ЕЛ ДАМУЫ ҰЛТАРАЛЫҚ ТҮСІНІСТІК ПЕН БІРЛІККЕ БАЙЛАНЫСТЫ

Қазақстан Республикасы КСРО құрамында болған жетпіс жыл ішінде көп теперіш көріп, Қазақ даласы ғана емес оның автохонды халқы – қазақтардың басынан да талай нәубет пен зұлматтар өтті. Кеңестік биліктің басты мақсаты патшалық ресейдің бұратана халықтар бойынша жүргізген саясатын жалғастырып, тек қана қанаудың түрі мен әдістерін жымысқылықпен өзгерте отырып іске асыру болды. Қазақ даласы мен оның тұрғылықты халқының ерекшеліктерін есепке алмай жүргізілген саяси-экономикалық саясаттың кесірінен және басқа да аз санды ұлттарға жүргізілген қитұрқы саясаттың кесірі Қазақстанның тұрғындарынкөп қиындыққа душар етумен бірге республиканың демографиялық ахуалын да түбегейлі өзгертіп жіберді.
Қазақ төңкерісінен бастап отызыншы жылдарға дейін ақ пен қызыл болып азамат соғысы жүрді. Ол бітер-бітпесте бай-кулактарды конфискациялап мал-мүлкін тартып алып, өздерін айдау науқаны басталды. Іле-шала колхоздастыру науқанының сылтауымен жүргізілген жұмыстардың кесірінен қазақ барлық малынан айрылып, егістігінің өнімін де үкіметке өткізіп ашаршылыққа ұшырады. Оған «халық жаулары» деген сылтаумен қазақ оқығандары мен тектілерін атып-асып, айдауға жіберу қосылып байтақ даланың байырғы халқы ұлттың жартысынан айрылып, есеңгіреп қалды. Саны аз ұлттарды ашаршылықтан саны күрт кеміген республика тұрңындарының қатарын толықтыру мақсатында жер аударып көшіріп, қоныстандыру жүргізілді. Екінші дүниежүзілік соғыс діңкелетіп кеткені аздай елуінші жылдары Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталып одақтың барлық аумақтарынан көптеген ұлттардың өкілдері түрлі ұранмен қазақ жеріне қоныстандырылды. Алпысыншы жылдары қазақ ұлты өз жерінде отыз пайызға да жетпей қалды.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң жүзден астам ұлттың өкілдері мекендеген Қазақ жерінде қазақтардың толеранттығының арқасында ұлтаралық қақтығыстар орын алған жоқ. Басқа одақтас республикаларда ұлтаралық жанжалдардың өрті лаулап тұрғанда Қазақстан билігі қазақстандықтардың бірілігі мен ынтымағын, тату-тәтті бірге өмір сүруін қамтамасыз ету үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымын құрды. Ұйымның басты мақсаты – қазақ халқымен бірге өмір сүріп жатқан жүз отызға жуық этнос өкілдерінің өзара түсіністікте, ынтымақта өмір сүріп және Қазақстан Республикасын дамытуда бірлікте қоян-қолтық еңбек етуін қамтамасыз ету болды. Міне, бұл ұйым мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында елдегі барлық ұлт пен ұлыстардың қазақ халқының айналасына топтасып бірлесіп Жаңа Қазақстан құруға жұмылдырып келе жатқанына отыз жылдың жүзі болды.
Қазақстанның нарықтық қатынастар мен электрониканың заманында әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамып бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына көтерілуі үшін қоғамдық-саяси ахуал, ұлтаралық қарым-қатынас тұрақты болуы қажет. Сонда ғана мемлекет дамып, жарқын болашаққа жетуге мүмкіндік ашылады. Ассамблея осы мақсатта жұмыс жасап келе жатыр.
Түркістанда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің бірлескен отырысы өтті. Бірлікті бекемдеген басқосуға Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы мен аудан, қалалардағы филиалдарының басшылары, аудан, қалалардағы ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, облыстық білім, денсаулық, мәдениет басқармасының, полиция департаментінің, БАҚ-тың өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев ҚХА-ның 30 жылдығы аясында өңірде өтетін іс-шаралардың дайындық барысына тоқталды.
– Бірлік, татулық және ынтымақ – елдігіміздің мызғымас тұғыры әрі мемлекетіміздің басты құндылығы. Биыл еліміздегі этносаралық татулық пен бірліктің нығаюында ерекше орын алатын Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толып отыр. Облыста мерейлі датаны мемлекеттілікті нығайту деңгейінде өткізуге баса мән берілуде. Бұл ретте, өңірімізде «Қоғамдық келісім» КММ-і тарапынан Ассамблеяның құрылған күні және Алғыс айту күніне байланысты 10 күндік шара ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, облыс әкімдігінің қолдауымен 30 жылдық аясында өңірімізде ұйымдастырылатын 34 жоба ұсынылып, мақұлданды. Оның ішінде ел бірлігін нығайтуға екпін беретін бірнеше телевизиялық жобалар бар. Сонымен бірге, мерейтойлық жылға байланысты облыстық Ассамблеяның құрылып, қалыптасуына үлес қосқан азаматтар туралы арнайы кітап шығару жоспарланған, – деді басқарма басшысы.
Келелі кеңесте Түркістан облысы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов пен ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова өңіріміздегі бірлік пен тұрақтылықты нығайту, этносаралық келісімді жандандыру, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында баяндама жасады.
Жиын қатысушылары Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің, этносаралық тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың облыс аумағында іске асуымен танысып, алдағы атқарылатын жұмыстар жайын талқылады.
Басқосу сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Бұл ретте, басқарма басшысы Ерлан Күзембаев пен «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева барлық сұрақтарға тұшымды жауап берді.
Кездесуді қорытындылаған басқарма басшысы халықтың бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді сақтау және Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды жобаларын жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.