ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

0
37

Үкіметтік емес ұйымдар – үкіметтен тәуелсіз жұмыс істейтін еріктілер тобы. Олар қоғамдағы мәселелерді көтеріп, шешуге тырысады. Осы орайда, Түркістан облысы, Сайрам ауданы әкімдігінде үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері кездесіп, бірқатар мәселелерді саралады.

Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Алипов ашқан жиында үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі және олардың мемлекеттік органдармен байланысын жетілдіру мәселесі талқыланды. Кездесуде мемлекеттің басты қағидаларын, мемлекет үшін салықтың маңыздылығы туралы сөз қозғалды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңына сәйкес үкіметтік емес ұйымдардың қызметі туралы мәліметтерді «ҮЕҰ Дерекқорына» ұсыну қажет екендігі айтылды.

Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы мемлекеттің қандай да болмасын бастамасын жүзеге асыру жолында үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобалардың халық үшін маңызы өте зор екенін атады. Кездесу қорытындысы бойынша әр тараптар бұдан әрі де ынтымақтастықта қызмет етіп, жақсы жоба бастамаларды жүзеге асыра беретініне сенім білдірді.

Облыстың Келес ауданында облыстық «Өнер құдіреті – мәңгілік» өнер фестивалі ұйымдастырылып, онда «Ұлы дала әуендері» ұлттық-аспаптар және «Сазды әуен» вокалды-аспаптар ансамбльдері байқауы өтті.

Байқауға облыс көлеміндегі барлық қалалар мен аудандардан ұлттық-аспаптар ансамбльдері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Қазылар алқасы үміткерлердің орындаушылық шеберлігін, дауыс диапазонын, музыкалық аспапта орындау техникасын, ән мәтіні мен әуеннің мазмұнын, сахна мәдениеті мен киім үлгілерін бағалады.

Бұл өнер сайысына Сайрам ауданының талантты ұжымдары да қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда «Ақсу» фольклорлық ансамблі І орын иеленіп, өзінің ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі мен жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлігін дәлелдеді. Сондай-ақ, «Ақсу әуендері» халықтық вокалды-аспаптар ансамблі ІІІ орынға лайық деп танылып, үлкен жетістікке қол жеткізді.

Бұл жеңіс – аудан өнерпаздарының еңбегінің, мәдениетті дамытуға қосқан үлесінің айқын көрінісі. Байқаудың басты мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу, аға буынның өнерін жастарға үлгі ету, мәдени шығармашылықты жандандыру болып табылады.

Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен аудандағы мәдениет және спорт саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы межеленген жоспарларды талқылауға қатысты мәжіліс өтті. Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Даулетхан Алашбаев баяндама жасады.

– Қазіргі таңда аудан бойынша 32 мәдениет ошағы халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Оның ішінде 39 үйірме жұмыс істеуде. Жалпы мәдениет ошақтарында өткен жылы жоспарлы және жоспардан тыс 331 мәдени іс-шаралар мен өнер байқаулары өткізілді. Сонымен қатар ауданда 10 спорт мекемелері тіркеліп жұмыс істеуде. Аталған спорт мекемелерде 18 спорт түріне 7 080 спортшылар қатысуда. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен жылы спорт мекемелері және демеушілер тарапынан 158 іс-шара өткізілген, — деді бөлім басшысы.

Аудан басшысы алдымен мәдениет саласындағы жұмыстарға тоқталып, рухани-мәдени орталықтарының жұмысының өз деңгейінде жүргізілмей жатқандығын қатаң сынға алды. Бұл бойынша аудан орталығымен қатар барлық ауылдық округтерде жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Мұнан соң спорт саласына тоқталып, мұндағы жұмыстарыңыздың басты көрсеткіші – спортшылардың жетістіктерімен бағаланатындығын айтты. Осы орайда бөлім басшысына ауданда ұлттық спорт түрлерін дамыту, қатысушылардың үлесін арттыру, тұрғындар арасында кеңінен насихаттау бағытында да нақты тапсырмалар берді.

– Қай кезеңде де елдің атын шығаратын мәдениет пен спорт екені баршамызға белгілі. Жалпы атқарылған жұмыстарды жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен алдағы жоспарларыңыз көңілімнен шықпады. Өз салаларыңыздағы мәселелерді толыққанды зерделеп, маған ұсыныңыздар. Орталықтағы мәдениет үйін жөндеуден өткізу бойынша құжаттамаларын әзірлеңіздер, — деді аудан басшысы Арман Сабитұлы.

Мәжіліс соңында аудан басшысы тиісті сала басшылары мен әкімдерге барлық мәдениет үйлері мен клубтардың, спорт мектептері мен кешендердің аумақтарында санитарлық-тазалық, абаттандыру жұмыстарын ұдайы жүргізуді тапсырды.