АУДАНДА ЕКІ СУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы халыққа жолдауларында ел экономикасына инвестиция тартудың маңыздылығын тұрақты түрде айтып жүр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы биылғы жылдың 28 қаңтар күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде: «Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту… Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн» — деп нақты тапсырмаларын берді.
Түркістан облысында барлық салаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмаларын орындау мақсатында инвестиция тарту жұмысы алдағы кезде бұрынғыдан да жандандырыла түспек.
Бұл бағыттағы жұмыстар өзге өңірлердегідей Қазығұрт ауданында бұрынғыдан да күшейтілді. Оның бір мысалы, биылғы жылы ауданымызда Австрия елінен келген кәсіпкерлердің инвестиция жасауымен жоба құны 2 млрд теңгені құрайтын 2 су электр станциясы салынатын болады. «Смарт Энерджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі таңда аукцион арқылы барша қажет құжаттарын рәсімдеп, бұл жобаны «Үлкен Келес» магистралды каналының бойынан жыл соңына дейін салып, құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Жоба іске асқан жағдайда сағатына 2 мВт электр энергиясын өндіретін болады.
Атаулы инвестициялық жобаның іске асу барысын көру үшін аудан әкімі Азизхан Исмаилов инвесторлармен кездесіп, нысан басына арнайы барды. Іссапар барысында Мемлекет басшысының берген тапсырмалары аясында жобаның толыққанды орындалуын, мемлекет тарапынан қажетті көмектерді көрсету және басқа да біршама мәселелерді талқылап, тұрғындардың өтініштерін де жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында:
«Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі… Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды», деп айтып өтті.
Осы бағытта Қазығұрт ауданы әкімі Азизхан Исмаиловтың төрағалығымен облыс әкімінің нұсқауына сәйкес елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарының жоспарын әзірлеу бойынша арнайы жиын өтті. Жиында экономика ғылымдарының докторы, профессор Сыздықов Бейбіт Шалдарұлы аудан көлемінде көгалдандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндады. Сонымен қатар, бірқатар тың идеялар мен ұсыныстарын айтты. Жиын барысында ауыл округі әкімдері және басқа да жиын қатысушылары тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар айтылды.
Аудан әкімі Азизхан Азимханұлы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары бойынша тиісті мамандарға жұмысты жандандыруды, жиын барысында айтылған ұсыныстарды жүзеге асыруды тапсырды.
Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талаптарын орындау мақсатында Қазығұрт ауданы әкімі Азизхан Исмаиловтың аудан тұрғындарын жеке қабылдауы бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бүгін кезекті рет аудан әкімі тиісті бөлім және мекеме басшыларымен тұрғындарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады.
Қабылдауға Қазығұрт ауданы Қазығұрт, Қ.Әбдалиев, Тұрбат және Қызылқия ауыл округтерінің тұрғындары келді. Олардың басым бөлігі жол салу, көше жарықтарын орнату, тұрғын үй алу, арық-атыздарды ретке келтіру мәселелері төңірегінде өтініштері мен ұсыныстарын айтты.
Аудан әкімі Азизхан Азимханұлы көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтып, заңдылығын түсіндірді. Жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріп, орындалу барысын бақылауға алды.