ЖЕТІСАЙЛЫҚТАР ЖАҢА БАСТАМАМЕН ҮЛГІЛІ ІС БАСТАДЫ

0
36

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясы науқандық жұмыс болып қалмай, қазақстандықтардың туған жерге, өз ауылына, қоршаған ортаға, экологияға деген құрметіне айналып, адамдардың бойында экологиялық мәдениет қалыптасып, қоқысты жинауды емес айналаға қоқыс тастамауды, талды қырқу емес, тал егуді әдеттеріне айналдыруына қол жеткізу қажеттігін айтып келеді.

Жетісай ауданының Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Мәжілісте аудан әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы Әлмеш өткен жылы жергілікті бюджет есебінен қала, кент, ауылдық округтерге алып берілген планшеттерді тиімді қолдану, мақсатты пайдадану жұмыстары бойынша баяндама жасаса, Жетісай аудандық аумақтық салық басқармасының басшысы Серік Жасұзақов «Таза Қазақстан» бүкілхалықтық экологиялық акциясына кәсіпкерлерді жұмылдыру арқылы бизнес нысандарының аумағын таза ұстау, көгалдандыру, абаттандыру мақсатында кәсіпкерлік нысан иелерімен атқарылып жатқан жұмыстардың барысына кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ, аудан басшысы кәсіпкерлік нысандардың айналасына жарықшамдар орнату, қала, кент, ауылдық округтердегі бизнес нысандарының санитарлық тазалық жағдайын жүйелендіріп, абаттандыру, көгалдандыру, көркейту жұмыстары мен ирригациялық жүйелерін қалпына келтіру, жер асты суы деңгейінің көтерілуінен аулаларды су басуының алдын алу, су қашыру жүйелерін жақсарту жұмыстарын жақсарту мәселелерін де назардан тыс қалдырмау керектігін ескертті.

«Тазалықты сақтау – бірінші кезекте өзіміздің, перзенттеріміздің денсаулығына жасаған қамқорлығымыз болса, екіншіден, мәдениеттілігіміздің айнасы.

Тұрғындарымыз қоқыс тастайтын орынды іздемеуі керек. Сол үшін сіздерге көп пәтерлі тұрғын үйлердің, жеке секторлардың маңына қоқыс тастайтын талапқа сай арнайы орындарды белгілеуді тапсырамын.

Алдымен сіздер халыққа қоқыс тастайтын орын белгілеңіздер, жағдай жасаңыздар. Содан кейін талап етесіздер. Тұрғындар арнайы орындар белгіленген соң да қоқысты көшеге тастап жатса заң аясында жауапкершілігін қараңыздар. Тәртіп пен талап – баршаға ортақ болуы тиіс» деген Серік Үсенұлы ауданның санитарлық тазалығын сақтауға байланысты арнайы қоқыс техникаларын қоқыс контейнерлеріне бейімдеп, санын көбейту, қоқыс тастауға арналған алаңшаларды талапқа сай жасау, бейнебақылау камераларын және жарықшамдарды орнату, халық көп жүретін көшелерге үлкен және кіші қоқыс жәшіктерін орнату, сауда қатарларынан шығатын қоқыстарды реттеу жұмыстарын, тұрғындар мен коммуналдық мекеме арасында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға арналған келісімшартты жедел түрде жасасуды тапсырды.

Жетісай ауданында өздерінің ауызбіршілігімен өзге округтер мен қала, кент тұрғындарына өнеге көрсетіп, туып-өскен ауылдарының көркейіп-көгалдануына білек сыбана кірісіп жүрген, санитарлық тазалық жұмыстарының жүйелі жүргізілуін қолдап тазалық эстафетасын қолға алған Ж.Ералиев ауылдық округі, Үтіртөбе елді мекенінің тұрғындары тағы бір игі істің бастамашысы болды.

«Туған жердің топырағы – бәрімізге қымбат» деп ұрандатқан елді мекен тұрғындары ауыл ақсақалдарының бастамасымен санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізіп, 0,90 гектар жерге 1500 түп қаратал көшетін отырғызды.

Үлгі боларлық шараға аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Қасымов Медет, аудандық мәслихат депутаттары Нұрбол Байтілесов пен Олжас Қаныбеков, аудан әкімінің орынбасарлары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Туған елге, ауылға қарайласып, ерте көктемде сенбілік ұйымдастырып, туған өлкенің көркеюіне мұрындық болып отырған азаматтардың тірлігі қашан да құптарлық бастама.

«Амандық болса, алдағы төрт-бес жылда бұл маң адам танымастай болып өзгеретініне сенімдіміз. Бастысы бауырлардың, ағайындардың ынтасы зор. Бір қуанарлығы – бұл іске жастармен қатар ауылдың үлкендері де атсалысып келеді» дейді ауыл ақсақалдары.

Сенбілік барысында ауыл ішіндегі арық көздері тазаланып, көшелер де ретке келтіріліп отыр. Ауыл азаматтарының арасында осындай іске қолдау көрсетіп, басы-қасында арнайы техникалармен көмек көрсеткендер де болды.

Ерте көктемде ауылдағы ағайын жазғы және күзгі тірлігіне ерте қамданып жатады. Алайда, кейде қолда барды ұқсата алмай, қала берді техника жетпей, кейбір істің қиюы кетіп жататыны тағы анық. Ал, мұндайда үтіртөбелік тұрғындардың бастамасы барлық елді мекендер үлгі алып, жалғастырар шара.