КӨГАЛДАНДЫРУ МЕН АУЫЗСУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауларында ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін тұрғындарды сапалы инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы саласын жеткілікті ағын сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешуді, сол сияқты елдімекендер аумағында көріктендіру және көгалдандыру бойынша жұмыстарды жауапкершілікпен атқаруды жүктеген еді. Түркістан облысында ауызсу мен ағын су мәселелері облыс басшылығы бекіткен жоспарларға сай жүзеге асырылуда. Сол сияқты облыстың барлық өңірлерінде көріктендіру мен көгалдандыру бойынша да нақты шаралар белгіленген.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, онда екі мәселе қаралды. Біріншісі — елді мекендерді көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары туралы болып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алмас Абдуллаев баяндама жасады.
Жалпы, 2025 жылы көктем мезігілінде аудан көлемінде 25 мыңнан астам көшеттің бірнеше түрін отырғызу жоспарланған. Ал, өткен жылы аудан аумағына жалпы 50 мыңнан аса ағаш көшетті егілді. Аудан әкімі Жәнібек Есенұлы көшет егу жұмыстарымен қатар оларды күтіп-баптау шараларын тиісті деңгейде ұйымдастырмаған бірқатар ауыл әкімдерін сынға алды.
– Қазақта “Атадан мал қалғанша тал қалсын” деген қанатты сөз бар. Алдымызда көктем. Десек те, кейбіреулеріңізде дайындық жұмыстары сын көтермейді. Мысалы, біразыңызда егілетін көшеттерді суландыру жүйесі реттелмеген. Көшет отырғызылатын орындар да түпкілікті нақтыланбаған, — деген аудан басшысы мерзім белгілеп, жауапты бөлімнің мамандарына, ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ, аудан басшысы елді мекендерді көркейтуге, көгалдандыруға, келбетті жасыл желекке айналдыруға сол жердің азаматтары өз үлесін қосуы керектігін атап өтті. Екінші мәселе — су тасқынының, басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары туралы болды. Ол бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Ғани Қамбаров баяндама жасады.
– Келес ауданы аумағында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Сарыағаш өндірістік бөлімшесінің «Келес» өзенінің бойында «Ошақты», «Бес-Абдал» «Оймауыт» гидротехникалық құрылыстары орналасқан. Келес аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия мүшелерімен ағымдағы жылдың 9 және 10 қаңтар күндері визуалды зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында «Ошақты», «Бес-Абдал» «Оймауыт» гидротехникалық құрылыстарының жағдайы қанағаттанарлық жағдайда екені анықталды, — деді Ғани Қамбаров.
Аудан аумағында иесіз су қоймалары мен бөгеттер жоқ. Келес ауданында орналасқан «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Сарыағаш өндірістік бөлімшесіне қарасты «Ақылбексай» су қоймасына визуалды зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қазіргі таңда жалпы сиымдылығы 25,0 млн. м/куб су қоймасында 11 млн. м/куб су жиналған. Көктемгі уақытқа артық жиналытын суды қабылдауға дайын.
Өз кезегінде аудан басшысы барлық ауылдық округте алдын ала су тасқынына қарсы қабылданған шараларды есепке ала отырып, тіршілікті қамтамасыз ету және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін инертті материалдар мен материалдық құралдардың қажетті қорлары және эвакуацияланатын халықты қабылдау пункттері дайындау қажеттігін атап өтті.
Келес ауданындағы елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың жіті бақылауында. Осы орайда аудан басшысының төрағалығымен ауыз су саласындағы маңызды мәселелер сарапталды. Жиын барысында аудан аумағында құрылысы жүріп жатқан және өзекті болып тұрған нысандардың бүгінгі жай-күйі баяндалды.
Бүгінгі таңда аудандағы Ынтымақ, Жаңатіршілік, Үшағаш ауылдарындағы ауыз су нысанында мәселелер туындаған. Онда су құрамында құм және тұздың шамадан тыс көп болуы байқалуда. Осыған орай аталған нысандардағы мәселені шешу үшін Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй шаруашылық басқармасына ұсыныс хат жолданды.
Жиын барысында Ақжол, Қауыншы елді мекендерінде ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарындағы өзекті мәселелер сөз болып, түйіткілді шешу бағытында жобалар пысықталды. Аталған ауылдарға ауыз суды тасымалдау бойынша ауыл әкімдеріне тапсырма берілді. Аудан басшысы жауаптыларға қысқа мерзімде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және проблемалық мәселелерді шешу жолдары жөнінде нақты ұсыныс әзірлеп, ұсынуды тапсырды. Ауыз су тапшылығының алдын алуға қатысты тиісті жұмыстарға күш салуды жүктеді.