ЖЕТІ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ КӘСІПКЕРГЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БЕРІЛГЕН

0
46

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлермен бір кездесуінде «Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады.  Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс», деп кәсіпкерлерді қолдауда тың ізденістермен, жаңашылдықпен, бизнес өкілдеріне қолайлы жасау қажеттігін айтып еді. Түркістан облысында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдауларды ұсына отырып, олардың жұмыс жасауына жеңілдікпен, қолайлы жағдай туғызуға, көмектесуге ұмтылуда.

Түркістан облысында өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,33 трлн теңгеге жеткен. Ал, 2025-2028 жылдар аралығында облыста 2,1 трлн теңгеге 85 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар аясында мұнай-химия, машина жасау, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларында жаңа кәсіпорындар ашылады. Отандық кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету мақсатында «Бірыңғай кешенді бағдарламасы» арқылы 2024 жылдың өзінде 698 бизнес өкіліне 60,2 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Сонымен қатар, былтыр несиелердің пайыздық мөлшерлемесін төмендету үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден 16,2 млрд теңге бөлінген. Жалпы облыста 1 700 гектарды қамтитын 14 индустриалды аймақ пен 580 гектар аумақта орналасқан арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда кәсіпорындар үшін дайын инфрақұрылым ұсынылып, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған.

Сонымен қатар, «Шағын өндірістік парктер» құрылып, кәсіпкерлерге жеңілдетілген шарттармен дайын өндірістік ғимараттар беріледі. Бұл ғимараттарды нарықтағы бағадан 50%-ға төмен жалға алу немесе 3%-дық несиемен 7 жылға бөліп төлеу мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, өңірге шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында Түркістан облысы әкімдігі бірқатар ірі келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, Қытайдың «Лихуа Груп» компаниясы облыста ПВХ құбырларын шығару, мақта өңдеу және тігін фабрикаларын іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Чайна Энерджи» компаниясы жалпы құны 400 млн АҚШ долларын құрайтын күн электр станцияларын салмақ. Одан бөлек, Франция мен Қытайдың «КАТКО» бірлескен кәсіпорны Созақ ауданында уран өндіру кешенін іске қосады.

Сонымен қатар, 2024 жылы өңдеу өнеркәсібі саласы бойынша 585,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 113,1%-ды құрады. Ең үлкен өсімдер металлургия (125,1%), машина жасау (112%), жиһаз өндірісі (162,1%) саласында. 2024 жылдың қорытындысымен өңдеу өнеркәсібінде 37,2 млрд теңгеге 22 жаңа жоба іске қосылып, 985 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың ішінде, құны 2,5 млрд теңгені құрайтын «CaPable Group» итальяндық технология бойынша жөргектердің жаңа түрін өндіру, 1,1 млрд теңгелік «Borte engineering» ЖШС-ң Сүт өңдеу кәсіпорындарына арналған жабдықтар өндірісі мен 1,3 млрд теңгеге «JNRAY Group» ЖШС-ң тігін фабрикасы бар. Бұл жобалар ел экономикасын әртараптандыруға және импортқа тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді. Сондай-ақ, облыста өндірілген тауарларды Орталық Азия, Қытай және Еуропа нарығына экспорттауға мүмкіндік беретін логистикалық орталықтар мен сауда алаңдары дамып келеді.

Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов кәсіпкерлермен және кәсіпкерлік саласына жауапты мамандармен кездесті.

Кездесу барысында аудан басшысы аудан әкімдігі тарапынан жұмыс жасаймын, кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін азаматтарға немесе ісін кеңейтіп шаруасын ілгерілетуді қолға алған кәсіпкерлерге әрдайым Заң шеңберінде қолдау көрсетілетінін түсіндірді. Сондай-ақ, аудан әкімдігі, аудандық прокуратура, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалымен инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою мақсатында жүйелі шаралар қабылданғанын айтты.

Өз кезегінде кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындау қажеттігін жеткізді.

«Күш-жігерімізді жұмылдыра отырып, біз Төлеби ауданы әлеуметтік-экономикасын даму жолында бірлесе еңбек етіп, елеулі табыстарға және өзара тиімді ынтымақтастыққа қол жеткіземіз деп сенемін»,- деді аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы.

Ал, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылының тұрғыны Суфибеков Нұрлан есімді жеке кәсіпкер 2024 жылы ІІ лекте 1 миллион 476 мың 800 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, брусчатка өндірісін іске қосты.
Бүгінде ол сапалы өнімдерімен жергілікті нарықта танылып, 2 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Күніне 30-40 текше метр брусчатка шығаруда.
«Бұл шағын бизнес түрі аяқ жол, аулалар, саябақтар және басқа да құрылыс нысандарын көріктендіруге кеңінен қолданылады», – дейді Нұрлан Қасымбекұлы. Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Бұл кейіпкердің табысқа жету тарихы – әр азаматтың жаңа мүмкіндіктерге жол аша алатынының дәлелі. Мемлекеттік қолдауды дұрыс пайдалана білген азамат тек өзіне ғана емес, қоғамға да пайда әкелуде.