқиғалар түрткі болды. Түркістан облысында Мемлекет басшысының ана мен баланы қорғау жөніндегі тұжырымдары мен екі бірдей заңға қол қоюына орай ана мен баланы қорғау бойынша жұмыстарды жандандыра түсу қолға алынуда. Облыс аумағындағы атқарушы билік органдары бас болып, құқық қорғау, басқа да осы салаға қатысты мекемелерде жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаевтың төрағалығымен Түркістан қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі өткізілді.
Мәжілісте қалалық «Жастар ресурстық орталығы» МҚҚ-ның басшысы А. Пиржанова, «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-ның басшысы Г.Даханованың 2024 жылда атқарған жұмыстары тыңдалып, Түркістан ҚПБ ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы А.Қаражігітова 2025 жылға жоспарланған жұмыстары бойынша баяндама жасады.
Комиссия мүшелері отбасыларды қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу қоғам үшін аса маңызды мәселелердің бірі екенін, бұл бағытта жүйелі түрде қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Сонымен қатар, отырыс барысында отбасылық құндылықтарды нығайту, бала тәрбиесі және қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, қатысушылар өз пікірлерімен бөлісті.
Президенттің тұрмыстағы зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту туралы тапсырмасы маңызды әлеуметтік мәселеге берілген нақтылы жауап болды. Қабылданып отырған заңдар қоғамда дұрыс қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ алғаш рет заңнамалық деңгейде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасын қолдау орталықтарын құру үшін отбасы мәселелері бойынша 111 байланыс орталығының жұмыс істеуіне құқықтық негіз жасалып отыр.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Гүлмира Тоқанова мәлім еткендей: «Отбасыда, көшеде, қоғамдық көлікте немесе интернетте жасалған зорлық-зомбылық пен агрессиядан әйелдер мен балалардың құқығын қамтамасыз етуге және қорғауға бағытталған заңдарға қол қойылды. Енгізілген жаңа нормалар бірнеше әлеуметтік маңызды міндетті орындауға тиіс. Бұл ретте, қылмыстың алдын алу, жазаның бұлтартпастығы және зардап шеккендерге қолдау көрсету инфрақұрылымын күшейту жақсы ескерілген. Мәселен, енді ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзу әрекеті ретінде сипатталады. Кінәліге айыппұл салынады немесе қамауға алынады. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін де қамаққа алу жазасы қарастырылған, яғни әкімшілік жаза емес, қылмыстық жауапкершілік болады».
Оның пайымдауынша, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік қылмыстар бойынша тараптардың татуласу мүмкіндігін жоққа шығаратын тармақ – өте маңызды түзету.