ЖӨНДЕУ ЖОСПАРЛАНҒАН 150 КӨШЕНІҢ 30-ЫНДА ЖҰМЫСТАР БАСТАЛДЫ

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы өңірлердегі инфрақұрылымдардың сапасына байланысты. Сол себепті бұл салаға ерекше назар бөлінуі керек. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының ішкі көшелерін жөндеу жобаларымен танысты. Өңір басшысы шаһарды аралап, жөндеу жұмыстары жүретін көшелерді көрді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен жауапты басшылар құрылысы жүріп жатқан және енді басталатын жобалар туралы баяндады.
Облыс әкімі Бейімбет Майлин көшесіне келіп, «Б.Майлин көшесін реконструкциялау» жобасын көрді. Бүгінде аталған құрылыстың жобалық-сметалық құжаты дайын. Биыл жүзеге асады деген жоспар бар. Тапсырыс беруші – Түркістан қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Жолдың ұзындығы – 1,96 шақырым. Жоба құны – 1 705,8 млн теңге.
Нұралхан Көшеров Ә.Жангелдин көшесіне барып, осында салынуы жоспарланған көпірдің жобасын көрді. Көпірдің ұзындығы 1,02 шақырым болса, жолдың ені – 14 метр болады деп жоспарланған. Құрылыс құны – 4 453,9 млн теңге. Облыс әкімі аталған жобаны қайта пысықтап, жүйелеуді тапсырды.
Облыс әкіміне жобалық-сметалық құжаты жасалған әрі қаржыны талап ететін жол құрылысы нысандарының жобалары ұсынылды. Олар жан-жақты сараланып, қаржыландыруға ұсынылмақ. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы атқаруды, әрбір мердігердің жұмысын қадағалауды тапсырды. Сонымен бірге қаланың дамуына оң серпін беретін жобаларға басымдық беру керектігін айтты.
Айта кетейік, Түркістан қаласы аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. 2024 жылы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдың ұзындығы 430,1 шақырымға (50,9%) жетті. 2025 жылы жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 95,4 шақырымды құрайтын 94 көшесінде ведомствалық сараптаманың оң нәтижесі алынып, 30 көшесінде жөндеу жұмыстар бастау алған. Сонымен қатар қазіргі таңда 43,1 шақырымды құрайтын 65 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында сметалық құжаттама әзірленіп, ведомствалық сараптамадан өткізілуде.
Жалпы жоғарыда аталған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, 845 шақырым жолдың 568,6 шақырымы асфальт жабындысымен қамтылып, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 67,3% жеткізу жоспарлануда.
Елдегі қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіз өмір сүруі елдімекендердегі заңдылық пен тіртіптің сақтаулуына байланысты. Түркістан қаласында қаланың криминогендік ахуалы мен құқықбұзушылықтың профилактикасы жөнінде мекемеаралық жиын өтті.
Жиынға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан қаласының прокуроры Кәукен Бахытбайұлы мен қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы, сондай-ақ прокуратура, полиция және әкімдік қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібінде өткен жылғы құқықбұзушылық пен криминогендік ахуалдың қорытындылары, оның ішінде ювеналды полицияның жұмысы мен көші-қон заңнамасының орындалуы, сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының тіркелу жағдайы мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Әзімбек Пазылбекұлы Түркістанның тарихи әрі туристік орталық екенін, қауіпсіздік шараларын күшейту — басты назарда болу қажеттігін айтты.
— Қаламызға басқа өңірлерден және шет елдерден зиярат етушілер мен туристік қонақтар жиі келеді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Осыған байланысты, құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жоғары деңгейде атқаруы тиіс,– деді қала басшысы.
Сонымен қатар, әкім қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін рейдтік шараларды күшейту қажеттігін атап өтті.
— Сауда орындары мен дүкендерде кешкі сағат 20:00-ден кейін алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу бойынша бақылау күшейтілуі керек. Қоғамдық орындарда полиция патрульдерінің санын арттырып, жол қауіпсіздігіне ерекше мән беруі керек. Түркістан қаласы тек мәдени және тарихи туризмнің орталығы ғана емес, сонымен бірге қауіпсіз қала болуы тиіс,- деп атап өтті Әзімбек Пазылбекұлы.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Түркістанда жәрмеңке жалғасын тапты. Тұрғындардың сұранысына байланысты бұл жолы Бекзат мөлтек ауданында өтті. Жалпы 19 түрлі әлеуметтік тауарлар нарықтан арзан бағада ұсынылды.
Өнім бағалары: Жұмыртқа – 40 тг/дана, Ас тұзы – 45 тг/кг, Нан – 70 тг/бөлке, Қырыққабат – 55 тг/кг, Пияз – 77 тг/кг, Картоп пен сәбіздің әрқайсысы – 100 тг/кг.
Сонымен қатар, күріш, қант, қарақұмық, бидай ұны, макарон өнімдері және күнбағыс майы да төмендетілген бағамен сатылды. Ет пен сүт өнімдеріне де 30-40%-ға дейін жеңілдік жасалды.
Жәрмеңкеге келген азаматтар қолжетімді бағалар үшін шынайы алғыстарын білдіріп, мұндай шараларды жиірек өткізуді сұрады.
«Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ (SPK Turkistan) және Түркістан қаласының әкімдігі көшпелі жәрмеңкелерді апта сайын ұйымдастырады.