КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРМЕН ЖҰМЫС ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағынан қарыштап дамуы мен жарқын болашағы жастар саясаты мен жас ұрпаққа жасаған қамқорлығына тікелей байланысты. Өйткені бүгінгі жеткіншектер мемлекеттің ертеңгі ересек азаматтары, еңбек ресурстары, интеллектуалды күші мен мемлекеттік қызметшілері, кәсіпкерлері және ел басқарушылары болып өседі. Сондықтан да, мемлекетімізде жастар мен жеткіншектерге арналған арнайы бағдарламалар мен жобалар қабылданып жүзеге асырылады. Сонымен бірге жас ұрпақты білім мен тәрбиелеуге, денсаулығына, жан-жақты болып өсуіне барлық жағдайлар жасалынады.
Балаларды қорғау, кәмелетке толғанша құқықтарын қорғап, теріс жолға түсіп кетуден сақтандыру, нашақорлық, ұрлық, лудомания, бұзақылық жолдарға түсіп кетуіне жол бермеу үшін мемлекеттік, құқық қорғау, қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс жүргізеді.
Балаларды қорғау мен олардың жарқын болашағын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар Түркістан облысында жүйелі атқарылады.
Шардара ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын корғау жөніндегі комиссия төрағасы, аудандық әкімінің орынбасары Б.Шомпиевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиынға аудандық білім, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің жауапты қызметкерлері және құқық қорғау орган қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібіндегі аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының инспекторына жүктелген міндеттері және аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссияның 2024 жылы атқарған жұмыстары туралы баяндамалар жасалды.
Комиссия мүшелері атқарылған жұмыстарды саралап, ағымдағы жылдағы жұмыс жоспарларын пысықтады.
Сол сияқты Шардара ауданында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы бағытталған ведомствоаралық штабтың отырысы өтті. Аудан әкімдігі жанынан құрылған штаб отырысын аудан әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Бауыржан Шомпиев ашып, жүргізіп отырды. Штаб отырысының күн тәртібінде бірқатар мәселелер қаралып, 2024 жылдың 12 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы және алдағы жоспарлар мен бағыттар талқыланды.
Штаб отырысында Шардара аудандық полиция бөлімінің, аудандық орталық ауруханының және ішкі саясат бөлімдерінің есептері тыңдалып, тиісті тапсырмалар жүктелді.
Алдағы уақытта нашақорлыққа қарсы жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында нақты жоспарлар құрылып, жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігі айтылып, пысықталды.
Облыс аумағында балалар денсаулығына да ерекше мән беріліп келеді. Таяуда Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері 6 жасар қыз баланың асқазанына күрделі ота жасады. Асқазанда өте үлкен мөлшердегі бөгде заттар анықталған пациент шұғыл түрде Түркістан каласынан Облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жедел жәрдем қызметімен жеткізілген. Сол мезетте асқазанға ЭФГДС процедурасын жасау арқылы бөгде зат анықталып, күрделі ота жасалды. Ота кезінде дәрігерлер бүлдіршіннің асқазанынан ұйысып қалған бір уыс шаш алып шықты. Асқазаннан шыққан шаштың салмағы бір келіге жуық. Ота сәтті өтіп, емделуші бір күннен кейін палатаға ауыстырылды. Бір аптаға жуық ауруханада ем алған қыз баланың жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды.
Анасының айтуынша, баланың аурғанына 1 ай болған. Ол асқазан аймағының ауырсынуына, әлсіздікке, тәбетінің болмауына, салмағының төмендеуіне шағымданған.
«Отаның ұзақтығы бір сағатқа созылды. Ота өте сәтті өтті. Жалпы мұндай жағдайлар баланың қараусыз қалғанынан болады. Кішкентай балалар түрлі заттарды аузына салып, салдарынан ішке зиянды заттар жиналады. Бұл жағдай баланың өмірі үшін қауіпті болғандықтан, ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауларын ескертеміз. Түркістан облыстық балалар ауруханасында хирургиялық көмектер тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында көрсетіледі» деді Облыстық балалар ауруханасының балалар хирургі Мұқағали Темірбеков.