ЖАУЫНГЕРЛЕР КЕЗЕКТІ ДАЙЫНДЫҚТАРЫН ЖҮРГІЗДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бүгінде әлемде көптеген құндылықтар мен қарым-қатынастар жаңа сипат алып, өзгеріп жатыр. Мемлекеттер арасындағы жағдайларда бұрынғы әлдемдік, халықаралық құндылықтар мен тәртіптерді құрметтеу деңгейі өзгеріп, жер шарының әр аймағында геосаяси ахуал бұзылып, кез келген сәтте мемлекеттің тыныштығына қауіп төну мүмкіндігі пайда болуда. Сондықтан «Бейбіт өмір сүргің келсе соғысқа дайындал» дегендей әр мемлекет шама-шарқынша өзін қорғауға, тұтастығын сақтап қалуға әрекет етуде.
Орталық Азия мемлекеттері арасында Қазақстан Республикасының Қарулы күштері алдыңғы қатардағы әскери күш саналады. Өйткені, Президент бұл салаға да көңіл бөліп, қару-жарақты жаңалаумен қатар, бүгінде локалды қақтығыстарда тиімділігін көрсеткен жаңа қару түрлерімен республика қарулы күштерін қамтамасыз ету, әскери озық техника мен технологияларды меңгеріп, әскери командирлерді сапалы дайындауға ерекше назар аударуда. Сол сияқты достас мемлекеттің әскерлерімен бірге жыл сайын бірнеше әскери-жаттығулар өткізуде. Соның бәріне қоса шекараны мығым ұстап, өз еліміздің әр аумағында Қарулы күштер әскери бөлімдерінің әскери оқу-жаттығуларын да жоспарлы түрде өткізіп, жауынгерлік дайындықтың сапасын арттыруға күш салуда.
Түркістан облысындағы «Дарбаза» оқу полигонында Қарулы күштердегі жауынгерлік даярлық жоспары шеңберінде алтыншы механикаландырылған бригада бөлімшелерін үйлестіру аяқталуда. Бұл кезең бөлімшелердің жауынгерлік атыс жаттығуларын өткізумен қорытындыланады. Бүгінгі таңда бригаданың тоқсанғаға жуық бөлімшесі жаттығулар бағдарламасын сәтті орындап, оған 158 мерзімді қызмет сарбазы қатысты.
Оқу-жаттығу барысында мамандық бойынша дайындықтан өткен және тактиканың теориялық негіздерін меңгерген жеке құрам штаттық қаруды қолдана отырып, шартты қарсыласпен ұрыс жүргізді. Әскери қызметшілер «шерудегі бөлімше», «елді мекендердегі ұрыс-қимылдар» және «қорғанысты ұйымдастыру» сияқты негізгі тақырыптар бойынша дағдыларды жетілдірді.
Оқу-жаттығу бағдарламасына әртүрлі жауынгерлік жағдайларды имитациялайтын сценарийлер де қосылды: әуе шабуылына тойтарыс беру, диверсиялық топтарды анықтау және жою, мина және жарылғыш тосқауылдарды қолдана отырып қорғаныс әрекеттерін жүргізу, сондай-ақ қорғаныстың алдыңғы шебінде жаудың көзін жою тәсілдері пысықталды.
– Бөлімшелердің жауынгерлік атыстарының негізгі мақсаты –командирлер мен бөлімшелерді атыс құралдарын нақты қолдана отырып, тиімді ұрыс-қимылдарын жүргізуге үйрету. Сабақ барысында шартты жау нысаналармен, имитациялық және басқа құралдармен белгіленеді. Атысты сауатты басқарудың және жауынгерлік бұйрықтардың нақты берілуінің арқасында командирлер қойылған міндеттерді ойдағыдай орындады, – деп атап өтті бригада командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары майор Ержан Сабырбекұлы.
Жауынгерлік атыс басталар алдында әскери қызметшілермен нұсқау-әдістемелік сабақтар өткізілді. Ұйымдастырылған оқу орындарында офицерлер мен сержанттарға бөлімшелердің жауынгерлік атыстарын өткізудің әртүрлі кезеңдеріндегі міндеттері туралы нұсқау берілді. Әскери қызметшілер қарулы қақтығыстардың заманауи тәжірибесін зерттеп, жеке құраммен жұмыс істеудің тиімді әдістерін қарастырды.
Сонымен қатар, әскер қатарына шақырылатын жасөспірімдерден шымыр да шыныққан жауынгерлер қалыптастыру үшін мектеп қабырғасынан бастап әскери-патриоттық тәрбиелеу, бұқаралық спорттың түрлерімен шұғылдануларына ықпал ету, Отан қорғау тарихы мен алдыңғы буын өкілдерінің әскери жетістіктері мен ерліктерін жасөспірімдерге насихаттау бойынша да жұмыстар жүргізіліп келеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оңтүстік Азиядағы көршілерден әскери қауіп төнуі мүмкін болған кезде Қазақстан өз әскерінің бір бөлігін бейбітшілік миссиясымен Тәжікстан-ауғанстан шекарасына аттандырған. Өйткені, еліміздің аумағында соғыс өрті тұтанбауы үшін көпші елдің шекарасынан болуы мүмкін әскери қақтығыстың бетін қайтару қажеттігін түсінген. Міне, 8 ақпан — қазақ әскерлерінің сол миссияны абыроймен атқарып, тәжік-ауған шекарасынан шығарылған күні.
Осыған орай, Төлеби ауданында «Басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері мен мүгедектері» ҚБ-ның бірлесе ұйымдастыруымен жиын өтті. Іс-шара Тәжік – Ауған шекарасынан Қазақстан бітімгершілік әскерінің шығарылғанына 24 жыл толуына арналды. Төлеби аудандық мәдениет үйінде тәжік-ауған шекарасында қаза болған әскерлердің рухына тағзым етілді.
Шараға аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров қатысып, бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен арнайы төсбелгі табыстады. Іс-шара Аққұм ауылдық округіндегі Қ.Тыныбеков жалпы орта мектебінде жалғасып, жасөспірімдер арасында қазақ күресінен облыстық ашық біріншілік өтті. Спорттық сайысқа Түркістан облысы аумағының 4 ауданынан 8 команда жиналып, 150-ге жуық жасөспірім өзара бақ сынады.
Спорттық сайыс қорытындысымен жеңімпаз атанғандар арнайы сыйлық, медальдармен марапатталды. Марқұм болған сарбаздардың рухына құран бағышталып, ас берілді.