ТАҒЫ ОТЫЗ ТҮЛКІБАСТЫҚ БАЛЫҚ ӨСІРУГЕ БЕКІНІП ОТЫР

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 28 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде барлық салаларды қарқынды дамытуға байланысты ойлары мен ұсыныстарын, татымды тұжырымдарын айта келіп «Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар.
Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес» деді. Ол өткен жылды Ауыл шаруашылығы саласы жақсы көрсеткіштермен қортындылағанына қарамастан, ішкі резервтерді табу, жаңашылдықпен тың идеяларды жүзеге асыру, шығынды аз қажет етіп мол өнім бере алатын салаларды дамыту сияқты ізденістермен жетістіктерді молайта түсу бойынша жұмыс жасауды тапсырды.
Түркістан облысында барлық саланы, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуда жаңашылдықпен, ізденімпаздықпен және қала, аудандардың табиғи ерекшеліктерін ескере отырып дамытылуға тиісті шаруашылық түрлерін таңдау, мемлекет тарапынан ауыл еңбеккерлеріне беріліп отырған жеңілдіктер мен қолдауларды тиімді пайдалана білуге ұмтылуда. Табиғаты сулы да нулы аудандарда соған лайық кәсіп түрлерін дамытуға мән берілуі аз шығынмен мол табыс табуға септік етерлік бір себеп. Облыс әкімі мүмкіндігі бар аудандар мен елдімекендер аумағында балық шаруашылығы саласын дамытуға мән беру керектігін, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Түлкібас ауданының әкімі Аскар Естібаевтың төрағалығымен аудан аумағында балық шаруашылығын жүргізіп жатқан және бастауға ниетті азаматтармен семинар-кеңес өтті.
Бүгінгі таңда аймақта 26 балық шаруашлығы бар. Олар жылына 120 тонна өнім алып келеді. Ал, қазіргі таңда осы бағытта кәсібін өрлетуге қосымша 30 кәсіпкер бел буып отыр.
Аймақта қандай балық өсірген тиімді, шабақтарды қайдан алған және оларға қандай жем берген дұрыс? Еркін форматта өткен басқосуда осы және басқада сауалдарға арнайы шақыртылған «Tulkibas Fihing&resort» ЖШС өкілі Тоқтаров Болат толыққанды жауап берді.
Атап айтсақ, аудан аумағында форель балығын өсіруге судың температурасы ыңғайлы болып келеді. Сонымен қоса, жасанды көлдерде толық технологиялар сақталса сазан балығы мен ақ амур, дөң маңдайды да өсіруге болады.
Балық шаруашылығын егжей-текжейлі меңгерген Болат Шырыналыұлы жасанды көл қазбас бұрын бірінші мамандармен ақылдасып алу керектігін ескертті. Ол жерде қажетті су айналымы болмаса, ондай суда балықтың өсуіде екіталай деді, білікті маман.
Бір жарым сағатқа созылған басқосуда балық шаруашылығын ашуға ниетті азаматтар көкейлеріндегі сауалдарын мамандарға қойып, қанағаттандырарлықтай жауап алды.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы балық шаруашылығын дамытуға ниетті азаматтарға Заң аясында барлық қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізіп, алдағы уақытта тәжірибе арттыру мақсатында үлгілі балық шаруашылығының басында көшпелі практикалық семинар ұйымдастырылатындығын атап өтті.
Жауапты бөлімге арнайы WhatsApp чатын ашып, балық шарушылығын жүргізіп жатқан және ниетті азаматтардың, білікті мамандардың басын сол жерде қосуды тапсырды. Ол жерде жаңадан кәсібін бастап жатқандар тәжірибелі шаруалармен пікір алмасып, көкейіндегі сауалдарға жауап ала алатындай болуы керек деді.
Айта кетерлік, бүгінгі таңда елімізде балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, дамытуға бел буған азаматтарға сатып алынған жемі және шабақтарына 30 пайызға дейін субсидия қарастырылған