ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ҚОЛДАУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттің қарқынды дамуы үшін барлық деңгейде ішкі және сыртқы инвестиция тарту жұмысын жауапкершілікпен әрі нәтижелі атқарудың маңыздылығын айтқан болатын. Бүгінде бүкіл әлемде инвестиция міселесі маңызды болып отыр, сондықтан да бұл салада қол жеткен жетістіктерді кемітіп алмай, қайта қарқынды жұмыс жасалуы тиіс.
Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу прокуратура органдарының басты бағыттарының бірі болып айқындалған, сол себепті өңірдегі жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға қолдау көрсету, туындаған проблемалардың шешу жолдары жөнінде Кентау қаласының прокуратурасының ұйымдастыруымен жергілікті мемлекеттік бақылаушы органдардың қатысуымен жиналыс өткізілді.
Жиын барысында «Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жобасына енгізілген өзгерістер барысы таныстырылып, мемлекеттік органдарға прокуратура органдарының келісімінсіз инвесторды тексеруге, оның қызметін тоқтатуға, лицензиясын қайтарып алуға, әкімшілік жауапкершілікке тартуға және өзге де шектеу шараларын қолдануға жол бермеу керектігі жеткізілді.
Аталған заңдағы өзгерістерді сақтамау жауапкершілікке алып келетіндігі түсіндірілді.
Теріскейдегі Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне арналған бос жұмыс орны жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова жәрмеңкенің басты мақсаты азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту екенін атап өтті. Сонымен қатар, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында адал әрі жауапкершілікпен жұмыс істеген бірқатар коммуналдық сала қызметкерлерін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Сый-сияпат табыс етіп, құрмет көрсетті.
Созақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дулат Байзақов жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерге арналған бағдарламалардың тиімділігін арттыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат беріп, жәрмеңкеге қатысушы азаматтарды бос жұмыс орындарына орналасуға шақырды.
Кездесу барысында азаматтар мамандарға сұрақтар қойып, қажетті ақпараттар алды.
Айта кетейік, жәрмеңкеге пробация есебіндегі, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, алимент бойынша берешегі бар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар да қатысты. 23 жұмыс беруші мекемеден 168 жұмыс орны ұсынылды. Бұған қоса, Волковгеология акционерлік қоғамы №5 Геологиялық барлау экспедициясы, «KAPLOGISTICS» ЖШС «Орталықтандырылған автотасымалдау базасы» филиалы, «Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ, «Шолаққорған-Су» МКҚК өкілдері де қатысты.
Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов «Шымкентцемент» ЖШС-і өкілдерімен кездесіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында түзілген меморандум негізінде атқарылған жұмыстарды талқылады.
Мекеме меморандумда көрсетілгендей, Киелітас, Ақбастау, Алғабас елді мекендерін ауыз сумен қамту үшін ұңғыма қазып, Алғабас, Ақбастау елді мекендеріне заманауи спорт кешенінің құрылысын жүргізуі қажет болған. Құрылыс жұмыстары көрсетілген мерзімнен кеш аяқталуда.
Аудан басшысы кәсіпорын өкілдеріне меморандумдағы көрсетілген мерзім сақталуы керек екенін айтып, әлеуметтік нысандардың құрылысын 2025 жылы толық бітіріп, ауданға салық төлеуші ретінде тіркелуді ұсынды.
Кездесуге қатысқан тұрғындар өз тарапынан ұсыныстарын айтып, өтініштерін жеткізді. Әріптестік қарым-қатынасқа бағытталған кездесу қорытындысымен хаттама түзіліп, кәсіпорын иесіне арнайы хат жолданады.