КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖОБАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
34

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір Жолдауында мемлекеттің, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте жеке шаруашылық, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығын үнемі атап айтып келеді. Халық саны жағынан алдыңғы орындағы Түркістан облысында кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жоспарлы түрде үздіксіз жұмыс жасалынып келеді. Өйткені, жұмыссыздықты азайтуда жеке азаматтардың өз кәсібін ашуы мен шағын және орта бизнес өкілдерінің белсенділікпен жұмыс жасауы елеулі ықпал етеді.

Екінші мәселе — өңір экономикасы мен өндірісіне инвестиция тарту мәселесі. Мемлекет басшысы бұл жөнінде де инвестиция тарту бойынша жұмыстың қарқынын еш бәсеңдетуге болмайтынын, әрдайым ішкі және сыртқы инвестиция тартуды, өндірісті әртараптандыруды айтып келеді.

Бүгінгі таңда аудандағы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Аталған өзекті мәселенің шешудің негізгі жолы ол кәсіпкерлік саласын дамытып, сол арқылы қосымша жұмыс орындарын ашу. Бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтып, халықтың әл-ауқатын арттыру.

Осы орайда, Түлкібас ауданының әкімі Аскар Естібаевтың төрағалығымен инвестициялық штабтың отырысы өтті.

Басқосуда 2025 жылы ауданның даму жоспарына енген жобалардың іске асу барысы талқыланып, әр округ пен кент әкімдері өздеріне белгіленген аймақта ашылатын жобаларды таныстырып, қорғады. Оның ішінде мемлекеттен қолдау қажет ететіндері сараланды.

Кездесуді қорытындылаған аудан басшысы, өз ісін ашуға қызығушылық білдіріп отырған кәсіпкерлерге жерді жалға 1 жылға беру керектігін ескертті. «Егерде, кәсіпкер аталған мерзім ішінде өз кәсібін бастайтын болса, жалға беру уақыты ұзартылатын болады. Бұл өз кезегінде ұзақ мерзімге жер телімін жалға алып, пайдаланбай отыратын кәсіпкерлерден жерді қайтарып, нақты өз тірлігін жүргізуге бел буған азаматтарға жер телімін беруге ыңғайлы болмақ» — деді Асқар Сұлтанұлы.

Мемлекет басшысы ауыз суды үнемдеу керектігін Үкіметке тапсырған болатын, осы ретте Асқар Сұлтанұлы ауыз суды көп мөлшерде пайдаланатын көлік жуу орындары мен басқа да кәсіп түрлерін ашуға ниетті азаматтарға өз су ұңғымасын қазып алуын міндеттеу керектігін ескертіп, ауылға қажетті нысандарды ашуға басымдық беру және ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерді аудандық салық базасына тіркеу керектігін атап өтті.

Айта кетерлік, өткен жылдың қорытындысымен ауданда орта және шағын бизнес субъектілерінің саны (тіркелгені) 9 840 құрап, онда 13 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Олардың өндірген өнім көлемі 27 млрд. теңгені құрады.

Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында ағымдағы жылы жалпы құны 2 млрд. 200 млн. теңгені құрайтын 22 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Сол сияқты Түлкібас ауданының шығыс шекарасы Шақпақ ауылдық округіндегі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орын тепкен жол бойы қызмет көрсету орталығы бір мезетте 200 жолаушыға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы.

Өткен жылдың соңында толық іске қосылған 2 гектар аумақта орналасқан нысанда 2 асхана, 1 қонақ үй, монша және ауданымыздан шығатын жеміс-жидектерді сатуға лайықталған 15 нүкте бар. Кәсіпкерлік нысанда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Аталған нысанға аудан әкімі Аскар Естібаев жауапты орынбасарымен арнайы барып, жұмысымен танысты.

Кәсіп иесімен сұхбат құрып, газ құбырын жүргізуге қажетті құжаттарын рәсімдеу мен автотұрақ үшін жер телімін қарастырып беру бойынша өтінішіне заң аясында қолдау білдіретіндігін жеткізді.

Айта кетерлік нәрсе, кәсіпкер сол маңдағы Шақпақбаба ауылының жеміс-жидек сатуымен айналысатын азаматтарға арнайы сауда орындарын арендалық төлемсіз, тегін үйлестіріп берген.

Сонымен қатар, аталған кәсіпкер алдағы уақытта жолдың қарама-қарсы бетінен 40 сотық жер телімін қарастырып берген жағдайда дәл осындай жеміс-жидек сататын орын мен стандартқа сай заманауи әжетхана салуға демеушілік көрсететіндігін жеткізіп, оны да ауыл тұрғындарына тегін қолданысқа беруге дайын екендігін тілге тиек етті. Бұл бойынша аудан басшысы жауапты орынбасарына қолдау көрсету мақсатында нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан бөлек, Асқар Сұлтанұлы Жаскешу ауылдық округіндегі бой көтеріп жатқан дәл осындай жол бойы қызмет көрсету орталығына арнайы барып, жұмысын бақылады.

Жыл соңына дейін толық іске қосылуды жоспарлап отырған нысанның қазіргі таңда 80 адамға шақталған асханасының құрылысы аяқталған. Бұдан бөлек, бұл жерде 40 адамға шақталған қонақ үй және көлік жөндеу орнын салу да жоспарланып отыр.