КӘСІПКЕРЛЕРМЕН МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев әрдайым елдің әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамуының басты кепілі – шағын және орта бизнес екенін айтып келеді. Сондықтан да барлық деңгейдегі әкімдіктер мен тиісті атқарушы, құқық қорғаушы органдарға кәсіпкерлерге кәсібін дөңгелетіп әкетіп, ел дамуына сүбелі үлестерін қосу үшін мүмкіндігінше жайлы жағдай жасап, кедергілер мен туындаған заңсыздықтардан қоғап, заң аясында қолдау білдіріп отыруды тапсырған.
Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың төрағалығымен жергілікті кәсіпкерлермен мазмұнды кездесу өткізді. Жиын барысында кәсіпкерлікті дамыту, бизнес ахуалды жақсарту, азық-түлік, жанар-жағармай және сұйытылған газ бағалары сынды маңызды мәселелер талқыланды.
Қала басшысы шағын және орта бизнестің ел экономикасының тірегі екенін атап өтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға ниетті кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін жеткізді. Әкім өз сөзінде облыстық маңызы бар тасжол бойлары мен белгіленбеген орындарды ластайтын құқықбұзушылармен күрес күшейтілетінін жеткізді. Ол үшін биылғы жылы қала бойынша 300-ге жуық бейнебақылау камералары орнатылады. Осылай деген шаһар басшысы бірқатар кәсіпкерлерге ескерту айтты.
«Баршаңызды қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Әрбір кәсіпкерлік нысан иелері өзінің іргелес аумағына тазалық жұмыстарын жүргізгені жөн. Бүгінді таңда қала ішінде 300-ге жуық кәсіпкерлік нысан бар, алайда олардың тек 44-і ғана қатты қалдықтарды шығаруға жауапты мекемелермен келісімшарт жасаған. Алдағы уақытта айналасын бей-берекет қоқысқа толтырып, қала тазалығына немқұрайлы қарайтын азаматтарға шара көрілетін болады. Сондықтан, ортақ қаламыздың тазалығына жауапты болуға шақырамын», – деді Қайсар Зәкірұлы.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өзекті сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Қала әкімдігі кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретінін жеткізді.
Қала әкімі Қайсар Маңқараев тиісті сала басшыларымен бірге қаламызда орналасқан бірқатар саябақтарды аралады. Алдымен, қала басшысы «Жеңіс» саябағының абаттандыру жұмыстарын көрді. Жауаптыларға саябақты әрі қарай дамыту, заманауи үлгіге сай безендіру мен жарықтандыру жүйелеріне қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
Одан кейін, «Қасірет» мемориалы, «Арбат», «Батырлар алаңы», «Теміржолшылар» демалыс саябағының жай-күйімен танысты.
Қала басшысы нысандарды аралау барысында жауаптыларға саябақтарға санитарлық-тазалық жұмыстарын үнемі жүргізіп, тұрғындар демалысы үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, саябақ аумағына бейнебақылау камераларын орнатуды, жарықшамдарды ұлғайтуды тапсырды. Бұл өз кезегінде тұрғындар қауіпсіздігіне сеп болмақ.
Арыс қаласында жас ұрпақтың денсаулығы мен бұқаралық спортпен шұғылдануына да мейлінше көңіл бөлініп отырады. Қаладағы көпсалалы Спорт кешенінде волейболдан 2008-2009 жылғы жасөспірім қыздар арасында облыстық чемпионаттың ашылуы өтіп, жарыс басталды. Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан дүбірлі додаға 12 аудан мен қаладан келген 12 команда қатысуда.
Жарыстың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Жарыстың салауатты өмір салтын насихаттаудағы маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырушы түлектерге алғыс айтты.
Ол өз сөзінде мұндай шаралардың жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ зиянды әдеттерден аулақ болуға үлкен үлес қосатынын атап өтті.
Айта кетейік, турнир 8 ақпанда мәресіне жетіп, жеңімпаз және жүлдегер командалар арнайы кубоктармен және медальдармен марапатталады.