ОҚУШЫЛАР ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУДА БІРІНШІ ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ

Еліміздің барлық аймақтарындағыдай Түркістан облысында да Мемлекет басшысының жас ұрпаққа тәлім тәрбие, сапалы білім мен жан-жақты белсенділік қасиеттерін егу арқылы болашақтың лайықты мемлекетшіл азаматтарын өсіріп шығару қажеттігін туралы айтқандарын іске асыру бойынша нақты жұмыстар мен көптеген шаралар қолға алынуда.
Түркістан облысының білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылына арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» негізінде облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Жастар – нашақорлыққа қарсы» облыстық байқауы өтті.
Салауатты өмір салтын насихаттау бағытында өткен шарада сайрамдық оқушылар бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінді. Сайрам ауданына қарасты №93 Абылайхан атындағы жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушыларынан құралған «Рухты жалын» тобы жүлделі I орынды иеленді.
Қатысушылар шығармашылық және спорттық бағытта жақсы дайындықтарын көрсетіп, белсенділіктерін танытты. Соның ішінде эссе жазу, қаппен жүгіру, арқан тарту жарыстарынан сәтті өтіп, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Марапаттармен қоса, жүлдегерлерге қаржылай сыйақының сертификаттары табыс етілді.
Ал, Сауран ауданы әкімдігінің қолдауымен жастардың танымдық қабілетін арттыру, логикалық ойлау дағдыларын дамыту және білімге деген қызығушылығын ояту мақсатында «Білім бәйге» интеллектуалды сайысы ұйымдастырылды. Сайыс мақсаты:
Жастардың білім деңгейін көтеру;
Логикалық ойлау қабілетін дамыту;
Топтық жұмыс пен көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру;
Интеллектуалды орта қалыптастыру;
Байқау 3 кезеңнен тұрды:
Жалпылама сұрақтар – әртүрлі сала бойынша білімдерін тексеру;
«Шазам» кезеңі – музыкалық композицияларды тану;
Логикалық сұрақтар – жылдам ойлау және тапқырлық сынағы;
Сайысқа 8 команда қатысып, үздіктер анықталды:
1-орын: «Эверест» – білім мен тапқырлықтың үздік үйлесімі.
2-орын: «Power Puff» – интеллектуалды шеберлігімен ерекшеленді.
3-орын: «Жас ойшылдар» – логикалық ойлауымен көзге түсті.
Сайыс барысында жастар өз білімдерін шыңдап, жаңа достар тауып, ұжымдық жұмыс дағдыларын жетілдірді. Мұндай шаралар жастардың жан-жақты дамуына, білімге деген құштарлығын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен бірге Сауран ауданында жастар саясатын дамыту, көшбасшылық қабілеттерді шыңдау және талантты жастарды қолдау мақсатында «Жас көшбасшы» жастар форумы өтті. Іс-шараны аудан әкімдігінің Ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды. Форумның мақсаты:
Жастар саясатын жүзеге асыру;
Дарынды жастарды қолдау және оларды насихаттау;
Көшбасшылық қабілеттерді дамыту;
«Өзін-өзі басқару» ұйымдарының жұмысын жандандыру;
Шара жастардың көңілді флешмобымен басталып, эмоцияға толы семинармен жалғасты. Форумды ресми түрде Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Форум аясында жастар «Білім бәйге» интеллектуалды сайысында білімдерін сынап, логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті. Үздік деп танылған командалар арнайы марапаттарға ие болды. Қатысушылар үшін кофе-брейк ұйымдастырылып, форум концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Форумның қорытынды кезеңінде аудан әкімінің атынан ерікті және белсенді жастарды Алғыс хаттармен және арнайы төсбелгілермен марапаттады.
Мұндай форумдар жастарды біріктіріп, көшбасшылық қасиеттерін дамытып, оларды жаңа белестерге жетелейді.