САЙРАМ АУДАНЫНДА 5 ҚАБАТТЫ 47 ҮЙ САЛЫНАДЫ

0
44

Мемлекет басшысы тұрғын үйқұрылысының сапасын арттыру отырып, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етудің қарқынын арттыруды тапсырған. Соған орай, Түркістан облысы, Сайрам ауданында жаңа шағынаудан пайда болады. Аталған мәселе облыс әкімдігінде арнайы талқыланып, ұсыныстар мен жоспарлар тыңдалды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылысты сапалы атқаруды тапсырды.

– Бұл бастаманы қолдаймыз. Аудан әкімі жауапты басқармалармен бірге жұмысты жүйелі атқаруы керек. Бірінші кезекте инфрақұрылымды тарту қажет. Әрбір құрылыс нысаны, ғимараттар терең ойластырылып, сапалы салынуы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов жаңа шағынауданның жоспарымен таныстырды. Өңірдегі ең халық тығыз орналасқан әрі даму деңгейі жоғары ауданда тұрғын үй мәселесі өте өзекті. Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округі, Қарасу ауылындағы 57 гектар аумақта жаңадан құрылатын шағынауданда 5 қабатты 47 тұрғын үй (2820 пәтер), ауылдық әкімшілік ғимараты, тәулігіне 250 адам қабылдайтын заманауи емхана, Мәдениет үйі мен Жастар сарайы біріктірілген ғимарат, 600 орындық заманауи жаңа мектеп, 280 орындық балабақша, 6 коммерциялық нысан мен саябақ салу жоспарланған. Сонымен бірге мешіт салуға да орын қарастырылған.

Жобаның мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, тұрғын үйге мұқтаждығын азайту. Аудан әкімдігі тарапынан аталған нысандарды инженерлік-коммуникациялық жүйелерімен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттары дайындалған.

Комиссиялардың жұмыс жоспары пысықталды

Ал, Отырар аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, аумақтық мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жиынның күн тәртібінде аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың қасбеттерін реттеу туралы мәселе қаралып, аталған мәселеге байланысты аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Есінбек пен Шәуілдір ауыл округінің әкімі Ғалым Қыдырдың атқарып жатқан жұмыстары тыңдалды.

Киелі ауданымыздағы тарихи орындар мен «Арыстанбаб» кесенесіне зиярат етіп алыс-жақынан, шет елдерден келетін қонақтар алдымен аудан орталығы арқылы жүріп өтетіні белгілі. Осы орайда аудан орталығындағы жол бойында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттері көзге көрікті, көңілге қонымды болғаны жөн. Ал, Жібек жолы даңғылы бойындағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы пәтерлердің басым бөлігі кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылады. Аталған пәтер иелерімен, яғни кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ғимараттарды тиісінше күтіп ұстау және оларды (жөндеу, сырлау) қасбеттерін ретке келтіру сынды жұмыстарды атқарудың маңызы зор.

Аппарат мәжілісінде аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы күн тәртібіндегі мәселеге байланысты жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, көп қабатты тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың қасбеттерін ретке келтіру керектігін ескертті.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен маңызды жиын өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары және комиссия мүшелері қатысты.

Жиын барысында аудан әкімі басқаратын 4 комиссия мен әкім орынбасарлары жетекшілік ететін комиссиялардың 2024 жылғы атқарған жұмыстары пысықталып, 2025 жылға арналған жұмыс жоспарлары талқыланды.

Комиссиялар әр саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін құрылғандықтан, олардың жұмысының тиімділігі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Осы орайда, хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы мен алдағы жоспарлар қаралып, тиісті басшыларға нақты міндеттер жүктелді.

Аудан әкімі комиссиялардың жұмысы халық игілігіне бағытталуы тиіс екенін атап өтіп:

“Біз қабылдаған әрбір шешім, атқарған әрбір жұмыс аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталуы керек. Сол себепті, әр комиссия өз саласы бойынша тиімді әрі нәтижелі жұмыс істеуі қажет. 2025 жылға жоспарланған шаралар уақытылы әрі сапалы орындалуы тиіс,” – деп тапсырма берді.

Жиын соңында комиссия мүшелеріне жұмыс тиімділігін арттыру, хаттамалық тапсырмалардың орындалуын қадағалау және ауданның дамуына серпін беретін жаңа жобаларды іске асыру міндеттелді.