ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

0
54

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Ел басшысының тапсырғанындай бүкіл аймақтарда, ең шалғай елдімекендерге дейін тұрғындардың денсаулығын қорғау мақсатында заманауи құрал-жабдықтары бар, білікті мамандармен қамтылған медициналық қызмет көрсету мекемелерін пайдалануға беру бойынша Түркістан облысында айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауына алынған.

Түлкібас ауданына қарасты Мақталы және Тастыбұлақ ауылының тұрғындары қуанышқа кенелді. Бұлай дейтініміз, аталған елді мекендерде көп жылдан бері тұрғындарды мазалаған мәселенің түйіні шешіліп, заманауи медициналық нысандар ел игілігіне пайдалануға берілді.

Қос ауылдың тұрғындарының қуанышымен Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев және аудан әкімі Асқар Естібаев бөлісіп, жаңа ғимараттарының ашылуымен құттықтады.

1600-ден астам тұрғыны бар Мақталы ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен 400-ге жуық халқы бар Тастыбұлақ ауылында білікті мамандар халыққа қызмет көрсетпек. Ғимараттардың ашылу салтанаттында ақ жаулықты аналар шашуын шашып, абыз ақсақалдар игі іске мұрындық болған жандарға изгі тілектерін білдіріп, ақ баталарын берді.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Атап айтсақ, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында, облыс әкімдігінің қолдауымен медициналық тіректі қажет ететін 12 ауылда заманауи медициналық нысан соғу жоспарлануда. Бүгінгі таңда олардың қажетті құжаттары рәсімделіп, әкімдік тарапынан жер телімдері қарастырылған.

Сондай-ақ, облыста балалар денсаулығын қорғау мен қолдау бойынша, оның ішінде орталық менталды бұзушылықтарының кемістігі бар мүгедек балаларға да сапалы қызметтер көрсетіп қолдау бағытындағы мүмкіндіктер де қарастырылған.

Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Қамқорлық» орталығы құрылды. Бұл орталық менталды бұзушылықтарымен мүгедектігі бар балаларға арналған әлеуметтік қызметтер көрсетеді.

«Қамқорлық» қоры және «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының жол картасын жүзеге асыру үшін Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен іске асырылып отыр. Ресми ашылуы биыл наурыз айына жоспарланған.

Орталықтың басты мақсаты – 3 жастан 18 жасқа дейінгі аутистік спектрі бұзылған және басқа да менталды бұзушылықтарымен мүгедектігі бар балаларға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №263 бұйрығы негізінде жұмыс істейді.

Орталықта әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, еңбекке балу және тағы басқа да бағыттарда бір мезетте 125 баланы қабылдай алады.

Қызмет алушы балалардың психологиялық жағдайын жақсарту үшін және мүгедектігі бар балаларды қоршаған ортаға бейімдеуге арналған заманауи үлгіде жасалған Финляндия, Жапония, Австрия мемлекеттерінен құрал-жабдықтар жеткізілген. Атап айтқанда, проекциялық интерактивті бөлме, сенсорлық бөлме, интеграциялық сенсорлық бөлме, лего робототехника бөлме, музыкалық бөлме, арт-терапия бөлмесі, тігін шеберханасы, ағаш шеберханасы, қыш шеберханасы бөлмелерімен жабдықтау қарастырылған.