ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛАР КӨЛЕМІ 37,4%-ҒА АРТҚАН

0
47

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік экономикалық дамуының қарқынын бәсеңдетіп алмаудың бірден бір жолы инвестиция тарту мен өндірісті әртараптандыру екенін айтты. Ол «Экономиканы әртараптандыру. Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек.

Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ.

Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту» деген еді.

Түркістан облысында өндірісті әртараптандыру мен ішкі және сыртқы инвестиция тарту бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның арқасында Түркістан облысында инвестициялар көлемі 37,4 пайызға артқан.

Бұл туралы брифингте ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық Статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрқожа Бекжанов мәлімдеді.

«2024 жылы облыстағы жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн 169 млрд теңгені құрады. Бүгінде жалпы өңірлік өнімінің нақты өзгеру индекстері бойынша елімізде Түркістан облысы 8 орында. Сондай-ақ, 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 трлн 334 млрд 886 млн теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 37,4%-ға артқан. Ал өнеркәсіп саласындағы инвестиция көлемі 428 млрд 512,1 млн теңге көлемінде. Одан бөлек, былтыр ауыл, орман және балық шаруашылығындағы инвестиция көлемі 179 млрд 481,6 млн теңгеге жеткен. Экономиканың дамуына байланысты және халықтың жағдайын жақсарту мақсатында жыл сайын жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға инвестициялар ұлғаюда. Осылайша, өткен жылы бұл салада негізгі капиталға салынған инвестициялар 45,9%-ға артқан. Сондай-ақ, облыста іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп құрылысы» бағдарламасы да инвестициялар көлемінің өсуіне оң әсерін тигізді. Білім беру саласына 134 млрд 522 млн теңге инвестиция салынды. Сонымен қатар, 2024 жылы Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда айналымының көлемі 1 млрд 310 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт– 1 млрд 104 млн АҚШ доллары, ал импорт – 206 млн АҚШ доллары»,- деді спикер.

Нұрқожа Ермекұлының сөзінше, республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымдағы үлесі бойынша Түркістан облысы 1-орынды алып отыр. Бұдан бөлек, республика бойынша Түркістан облысы ірі қара мал және қой саны жағынан да көш бастады.

Сонымен қатар, өңірде 2024 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 трлн 214 млрд 45 млн теңгені құраған. Өнеркәсіп өндірісінің едәуір үлес салмағы — тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндірілген өнім көлемі облыстың жалпы өнеркәсіп өндірісінің – 48,2% үлес салмағын алып отыр. Өндіріс көлемінің өсуі жиһаз жасауда – 62,1%, мұнай өнімдерін өндіруде – 49,9%, металлургияда – 25,1%, машина жасауда – 12%, өзге металл емес минералдық өнімдерді өндіруде – 7,5%, тамақ өндірісінде– 3%. Бұдан бөлек, облыс бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 536 млрд 152,1 млн теңгені құрады. Есепті кезеңде тұрғын үй құрылысына 216 млрд 580,1 млн теңге инвестиция салынған. 2024 жылы облыс бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 1 млн 153,3 мың шаршы метрді құрады.