КЕЛЕС АУДАНЫНДА ТҮЙЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздің негізгі ресурсы ретінде ауыл шаруашылығын атап, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын, ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар екенін айтып өткен болатын. Осы орайда Келес ауданында ауыл шаруашылығының маңызды бір саласы түйе шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді.
Президенттің мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамуы үшін өңірлерде барлық салаларды жұмысты жандандыру, өндірісті әртараптандыру, аз шығынмен мол пайда алуға болатын өнімдерді өндіру және олардың сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету үшін терең өңдеу қажеттігі туралы айтқаны белгілі.
Түркістан облысының әр аймағындағы географиялық әралуандықты облыс және жергілікті әкімдіктер тиімді пайдалана отырып, өнім өндіру саласын әртараптандыруда. Келес өңірінде халқымыз ұлық деп таныған, төрт түліктің төресі — түйе басы көбейіп келеді. Соңғы 4-5 жылдағы шатқаяқтаған шаруаның енді икемге келе бастағаны ауыл халқын қуантып отыр. Қазір келестіктер ойсылқара төлін еселеп қана қоймай, тұқымын асылдандыруға көшкен. Солардың бірі — Мархабай Есіркепов. Ол, 2022 жылы мемлекеттен 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, түйе сатып алған. Бүгінде шаруадағы ойсылқара төлінің саны 40-қа жетті. Кәсіпкер түйе сүтін сатумен айналысып отыр.
– Ибн Сина жарықтық «Адам ағзасына пайдалы шөптердің дені құмда өседі» депті ғой. Олай болса, құмды мекен ететін, сексеуіл мен жантақты қорек қылатын түйе жануарының сүтінің де емдік қасиеті мол десек, ағат айтқандық болмас. Оның үстіне біздің жұрт шұбаттың емдік қасиетін ежелден білген. Баяғының адамдары бауыр, өкпе ауруларын, асқазан мен ішек жолдарына жел байланып, ас қорыту нашарлағанда шұбатпен емдеген. Бүгінде атакәсіп өнімінің бірі – шұбаттың құнарын арттырып, жаңа деңгейге көтеру жобасымен шұғылданып жүрмін. Алдағы уақытта жобамды іске асырып, ауыл халқын жұмыспен қамту жоспарымда бар, – дейді Мархабай Есіркепов.
Айта кетейік, Келес ауданы негізінен аграрлы өңір болғандықтан мұнда егін және мал шаруашылығы дамыған. Ауданындағы жалпы жердің аумағы – 345 129 га құраса, оның 206 396 га жайылым жер болып табылады. Статистикалық мәліметке сай, ауданда жалпы 424 942 бас ауыл шаруашылық жануарлары тіркелген.
Сондай-ақ, келестік шаруалар биыл жұртты картоптан кенде қылмаймыз, деп отыр. Өңірдегі диқандар ауа райының қолайлы болып тұрғанын тиімді пайдаланып, ерте пісетін картоп сорттарын отырғызуда. Жергілікті шаруалардың айтуынша, бұл – өнімді ерте жинап, нарыққа бірінші болып шығуға мүмкіндік береді.
Жалпы өткен жылы Келес ауданында 1809 гектар жерге картоп егілді. Гектарына орташа түсімділік 224 центнерге жеткен. Жалпы, 2024 жылы 40 мың тоннадан астам картоп жиналған. Биыл бұл көрсеткішті арттыру жоспарланып отыр.
Республикалық «Әділ билер» Келес аудандық қоғамдық бірлестігі аудан халқының алдында жылдық есебін берді. Есеп беру жиынына Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев арнайы қатысып, ел ынтымағы мен бірлігі жолында атқарған жұмыстарына алғыс білдірді.
— Аудан аумағында жиналған «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері атқарушы билікке қолдау білдіре отырып, елдің арасындағы түйткілді мәселелерді оңтайлы шешуде. Қазақ билері әділ және елге сыйлы болған. Өз әділдігімен елге танымал болған қазақ билеріде бар. Ол сөзге шешен, ел арасынлағы дауды сотқа жеткізбей шешуге шебер болған. 3 жыл бұрын құрылған қоғамдық бірлестік көптеген үлгі боларлық істерді жүзеге асырып, көптің алғысына бөленді. Алдағы атқарылар жұмыстарыңызға сәттілік тілей отырып, әрбір бастаға жергілікті атқарушы орган тарапынан қолдау көрсетіледі, — деді аудан әкімінің орынбасары Даурен Нұрланұлы.
Айта кетейік, 2022 жылы Келес ауданы бойынша республикалық «Әділ билер» қоғамдық бірлестігі құрылды. Олар осы күнге дейін жер дауы, коммуналдық қызметкерлер мен тұтынушы азаматтар ортасындағы түсініспеушілікті оңды, әділ шешуге атсалысты. Сонымен қатар елімізде орын алған төтенше жағдай кезеңінде де елді бірлікке шақырып, жылу жинай білді. Жалпы, ұлттық дәстүрді жаңғырта отырып билер институтын қалпына келтірудің тиімділігі мол. Билер алқасы өз өңірлеріндегі қоғамдық тұрақтылыққа, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың қалыптылығына, ұлтаралық қарым-қатынастың дұрыс болуына да ықпал ете алады. Сол үшін билер алқасының жұмыстарын жетілдіріп, беделін арттыру түсу қажет.