ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕР МЕН ШАЛА ТУҒАН НӘРЕСТЕЛЕРГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ КӨП

Түркістан облысында тұрғындардың денсаулығын сақтау, әсіресе, ана мен баланың денсаулығын қорғау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы да медициналық қызмет көрсету саласында облыста жоспарлы түрде көптеген іс-шаралар белгіленген. Оның ішінде ана мен баланы қорғау мен қолдауға, олардың денсаулықтарын жақсарту мен емдеуге, аурудың алдын алу бойынша да белгіленген шаралар аз емес.
Жаңа жылдың алдында облыста “Бір күндік клиника” – атты бірегей жобасы іске қосылып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өткен болатын. Облыстық №1 перинаталдық орталық базасында ашылған клиникада жүкті әйелдер ерте кезеңде диагностикалық тексеруден өтіп, туа біткен ахауларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
№1 Облыстық перинаталдық орталығының базасында «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы ресми түрде қосылды, онда жүкті әйелдер бір күнде «бір терезе» қағидаты бойынша перинаталдық диагностиканың барлық түрлерінен өтіп, зерттеулердің жылдам әрі дәл нәтижелерін ала алады.
Бірінші және маңызды қадам — дәрігерге уақытылы бару және жүкті әйелді жүктіліктің 10 аптасынан кешіктірмей есепке алу, бұл болашақта уақытылы зерттеп-қарауды қамтамасыз етеді.
Перинаталдық диагностиканың екінші қадамы жүкті әйелді бақылауды жүзеге асыратын дәрігерден жолдама алу және №1 Облыстық перинаталдық орталықтың Ұрықты сақтау орталығына бару болып табылады. Мұнда бір күнде сараптамалық кластағы аппараттарда ұрықтың скринингтік ультрадыбыстық зерттеуі жүргізіледі, содан кейін хромосомалық ауытқуларға тексеру үшін қан алу жүзеге асырылады.
Пациенттің өмір тарихы, ұрықтың ультрадыбыстық зерттеуі және биохимиялық скрининг деректерін салыстыру тұқым қуалайтын патологиясы бар баланың туу қаупін бағалаумен нәтиже беретін арнайы заманауи компьютерлік бағдарламамен жүзеге асырылады. Қауіп жоғары болған жағдайда, жүкті әйел сол күні генетиктен консультация ала алады.
Кешендегі жаңа тәсіл ықтимал патологияларды ерте кезеңде анықтауға және бір күннің ішінде ұрықтың өмірі мен денсаулығы үшін ең дәл болжамды алуға мүмкіндік береді.
Барлық зерттеп-қарау «Бір күндік клиника» жобасының шеңберінде мүлдем тегін жүзеге асырылады.
Жаңа жылдан бастапорталықта жүкті әйелдерді диагностикалау мен медициналық зертту-тексеру жұмыстары толыққанды жүзеге асырыла бастады. Бұл ананың денсаулығын қорғау отырып дені сау баланы өмірге әкелуіне көп мүмкіндік беретін жоба.
Баланы қорғау бағытында сол № 1 Облыстық перинаталды орталығында шала туған балалардың денсаулығын қадағалап, олардың шетінеп кетуіне жол бермей, біртіндеп толыққанды өмір сүруін қамтамасыз ету шаралары да жүзеге асырылады. Орталықтың білікті дәрігерлері мен медициналық қызметкерлері өздері өмірге жолдама берген шала туған нәрестелердің ауруханадан кейінгі өмірін де назардан тыс қалдырмай, бақылауында ұстайды.
Былтырғы жылдың соңына қарай аталмыш орталықтың ұжымының ұйымдастыруымен “Шала туылған нәрестелер күніне” орай үлкен салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты шараға дәл осы мекемеде мерзіміне жетпей туылып, тәжірибелі дәрігерлер жүргізген сапалы емнің арқасында бүгінде ата-анасының көз қуанышына айналған сәбилер қонаққа шақырылған. Балғын балапандардың құрметіне ұйымдастырылған жиынға арнайы келген аналар, сәби сүю бақытын сезіндірген дәрігерлерге ерекше алғыс білдірді. Шара барысында келген бүлдіршіндерді орталықтын бейінді мамандары тексеруден өткізді.
Шала туылған нәрестелерді № 1 облыстық перинаталды орталығының басшысы Жабағиева Салтанат Өсәтіллақызы құттықтап, әрбір сәбидін өмірі мен денсауылығы өте маңызды екенін айтып, шала туылған балалар ерекше күтімді қажет ететінін, оларға арнайы медициналық көмек пен ұзақ мерзімді күтім қажет екендігін айтты. Аналарына ерте босанудың алдын алудың маңыздылығын айтып өтті. Орталыққа әрбір келген ана мен туылған балаға сапалы медициналық көмек көрсету үшін, соңғы үлгідегі заманауи құрылғыларды пайдалана отырып, емдеу шаралары, күтіп-баптау жұмыстары сапалы түрде жүргізілетінін айтып өтті.
Былтырғы жылы, № 1 облыстық перинаталды орталығында бесжарым мыңнан астам сәби дүниеге келген. Оның ішінде бір мың бір жүз елуден астам нәресте мерзіміне жетпей. Олардың арасында жүз жиырмадай егіз бен төрт үшем де бар. Бүгінде шала туған нәрестелердің барлығы да орталықтың білікті дәрігерлерінің бақылауында. Бұл жұмыс билығы жылы да жалғасын табуда.