БАУ ЖӘНЕ БАЛЫҚ ӨСІРУМЕН АЙНАЛЫСУШЫЛАР КӨБЕЮДЕ

0
66

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы өңірлердің дамуына, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына, өндіріс орындарының ашылуы мен ауыл шаруашылығында шығынды аз қажет ететін, мол өнім беретін, нарықтың сұранысына жауап бере алатын өнімдер өндіру, өндірісті әртараптандыру мен кәсіпкерлікті көбейтуге байланысты екені анық. Сондықтан да Түркістан облысында жоғарыдағы талаптарға сай жұмыс жасауды қолға алған жергілікті азаматтар аз емес.

Қазығұрт ауданы облысымыздағы ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, аграрлы аудандардың бірі болып саналады. Осы уақытқа дейін, ауданда ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірнеше жобалар жүзеге асырылып келеді. Дәл осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін мемлекет тарапынан арнайы қолдаулар көрсетіліп келеді. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға ие болып отырған «MAXSIMUS FOOD» ЖШС Қызылқия ауыл округінде 60 гектарға қарқынды бау шаруашылығын жандандырмақ ниетте.

Қарқынды бау – заманауи технологияларды қолдана отырып, жоғары өнімділікке қол жеткізетін жеміс ағаштарын өсіру жүйесі. Қарқынды бау шаруашылығының артықшылығы алғашқы өнімді 2-3 жыл ішінде алады және суды үнемдейді, ағаштарға қоректік заттарды дәл жеткізу арқылы бағбандардың 3-4 есе көп өнім алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар 1 (бір) гектардан 40-70 тоннаға дейін өнім алуға болады Қарқынды бау шаруашылығы еліміздің Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстарында жақсы дамып келеді.

Жалпы құны 250 млн теңгені құрайтын Алматы — Ташкент күре жолының бойында орналасқан қарқынды бау шаруашылығы ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына оң серпін бермек. Қазіргі таңда қарқынды бау егілетін жердің жер бедері тегістеліп, отырғызылатын жеміс көшеттері іріктеліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Жоғарыда аталған қарқынды бау шаруашылығының жұмысымен танысу үшін аудан әкімі Азизхан Исмаилов Қызылқия ауыл округіне арнайы барып, атқарылып жатқан істерді көріп, жауапты мамандарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударып, осы саладағы маңызды мәселелерді шешу үшін нақты тапсырмалар жүктегенін және облыс әкімінің нұсқамаларын атап өтті, Қарқынды бау шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталып, жасалынып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, заң аясында қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Аталмыш жобаны 2025 жылы іске қосу жоспарлануда. Жоба қуаттылығы жылына 2400 тоннаны құрайды. Жоба іске қосылған сәттен бастап 32 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Сол сияқты ауданда балық шаруашылығымен айналысуға ниетті шаруалардың да қатары көбейіп келеді. Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Қызылқия ауылы округіне арнайы барып «KAZYGURT BALYK» ЖСШ-нің жұмысымен танысты. Жалпы құны 250 млн теңгені құрайтын аталған шаруашылық, алдағы уақытта 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Аудан әкімі кәсіпкерлерге балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмысты жандандырып, балық өнімі көлемін арттыру қажеттігін айтты. Осы бағытта жұмыс жасауға ниетті жергілікті кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетіп отыратынын жеткізді.

Қазығұрт ауданында балық шаруашылғымен айналысатын кәсіпкерлер саны артып келеді. Балық шаруашылығын дамытудың басты міндеттерінің бірі жаңа өндірістік қуаттарды құруға немесе жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды кеңейтуге инвестициялар тартуды ынталандыру үшін балық шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды жеңілдікпен қаржыландырудың жаңа тетіктерін қарастыруға мүмкіндік береді.

Балық шаруашылығын дамыту мақсатында қолға алынған бұл жобаны 2025-2027 жылдар аралығында жүзеге асыру көзделіп отыр. Аталмыш жоба балық өсіру мен өңдеу бағытында жұмыс жасайтын болады. Қазіргі уақытта балық шаруашылығын жүргізу үшін арнайы орын дайындалып, сазан балығының шабақтарын алуға келіссөздер жүргізілуде.

Айта кетейік, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, өңірде балық шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы топ құрылып, кәсіпкерлер мен шаруаларға мемлекет тарапынан бөлінетін жеңілдіктер (субсидия) бойынша түсіндіру жұмыстарын бастады. Арнайы құрылған жұмысшы топ өңірге қарасты 17 аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамыту мақсатында кәсіпкерлермен кездесіп, олардың өзекті мәселелерін анықтап, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаулар мен жеңілдіктерді алуға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізетін болады.