ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: ПОЛИЦЕЙЛЕР ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

0
37

Мемлекеттің жан-жақты және қарқынды дамуы үшін, қоғамдағы тұрақтылық сақталуы тиісті. Ал, ол үшін мемлекетте барлық аймақта және барлық деңгейде заң мен тәртіпке басымдық берілуі керек. Мемлекеттік орандардан бастап, жекеменшік, қоғамдық, саяси, басқа да ұйымдар мен бірлестіктер, қарапайым тұрғындар да республиканың қолданыстағы заңдарын құрметтеп, соған бағынуы, қоғамдық тәртіпті сақтауы қажет. Сонымен қатар мемлекеттік заңдылықты сақтау мен қоғамдық тәртіпті қадағалаушы органдар өз жұмыстарын ширатып, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етуге тиісті.

Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Есембекұлы Айтпаев заң мен тәртіп қағидаты аясында халықтың уәждерін тыңдап, кері байланыс орнату мақсатында қоғамдық қабылдау өткізді.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ғимаратында өткен қабылдауға Полиция департаментіне қарасты Тергеу, Өзіндік қауіпсіздік, Штаб, Криминалдық полиция, Жергілікті және әкімшілік полиция т.б. басқармалардың басшылары қатысты.

Кездесуді «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық маслихат депутаты Қалыйма Жантөреева жүргізді.

Қабылдауға алдын ала жазылған 30-ға жуық тұрғын өзінің көкейдегі сауалдарын қойды. Мәселен, Кентау қаласынан келген тұрғынның бірі жол көлік оқиғасы бойынша соттың шешіміне наразы екенін айтса, келесі бірі балабақшадағы бүлдіршін ұлының жарақат алып, сол мекеменің ұжымына қатысты іс қозғауды сұрады. Ал Түркістан қаласынан келген бір топ азамат көліктерін сатып алып, ақшасын қайтармаған автосалон иелеріне қатысты істің баяу жүріп жатқанын жеткізді. Әрбірінің мәселесін мұқият тыңдаған полиция басшысы, айтылған уәждердің оң шешілуі үшін жауапты полицейлерге сол сәтте тапсырмалар берді.

Шара соңында полиция полковнигі Бағланбек Есембекұлы: «Бүгінгі қабылдауға, аяқсыз қалған арыздарымен, жеке құрамның кейбір полицейлерінің іс-әрекетіне қатысты сын-пікірлерімен бірқатар тұрғындар келді. Әрбір уәж бойынша мұқият жан-жақты зерделеп, құқықтық көмек көрсетуді тапсырамын. Сонымен қатар халықпен тікелей диалог құру және ашықтықты нығайту мақсатындағы мұндай қабылдаулардың берері мол. Сондықтан біздің міндет – қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жол бермеу, осы жолда халыққа мінсіз қызмет ету»-деп сөзін қорытындылады.

Түркістан облысы Полиция департаменті Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы М.Асқаров, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Н.Мырзатаев, жеке құрам инспекциясының бастығы Д.Тұрлыбеков және Ішкі істер органдары Ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Жанқожаевтардың төрағалығымен жеке құрам қызметкерлеріне арналған маңызды жиын өтті.

Онда жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуы және моральді-психологиялық ахуалдың жай-күйі туралы кеңінен қозғалып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен болдырмау мәселелері бойынша ақпарат берілді.

Өз кезегінде ардагер Оспанғазы Балақожаұлы жеке құрам қызметкерлерінің санасында патриоттық сезім мен жоғары кәсіби, рухани — адамгершілік, қасиеттерін қалыптастыру мақсатында, әрбір сөзін ұлы ғұламалардың ой-пікірлерімен нақтылап жеткізді.

Сонымен қатар аға инпектор-психолог Мархабат Илесова Түркістан қалалық Полиция басқармасының жеке құрамы арасында моральді-психологиялық ахуалдың жай-күйін баяндап, «Өмір туралы жеті ақиқат», Айна» атты бейнероликтерді жеке құрам назарына ұсынды. Полицейлерге өз қызметіне адалдығы жолындағы мотивациялық бағытты нұсқады.

Ал, Сауран аудандық полиция бөлімінде 2025 жылдың 1 айында атқарылған жұмыстар бойынша жедел кеңес өтті. Кеңеске аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Алмат Абидинов, прокурор Алмас Асылбеков пен жеке құрам қатысты.

Жиында полиция бөлімі басшысының орынбасарлары полиция подполковнигі Д.Түймебаев, полиция майоры Д.Балданов, полиция майоры Т.Рүстемов полиция капитаны Е.Намазбаевтар өз салалары бойынша жеке құраммен атқарылған жұмыстарын жеткізді.

Жалпы аудан көлемінде былтырғы жылдың бір айымен салыстырғанда құқықбұзушлықтар саны 30%-ға азайғанын полиция басшысы айтып өтті. Сонымен қатар тәртіп сақшыларының қарқынды жұмыс жүргізуінің нәтижесінде құқықбұзушылықтың барлық бағыты бойынша едәуір азайғанын да назарға алды.

Жиын соңында қызмет көрсеткіші жоғары қызметкерлер марапатталып, шен табысталды.