ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСҚАН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай атқарушы және құқық қорғау органдары тұрғындармен кездесулер, жеке қабылдаулар, басқа да тұрғындармен қоян-ұолтық қатынас жасайтын шараларды көптеп өткізіп, азаматтардың қандай да бір мұқтаждықтары мен тілек-өтініштерін дер кезінде назарға алып, заң аясында көмектесіп, қолдау жасауды жүзеге асыруда.
Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын тыңдады. Көбіне тұрғындар қылмыстық істер, тергеу шаралары, тәртіп сақшыларына қатысты арыз-шағымдар, ұсыныс-пікірлерімен келді.
Полиция полковнигі Қ.Сахов әр тұрғынның арызын мұқият тыңдады. Ал аудандағы полиция басшылары бейнеселекторлық режимде қосылды. Осылайша әрбір жеке қабылдауға жазылушы тұрғынның мәселесі бойынша басшы құрам баяндады.
Нәтижесінде кейбір мәселелер бойынша тергеушілер мен қызметкерлерге сол сәтте нақты тапсырмалар берілді. Бірқатар шағымға байланысты тұрғындармен тағы да кездесіп, істі соңына дейін жеткізуге уәде етті.
Ал, жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалап жүрген Түркістан облысы Мақтаарал ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері, учаскелік полиция майоры Нұрлан Икимбаев пен полиция аға лейтенанты Оралхан Тілеуов авариялық жарықшамы қосылып тұрған «Chevrolet Cobalt» автокөлігін байқайды. Полицейлер бірден тоқтап, көмек көрсетуге ұмтылады.
Белгілі болғандай, жүргізуші Ол Өзбекстан Республикасының азаматы болып шықты. Оның айтуынша, жүргізуші полиция қызметкерлеріне жанармайы таусылғандықтан жолда қалғанын сондай-ақ ол жақын маңдағы жанармай құю станциясына жете алмай өзгелерден көмек ала алмағанын айтып түсіндірген.
Мән-жайды бірден түсінген полицейлер тез арада іске кірісіп, жақын маңдағы бекетке барып, шетелдік жүргізушіге жанармай мен көлік тартатын тросс жеткізіп береді.
Өз кезегінде тәртіп сақшылардың көмек көрсеткені туралы жүргізуші өзінің бейнежазбасында хабарлап, полицейлерге шын жүректен алғыс білдірді.
Сауран аудандық полиция бөліміне ер адам хабарласып, көмек сұрайды. Оның айтуынша, жайылымдық жерде бос жайылып жүрген 25 бас жылқысы ұшты-күйлі жоқ болған. Шығынның жалпы құны шамамен 15 миллион теңгеден асады.
Тұрғынның айтуымен полиция қызметкерлері жылқыларды жедел іздестіруге кірісті. Жол талғамайтын қызметтік көлікпен егістік алқаптар мен жайылымдық жерлерді қарап шықты. Таңертеңнен кешкі уақытқа дейін жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған жылқылар 30 шақырым қашықтықта орналасқан алқаптан табылды. Тәртіп сақшылары жылқыларды өз иесіне табыстады.
Жылқыларының табылғанына қуанған тұрғын: «Биелерім сағынып қалыпты. Қандай қуанышты жаңалық. Криминалдық полицияның жігіттеріне алғысым шексіз. Жоғымды тауып, сүйінші жаңалық әкеліп тұр»-дейді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға төрт түлігін қараусыз қалдырмауды, міндетті түрде бақташы жалдап, үй жануарларына ен-таңбаларын салдыртыңыз, деп ескертті.
Ал мына бір оқиға республикалық маңызы бар «Алматы-Ташкент-Термез» тас жолында орын алды. Патрульдеу жұмысымен қызметте жүрген полиция аға лейтенанттары М.Курбанбаев пен Н.Сайымкулов «Сарыағаш-Жібек жолы» аспалы көпірінде жалғыз тұрған жас келіншекті байқайды.
Таңғы уақытта арлы-берлі жүрген әйелден күмәнданған қызметкерлер оның өз-өзіне қол жұмсамақшы болғанын көреді. Содан бірден әрекет етіп, оқиға орнына жетеді. 5,5 метр биіктіктен секірмекші болып, көпірге жармасқан жас келіншекті әңгімеге алдандыра отырып, қолынан тартып алады. Қапсыра құшақтап алып, қауіпсіз жерге алып шығады. Осылайша әйелдің өмірмен қоштасуына жол берілмеді.
Полицейдің қызметі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болғанымен, кейде құтқарушы, ал енді бірде психолог болады. Мұны жақсы білетін қызметкерлер өмірден түңіліп, жабырқап тұрған келіншекке түсіндірме жұмысын жүргізді. Әйел өз жауабында отбасылық жағдайынан шаршағанын жеткізді.
Бүгінде оқиғаның толық мән-жайын анықтап, онымен профилактикалық әңгімелесу шаралары атқарылуда. Ал полицейлер: «Бұл біздің — міндетіміз. Әрбір азаматтың амандығын қамтамасыз ету үшін қызмет етуге қашанда дайынбыз»,-дейді өз сөздерінде.