ЖАҢА ТЕМІРЖОЛ ЖЕЛІСІ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР АШАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ««Енді көлік-логистика инфрақұрылымына тоқталайық.
Транзит – жүк тасымалына қатысты халықаралық бәсекедегі біздің орасан зор артықшылығымыз. Мұны толықтай әрі тиімді пайдалануымыз керек.
Қазақстан арқылы өтетін темір жол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет. Бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ. Осы бағыттағы маңызды жобалардың біразы қазір жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала қамданып, жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беру керек» дей келіп республика аймағындағы теміржол мен автокөлік жолдары қатынастарын қарқынды дамыту, логистиканы жетілдіру, экономикалық жағынан тиімділік әкелетін темір, автожолдарды салу мен барларының сапасын, өткізу мүмкіндігін арттыру бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Түркістан облысының аумағында автокөлік және теміржол қатынастарын жақсарта түсу, сапасын арттырып, тиімділігін өсіре түсу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бар.
Соның бірі Түркістан облысында Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы. Ірі инфрақұрылымдық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатыр және республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған. Оның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу бекеті ашылады.
Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан арасында жүк тасымалының «Сарыағаш» мемлекетаралық торап станциясы арқылы өтеді. Жаңа теміржол желісін салу қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа жоба Түркістан облысының республиканың негізгі теміржол желісімен қосылуы есебінен оның дамуына ықпал ететін болады.
Жаңа теміржол құрылысы 3 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту үлесі 85%-ды құрайды. Дарбаза – Мақтаарал желісі Түркістан облысының шалғайда орналасқан Мақтаарал және Жетісай аудандарын Қазақстанның қалған бөлігімен байланыстыратын болады. 9 станция салынып, бұл теміржол Қазақстаннан осы аудандарға және сол аудандардан Қазақстанға жүктердің тікелей жіберілуін қамтамасыз етеді. Бұл осы аудандардың дамуына әсер етеді. Құрылыстан кейін олар жаңа серпін алады
Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Өзбекстанға келетін жүктер осы жолмен тезірек өтеді. Оған қоса Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі кептеліс азаяды. Соңғы жылдары жүк көлемі көп болды. Осы орайда олардың біразы уақытында берілмей жатады, себебі бұл буын мұндай жүк көлеміне арналмаған. Соңғы екі-үш жылда жүктеме күрт өскен. Құрылыс осы негізгі учаскенің жүктемесін азайтуға және жолаушылар пойыздарын басқаруға көмектеседі. Бұл теміржол тармағы іске қосылғанда жүк ағыны қосымша 10-14 млн тоннаға артады, болашақта 20-25 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін деп болжанып отыр. Бұл учаске Ташкент торабын айналып өтіп, жүктерді екі бағытта да тезірек тасымалдайтын болады
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жаңадан салынып жатқан «Дарбаза-Мақтаарал» темір жол желісінің құрылысы қызу жүруде. Қазір жұмысшылар Келес ауданына дейінгі аумақта жол салып жатыр. Бес ауданнан өтетін шойын жол Өзбекстанға дейін жалғасып, алыс жақын шетелдерге тауар тасымалдауға жол ашады. Теміржол құрылысы Сарыағаш ауданына қарасты Ердәуіт станциясынан басталып, 30 шақырым жерде жалғасып жатыр. Қазіргі таңда, арнайы техникалар жерлерді қазып, тегістеуде. Сонымен қатар, сай жерлерге топырақ тасталып, шойын жолдың орны дайындалуда. Ірі инфрақұрылымдық жобаның ұзындығы 152 шақырым. Темір жол өңірдің Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай мен Мақтаарал аудандары арқылы өтеді. Құрылыс жұмыстары екі кезеңде жүргізіледі. Құрылыс алаңында жүзден аса жұмысшы екі ауысыммен еңбек етуде.
Әлемдік стандарттарға сай салынатын шойын жол құрылысына 286 миллиярд теңгеге жуық қаражат бөлініп, 19 700 тонна рельс төселеді. Сырдария өзенінің үстінен ұзындығы 500 метрлік көпір жаңадан салынады.
Жаңа теміржол желісі республиканың көлік-транзиті «Сарыағаш – Ташкент» теміржол учаскесінен жүк тасымалын жеңілдетуге және Өзбекстан арқылы экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Яғни, транзиттік жол ашылып, отандық өнімдер ішкі Азия мемлекеттеріне, болашақты Үндістан мен Пәкстанға дейін тасымалданады. Шойын жолдың құрылысы келер жылдың соңында аяқталады деп жоспарланып отыр.