АҒЫН СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

0
31

Аудандық басқармалар үйінде Сауран ауданының ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша құрылған кеңес мәжілісінің отырысы өтті. Жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудан прокуроры Алмаз Асылбеков, мәслихат депутаттары, «ҚазСуШар» РМК, «Тұран су» ШЖҚ МКК басшылары, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының су бөлімі, ауыл шаруашылығы кеңесінің мүшелері және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 2025 жылғы егіншілік кезеңінде ауыл шаруашылығы жерлерін ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Алғашқы сөзді Сауран ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекзат Абубакиров алып, аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Ол аймақтағы су тапшылығының алдын алу, су ресурстарын тиімді пайдалану және егістік жерлерді толықтай ағын сумен қамтамасыз ету бойынша жасалып жатқан шараларға тоқталды.
Келесі баяндама «Тұран су» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Лесовке берілді. Ол өз баяндамасында су жүйелерінің жағдайы, олардың күтімі мен жөндеу жұмыстары, сондай-ақ алдағы маусымға дайындық барысы туралы айтты. «ҚазСуШар» РМК Түркістан облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары Жандарбек Бақашбаев та өз кезегінде сөз алып, су ресурстарын басқару, су жүйелерін жаңғырту және тиімді бөлу шараларын жүзеге асыру жөнінде баяндама жасады.
Мәжіліс барысында қатысушылар ауыл шаруашылығы саласында кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын қарастырды. Қатысушылар су тапшылығының алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді суландыру, жаңа технологияларды енгізу және ирригациялық жүйелерді жақсарту қажеттігін атап өтті. Жиын соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағалау керектігін айтты.
Сол сияқты табиғатты қорғау мен экологиялық тәртіпті сақтау мақсатында елімізде жыл сайын өтетін республикалық «Таза Қазақстан» эко акциясы аясында Сауран ауданында тазалық жұмыстары жалғасуда. Бұл жолы ауданның түрлі аумақтары мен жол бойларының тазартылуына ерекше назар аударылуда.
Акция аясында Түркістан — Қызылорда бағытындағы автомобиль жолының бойы мен аудан орталығының ішкі көшелері тазартылуда. Сонымен қатар, арық-атыздар мен жол жиектері де арнайы жұмыстармен ретке келтірілді. Балалар ойын алаңшалары да қоқыстан тазартылып, тұрғындар мен балалар үшін қауіпсіз әрі таза орта қалыптастыруға басымдық берілді.
Жұмыстарды тиімді әрі сапалы жүзеге асыру мақсатында 4 бірлік арнайы техника мен 70-ке жуық жұмысшы тартылды. Барлық жұмысшылар ұйымдасқан түрде өздеріне тапсырылған аумақтарды тазалап, қалдықтар мен қоқыстарды жинады. Олар әрбір учаскеде мұқият жұмыс істеп, тазалықты сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдады.
Қазіргі таңда елімізде экологиялық жағдайды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау мақсатында түрлі бастамалар қолға алынуда. Солардың бірі – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы. Бұл акцияның басты мақсаты – еліміздің әрбір аймағында тазалықты сақтап, экологиялық тәртіпті қалыптастыру. Аудан көлемінде осы акция аясында арнайы мобильді топ құрылып, тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында ретсіз қоқыс тастаудың алдын алу шаралары қолға алынған болатын. Дәл осы шара Оранғай және Жүйнек ауылдық округтерінде жүзеге асты.
Мобильді топтың басты міндеті – аудан аумағында үнемі тазалық жұмыстарын бақылап, қажет болған жағдайда түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Олар күн сайын түрлі орындарды аралап, ретсіз қоқыс тастаушыларды анықтап, оларға экологиялық тәртіпті сақтау қажеттілігін түсіндіруде. Қазіргі уақытта бұл топтың жұмысы тиімді әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Мобильді топ тұрғындар мен кәсіпкерлерге экологиялық заңнамалар мен тазалық сақтау ережелерін түсіндіреді. Әрбір тұрғыны мен кәсіпкері бұл жұмыстарға жауапкершілікпен қарап, өз аумақтарын таза ұстауға үлес қосуы қажет.
Сауран ауданында экологияны жақсартуға бағытталған тазалық шаралары белсенді түрде жалғасуда. Бұл жұмыстар ауданның барлық ауылдық округтерін қамтып отыр. Бүгінгі күні ауылдық округтерде ағаштардың бұтақтары кесіліп, маңызды көшелер бойындағы қоқыс қалдықтары жиналып, тазартылды.
Аталған шараларға аудан әкімдігі тарапынан 40 жұмысшы жұмылдырылып, 3 арнайы техника пайдаланылды. Жұмысшылардың тиімді әрі нәтижелі жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды. Сонымен қатар, тазалық шаралары барысында тұрғындарға экологиялық мәдениетті арттыру, табиғатты қорғау және оның ластануын болдырмау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, ауданның барлық елді мекендерін қамтиды.