МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ 90%-Ы ЭЛЕКТРОНДЫҚ ФОРМАТТА КӨРСЕТІЛГЕН

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі цифрландыру мәселесіне тоқтала келіп «Цифрлық технологияны жан-жақты енгізу қажет. Қазақстан цифрландыру ісінде, әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жетті. Бірақ бұл – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана. Толыққанды цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиіс, яғни, сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет.
Елімізде жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керек. Жыл соңына дейін оның кейбір тұстарын Электронды үкімет жүйесіне енгізу қажет. Бұл технологияны «Smart City» жобаларында кеңінен қолдану мәселесіне айрықша назар аударған жөн деді.
Түркістан облысында цифрландыру мен электронды технологияларды енгізу бойынша айтарлықтай жанды жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде мемлекеттік қызметтерді электронды форматта ұсыну бойынша да айтарлықтай жұмыстар жасалынуда.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің қоғам өмірінің барлық салаларын қамтитыны белгілі, соның ішінде азамат дүниеге келген кезден бастап барлық өмір сүру кезеңінде қызметтерді алу барысында мемлекетпен тығыз байланыста болады. Осы орайда Сайрам ауданында жергілікті атқарушы органдар өткен жылы халыққа мемлекеттік қызметтің 90%-ын электронды түрде көрсеткен. Бұл 25 мыңға жуық қызмет деген сөз. Ал барлық қызмет саны 27 492 болған. Бұл туралы Мемлекеттік қызметтерді алу бойынша ұйымдастырылған «тікелей эфир» барысында айтылды.
– Мемлекеттік органдардың ашықтығын көрсету мен халық қажеттіліктерін қанағаттандыру, заң шеңберінде тиісті уәкілетті органдар арқылы мәселелерді шешу және жүгінген азаматтарға құқықтық көмек ұсыну мақсатында әкімдіктің әлеуметтік желісінде тікелей эфир өтті. Аталған іс-шараға Сайрам ауданы әкімдігінің мемлекеттік қызмет көрсету саласына жауапты дербес бөлім қызметкерлері қатыстырылды. Эфир барысында аудан тұрғындарының мемлекеттен құрылыс және сәулет құжаттарын дайындау, тұрғын үй алу, жер құжаттарын заңдастыру, ауыл шаруашылық техникаларын алу және әлеуметтік көмектерді алу сияқты өзекті сұрақтарына тиісті сала мамандарымен жауаптар берілді, — деді аудандық ұйымдастыру-инспекторлық, ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімшесінің бас инспекторы Абзал Бектасов.
Айта кетейік, 2024 жылы Сайрам ауданында ең көп мемлекеттік қызмет түрі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, жер қатынастары және құрылыс, сәулет және қала құрлысы бөлімдері тарапынан көрсетілген. Бүгінде электронды үкіметті дамыту, халықтың компьютерлік сауаттылығын көтеру, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жақсарту, сол арқылы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде іске асырылуда.
Үкіметтің тапсырмасымен өңірлерде берілген жер телімдерінің пайдаланылуын қадағалап, пайдаланылмай немесе басқа мақсатта пайдаланылып жатқан жер телімдерін мемлекетке қайтару, жалпы жер ресурстарын түгендеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Сол сияқты берілген жер телімін заңды бұза отырып айдалануға да тосқауыл қойылуда.
Түркістан облысында 2023-2024 жылдар аралығында жер телімінде заңсыз ор қазған 17 азаматқа 1 651 875 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, 1 614 955 теңгесі өндірілді. Одан бөлек, 36 920 теңге мәжбүрлі түрде өндіру мақсатында сот орындаушыларға жіберілді. Сондай-ақ, заңбұзушылықты жою жөніндегі 17 нұсқама табысталды. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының міндетін атқарушы Жамбыл Сапарбеков мәлімдеді.
«Айта кету керек, шаруалар өз жерлеріне мал-жануарлар кірмеуі үшін жер заңнамасының талабын бұзып, белгіленген жер телімдерін айналдыра қазып тастайды. Қазіргі таңда осындай заңсыздыққа жол берген 6 азаматтың ісі сотта қаралуда. 2024 жылы 3 000 гектар жер заңсыз қазылған. Бұл жағдай облысымыздың 32 аймағында орын алып отыр. Облыс азаматтарына ескертетін жайт — заң жүзінде берілген жер телімін заңсыз пайдаланған адамдардың жерлері толықтай мемлекет меншігіне қайтарылады» — деді сала басшысы.
Сондай-ақ «Tasbaqa» табиғатты қорғау қорының өкілі Ғани Назарбек заңсыз траншеялардың табиғатқа тигізер кері әсерлері туралы баяндады.
«Жалпы заңсыз траншеяларды қазу мәселесі облысымызда 2019 жылы басталған болатын. Көктем мезгілі басталуымен бүкіл аймақта табиғат оянатыны белгілі. Жеке тәжірибемде көптеген төрт түліктің қазылған орларға құлап мерт болғанын көрдім. Қазіргі таңда жер иелеріне өзіне тиесілі аумақты қазу арқылы емес, темір сымдармен қоршау арқылы қорғану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде» — деді табиғат жанашыры.