САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
57

Тұрғындардың қолайлы да жайлы тұрмысында сапалы ауызсудың алатын орны ерекше. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасы мен Түркістан облысы басшылығының міндеттемелеріне сай облыстың өңірлерінде, әсіресе, шалғай және шөлейт аймақтардағы елдімекен тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Алмасбекұлы Қасымов, аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков Ж.Ералиев ауылдық округінің Үтіртөбе елді мекенінде қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан ауыз су ұңғымасының жұмысымен танысты.

Ауыл тұрғындарын сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті қазынадан қаралған 60 млн теңгеге биылғы жылдың қаңтар айында басталған жұмыстарды мамыр айында аяқтап, ел игілігіне тапсыру жоспарланған. Тиісті жұмыстар аяқталған соң 366 түтіні бар Үтіртөбе елді мекенінің 1832 тұрғыны тұщы су пайдаланатын болады. Бүгінде мердігер мекеме нысанның жобалық-сметалық құжаттамасында белгіленген 500 метр тереңдікті бұрғылап, тағы 200 метрді өз есептерінен қазып жатыр.

Аудан басшысы мен халық қалаулылары нысан басында мердігер мекеме өкілдерімен тілдесіп, атқарылған жұмыстардың сапасын тексерді. Жаңадан орнатылып жатқан «Мембрана» құрылғысының мүмкіндіктері мен жарамдылық мерзімін сөз етті.

Айта кетейік, бүгінде аудандағы қала, кент, ауылдық округтерге қарасты 105 елді мекен толығымен орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылып, 1197 шақырым ауыз су құбырларының 81,5 пайызы, 83 дана ауыз су ұңғысы, 85 дана ауыз су мұнарасы, 24 су сақтағыш, санитарлық қорғау аймақтары қанағаттанарлық жағдайда жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 4 нысанның, нақтырақ айтар болсақ, Жаңа ауыл ауылдық округінің Жаңа ауыл, Қарой, Ынтымақ, Атақоныс елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау жүйелерін салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Сол сияқты былтырғы көктемдегі орын алған төтенше жағдайдан кейін облыс аумағындағы көктемгі су тасқынына душар болуы ықтимал өңірлерде көктемгі су тасқынында төтенше жағдай орын алмауы үшін тыңғылықты дайындық жүргізуге міндеттеген болатын. Сонау ерте күзден бастап облыстың барлық қалалары мен аудандарында көктемгі су тасқынына алдын ала дайындық жұмыстары басталған. Ол жұмыстардың барысы жергілікті әкімдіктердің бақылауында. Бүгінде өзендерге жақын орналасқан елдімекендер мен еріген судан кемерінен асып кетуі мүмкін су нысандарының жағдайы мен төтенше жағдайға дайындық жұмыстарының сапасын тексеріп, қадағалу жүргізілуде

Отырар ауданы әкімінің орынбасары Қыдырбай Құнанбайұлы көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында аудан аумағындағы Сырдария өзені бойына жақын орналасқан елдімекендер мен су нысандарының жай-күйімен танысты.

Отырар ауданы прокурорының орынбасары Серік Ізтілеуов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мейрамхан Кемелхановтармен бірге ауыл округтерінің әкімдерімен және ағын су мамандарымен кеңесіп, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарын пысықтады.

– Ауа райының күрт жылынғаны сезіліп жатыр. Сондықтан су нысандарының жай-күйі қатаң бақылауда болып, кезекшілік тұрақты атқарылуы керек. Өзендер мен каналдардың бойы, арық-атыздар қадағалауда болады, – деді Қ.Сейітқұл.

Тексеру нәтижелері бойынша аудандағы су нысандарының деңгейі қалыпты жағдайда екені анықталды. Қазіргі таңда барлық су нысандарының жағдайы мен деңгейін бақылау мақсатында аудандық су тасқынына қарсы комиссия құрылған. Аудан әкімінің орынбасары жауаптыларға өзендердегі су деңгейі қалыпты жағдайда болса да, қауіпсіздік іс-шараларын күшейту жөнінде тапсырмалар берді.

Күні кеше ауданда өткен «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында да Отырар ауданының көктемгі су тасқынына дайындығының жағдайы тексеріліп, пысықталды.

Оқу-жаттығудың бірінші күні авариялық құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізу үшін орындар анықталды. Аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Құнанбайұлы және Отырар ауданы прокурорының орынбасары Серік Ізтілеуов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мейрамхан Кемелханов дайындық шараларын бақылауға алып, су тасқыны және олармен байланысты төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды пысықтады.

Оқу-жаттығу жұмыстары кезінде өрт сөндірушілер мен медициналық қызмет көрсетушілердің, электр қуатымен қамтамасыз ету, газ жүйесінің апаттық қызметі және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету қызметтерінің дайындығы да толық тексерілді. Бұған қоса азық-түлік және медициналық препараттар қорын құру мәселесі де жан-жақты қарастырылды.