БІР ЖЫЛДА 5 ЖАҢА ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ҚҰРЫЛДЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынын арттыру үшін бірінші кезекте әр өңірден экономикалық, индустриалды аймақтар құрып өнім өндіру мен инвестиция тарту мәселелерін жүзеге асырудың маңыздылығын айтып келеді. Барлық аймақтарға осы бағыттағы жұмыстарды белсенді жүргізіп, өңірлердің дамуын, сол арқылы бүкіл ел экономикасының көтерілуін қамтамасыз етуді жүктеген болатын.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру үшін Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, индустриалды аймақтарды дамыту және көбейту жұмыстар жалғасып жатыр. Өңірде 1 700 гектардан тұратын өңірлік маңызы бар 14 индустриалды аймақ болса, оның ішіндегі 5-еуі соңғы 1 жылдың ішінде құрылды. Сонымен қатар Арыс қаласындағы «Мега-Агат» және Ордабасы ауданындағы «Бөкей» компанияларының ұсыныстары бойынша 2 жеке индустриалды аймақ құрылып, жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылған индустриалды аймақтардың саны 16-ны құрап отыр. Ол өндірістік аймақтарда бүгінгі күнге 120 млрд теңгені құрайтын 82 жоба жүзеге асырылуда.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров индустриалды аймақтардың жұмысын жандандыру, жаңа жобаларды жүзеге асыру жөнінде мәжіліс өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады. Жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.
– Өңірде жаңадан құрылған және енді ашылатын индустриалды аймақтарды қажетті жермен, инфрақұрылыммен қамту жұмысын жүргізіңіздер. Жұмыс істеп тұрған индустриалды аймақтарға жаңа инвесторлар тартып, жобаларды көбейту маңызды. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма басшылары осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер. Жаңаша көзқарас, ізденіс, зерделеу жұмыстары қажет. Жерді алып, жұмысын бастамаған кәсіпкерлермен келісімді тоқтатып, жерді қайтару керек. Индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру, ретке келтіру мәселесі де назарда болсын, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов осы салада атқарылған жұмыстарды, көрсеткіштерді баяндады. Жаңадан ашылған және ашылуы жоспарланған индустриалды аймақтарды газ, электр, су және өзге де инфрақұрылыммен қамту, жер телімін алу мәселелері туралы айтты. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан және қала әкімдіктері жаңадан құрылатын индустриалды аймақтар бойынша ұсыныстарын берді. Жер телімдері инфрақұрылым нүктелеріне жақын орналасқан.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы өндірістік аймақтардағы жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, дайын металл өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі салаларына жұмылдырылған. 2024 жылы Өңірлік үйлестіру кеңесі тарапынан 18 инвестициялық жоба мақұлданып, индустриалды аймақтарға енгізілген.
Мемлекеттің экономикалық қуатын арттыруда ауыл шаруашылығы саласының да маңызы үлкен. Сол себепті саланың жыл онекі айда кезектесіп келіп отыратын әр науқанына тыңғылықты дайындықтар жасалуы қажет. Оңтүстікте қыс ызғары қайтып, көктемнің лебі сезіле бастасымен көктемгі дала жұмыстары басталуда.
Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көлемі өткен жылдан 26 мың гектарға ұлғайтылып, 896 мың гектар жерге егіледі. Оның ішінде, жаздық дақылдар – 518 мың гектар, күздік егіс – 204 мың гектар, ескі жоңышқа 174 мың гектар жерге егілмек. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне көктемгі дала жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды, шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
– Көктемгі дала жұмыстарына бекітілген жоспардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Кейбір аудандарда жер жырту, сор шаю жұмыстары төмен деңгейде атқарылуда. Мерзімінде аяқтауды тапсырамын. Өңірлік операторлар арқылы дизель отынын тұрақты босату, қажетті минералды тыңайтқышты ендіру, жоғарғы репродукциялы тұқымдармен қамтамасыз ету жұмыстарын қадағалаңыздар. Егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын ендіру жұмыстары күшейтілуі керек, – деген Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдерінің осыған қатысты уәждерін тыңдады.
Жиында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков баяндады. Оның айтуынша, бүгінде жер айдау жұмыстары 50 пайыздан асса, сор шаю жұмыстары 30 пайыздан аса орындалған. Көктемгі дала жұмыстарына 55,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлініп, босату жұмыстары басталды. Дала жұмыстарына 25 мың бірлік техника қызмет атқаруда. Осы жылы ауыл шаруашылығы техникалар паркін 6,5%-ға жаңарту көзделуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін 190 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізіледі. Бағдарламаға өтінім қабылдау басталды.
Тауар өндірушілерде жаздық дақылдардың қажетті тұқым көлемі жеткілікті. Нақтырақ айтқанда, егіске қажетті 4,3 мың тонна бидай, 6,7 мың тонна арпа, 1,8 мың тонна мақсары, 3,6 мың тонна мақта, және 0,9 мың тонна жоңышқа тұқымдары бар. Ал, жүгері және картоп тұқымдары коммерциялық ұйымдардан алынады. Мақта сапасын арттыру мақсатында жоғарғы репродукциялы 3,3 мың тонна мақта шиті Түркия, Өзбекстан, Қытай елдерінен импортталмақ.
Апталық мәжілісте Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы орындау мәселесі, «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысы және жылыту маусымының жай-күйі сараланды. Ұлттық жобалар аясында атқарылатын жұмыстар пысықталып, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берілді.